- Негізгі бет
- Музыка
- Димаш Құдайбергеновтың дауысы...
Димаш Құдайбергеновтың дауысы – әлемде сирек кездесетін "контральто"
Алдыңғы жазбамызда дауыс түрлері туралы жалпы танымдық ақпарат берген едік. Сол жазбаның жалғасы ретінде біз жарты әлемге танылған қазақ әншісі Димаш Құдайбергеновтың дауысын талдап көрейік.
Әйел дауысында ән айтатын еркек әншілер болады. Бұл дауыс түрі әлем бойынша сирек кездеседі. Табиғат берген дарынының арқасында жіңішке, жуан дауыста бірдей ән айта алатын әншілерді контратенор деп атайды. Ол – ән айтудың дамыған техникасын меңгерген әнші.
Сопрано дауысты әнші Майра Мұхамедқызы Димаш Құдайбергеновке арналған отандық бағдарламалардың бірінде былай дейді:
- "Ер баланың әйел адамның контральто, сопрано дауысымен ән айтуы қазақтың табиғатында бар ма?" деп менен сұрап жатады. Неге қазақта ондай дауыс жоқ? Ерік Құрманғалиев деген контральто болған қазақта, егер ондай керемет дауыс шығып жатса, бұл – қазақ өнерінің қазынасына құйылған үлкен байлық.
Майра Мұхамедқызы бағдарлама барысында Димаштың дауысына контральто деген баға береді.
Димаш ер адамның баритон, контратенор дауыстарында да, әйел адамның контральто дауысында да айта алады. Бұндай дауыс ерекшелігі вокал өнеріндегі құбылыс болып есептеледі. Жер жүзінде сирек кездесетін дауыс кеңдігі бүкіл әлемнің асыл қазынасына жатады. Бұндай бірегей дауыс – музыка өнерінің белгілі бір заңдылығына бағынбайтын өзгеше өнер. Еркектің дауысынан жоғары, әйелдің дауысынан төмен дауысты контральто деп айтуға болады.
Музыкалық білімі бар, кәсіби әншінің дауысы – 2 октава. Ал Димаштың дауысы – 4 октава. Өзінің айтуынша, 4,5-5 октаваға дейін жетеді. Қытай елінде өтіп жатқан "I am a singer" ән байқауының екінші кезеңінде Димаш "Опера – 2" әнін орындады. Бұл әнді орындау барысында әнші төс және бас регистрін қолданған. Тәжірибелі вокалистердің өзі қиналып қалуы мүмкін ноталарға Димаштың дауысы еркін жетті. Ән үш модуляциядан тұрды. Соңғы биік нота түпнұсқасынан 2 тон жоғары орындалды.
Бүгінде Димаш Құдайбергеновтың дауысын қарапайым көрермен: "періштенің дауысы", "бөгде ғаламшарлықтың дауысы", "адамның дауысы емес", "мың жылда бір рет кездесетін дауыс" деп бағалап жатыр.
М. Оңғарова