«МузАРТ» тобы ізбасарларын іздейді

«МузАРТ» тобы ізбасарларын іздейді
Фото: www.xmusic.kz

2016 жылы «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында осы жылдың үздік мега-жобасы – «МузАРТ LIVE» тұсауын кеспек. Қазақстан халқының сүйіспеншілігіне бөленіп, жүрегін жаулаған «МузАРТ» тобы ізбасарларын ел арасынан іздейді.

Байқау ұйымдастырушысы – «Қазақстан» РТРК АҚ. Мега-жобаның жүргізушілері белгілі актер – Азамат Сатыбалды,  жас актер, тележүргізуші – Нұрсұлтан Есжан және журналист – Дина Төлепберген. Продюсері – Ренат Гайсин.

«МузАРТ  LIVE» музыкалық тележобасына 16 жастан 25 жасқа дейінгі аралықтағы талантты ер жігіттер қатыса алады. Үміткерлердің музыкалық білімі болуы шарт емес. Сонымен қатар музыкалық талғамы мен орындаушылардың құрамына да (соло, дуэт, топ) мән берілмейді. Ең басты талап – қатысушы мемлекеттік тілде ән айта білуге міндетті.

«МузАРТ  LIVE» музыкалық байқауы 3 кезеңнен тұрады:

І кезең – Онлайн іріктеу (кастинг) 15 наурыз бен 15 сәуір аралығында өтеді (онлайн өтініш берген үміткерлердің жұмысы қаралады).

ІІ кезең – Аймақтық іріктеу «МузАРТ» тобының қатысуымен өтпек. Байқаудың аймақтық іріктеу кезеңі 10 мамыр мен 25 мамыр аралығында Қазақстанның 5 қаласында   Астана, Алматы, Атырау, Семей және Шымкентте өтеді.

Екінші кезең біткеннен кейін қазылар алқасы 2 аптаның ішінде байқаудың үшінші кезеңіне жолдама алатын 60 үміткердің есімін жариялайды. Ұлттық музыкалық тележобаның ІІІ кезеңі үміткерлерге телетүсірілімге қатысу мүмкіндігін береді.

ІІІ кезеңге өткен үміткерлер стиль, имидж, репертуар, хореография саласы бойынша ұйымдастыру комитетінен кеңес алады деп жоспарланып отыр. Ақтық сында бар-жоғы 6 адам бағын сынайды.

Қатысу ережесі бойынша толық ақпаратты www.kaztrk.kzwww.viamuzart.kz ресми сайттарынан, Жобаның @muzartlive_official ресми instagram парақшасынан алуға, сонымен қатар, онлайн өтініштерді show@muzart.kz поштасына жолдауыңызға болады.

Тек үздіктер үзеңгі қағыстыратын дүбірлі доданың куәсі болатын күн де алыс емес. Жаңа жоба – жаңа белесті Ұлттық арнада тамашалаңыздар! Ал әзірше, кастингке қатысуға мүмкіндігіңіз бар. Жоба үміткерлеріне сәттілік тілейміз!

Н. Үсенова