- Негізгі бет
- Музыка
- Айгүл Иманбаева: "Димаш...
Айгүл Иманбаева: "Димаш әлемге қазақ өнерін танытқан жауынгер"
Қазақ эстрадасының жұлдызы, танымал әнші, актриса Айгүл Иманбаева бүгінде ерекше даусымен әлемді тамсандырған талантты әнші Димаш Құдайберген жайлы пікір білдірді. Ол бұл туралы өзінің instagram парақшасына жазды.
«Димаш! Бұл есім – былтырғы жылы әлемге қазақ өнерін танытудың өкілетті елшісі болған жарқыраған жауынгерінің есімі! Димаштың бір жылда бағындырған биіктері мен кеңейткен көкжиектеріне көз түгіл көңіл жетпейтіндей... Дегенмен, адам баласының қолынан бәрі келетіндігінің дәлелі бұл. Ол ерінбей еңбектенген, талмай талпынған, үмітін үзбей армандаған жанның бәріне жететіндігін өз жетістіктерімен көрсетті. Димаштың сахнаға шыққан әр сәтін мен де Сіздермен бірге қадағаладым. Қайта-қайта қарадым... тамсандым... бірде жүрегім елжіреп, көкірегімді қуаныштың жасы қысты... бірде ойлы жанарынан сыр ұқтым... Бір сөзбен айтқанда, мен Димашқа жанкүйер болдым. Бір нәрсеге көзім жетті. Кез-келген адам баласының тағдыры о баста, «шыр» етіп, дүниеге келген кезде маңдайына жазылғанымен, сол жолды кім қалай кешеді өзіне және тәрбиесіне байланысты екен. Димаш – ата-әжесінің мейіріміне шомылып, әкесінің музыкаға баулуымен қанаттанған, анасының қарапайымдылығымен қаруланған бала. Сондықтан оның әр сөзінен еліне деген махаббаты сезіліп, әр ісінен музыкаға, өнерге деген адалдық білініп тұрады. Оның әр жетістігінің негізгі діңгегі – адамгершілік пен кішіпейілділік. Димаштың әлемдегі ең танымал жұлдыздармен бірге бір сахнада дуэтпен ән шырқауы қазақ өнерінің орбитасын кеңейтуде. Ол өзінің мәртебелі жетістіктерімен тыңдармандарының талап талғамын да сатылап көтеріп тастады. Және жас ұрпақ санасына саф өнердің қаншалықты құнды болатындығын құйып берді.
Димаш орындаған әр ән ғаламат туындыға айналып, қалықтай жөнелуінде нендей құдірет бар деп ойланып көрдіңіз бе?! Бұл – өнерге, музыкаға деген махаббат, шынайы әрі адал махаббат! Себебі, Димаш салған әндердің әр иірімінде оның жүрек лүпілі бар, өнерге деген өлшеусіз махаббатының жалыны бар. Барлықтарыңызға махаббат берсін! Себебі, Біз Абай атамыз айтқандай, «махаббатпен жаратылғанбыз», – деп жазды актриса.
Естеріңізге сала кетейік, Димаш жаңа жылды Қытай елінде қарсы алды. Оның әлемдік турне аясында шығармашылық концерті 5 қаңтар күні Фучжоу қаласында өтеді. Оның алдында 16 желтоқсан күні Чанша қаласында өткен еді. Сонымен қатар әнші "Әлем бойынша 100 ең сұлу адам" (The 100 Most Handsome Faces of 2017) қатарында 76-орыннан көрінді.
Ж. Жұмағұлов