Халық қаһарманы атанған жалғыз әнші – Роза Бағланова

Халық қаһарманы атанған жалғыз әнші – Роза Бағланова
Фото: google.com

"Халық қаһарманы" атағы еліміздегі ең жоғарғы дәрежелі марапат. Бұл атаққа Отанына ерекше құрмет көрсетіп, ел алдында игілікті іс тындырып көзге түскен, халқына аса көрнекті қызметі мен тәуелсіздік жолында жауынгерлік ерлік көрсеткен тұлғалар иелік етеді. "Халық қаһарманы" туралы заң 1993 жылы бекітіліп, атаққа ие болған адамға "Алтын жұлдыз" және "Отан" ордені қатар тағылатын болды. 1994 жылдың 23 мамырында, ең алғашқы рет «Халық қаһарманы» атағы Қазақстанның қарулы күштерін қалыптастыру жолындағы еңбегі үшін армия генералы, ҚР тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовке берілді. Ал, 1996 жылы бұл атақ халықты соғыста және бейбіт заманда ерекше дауысымен жігерлендіріп, рух сыйлаған өнер майталманына табысталды. Сонымен, "Халық қаһарманы" атағына ие болған Қазақстандағы жалғыз әнші ол – Роза Бағланова. 

Роза Тәжібайқызы 1922 жылы бүгінгі Қызылорда облысы, Қазалы ауданының орталығы Қазалы қаласында дүниеге келген. Қазақ арасында ғана емес, Кеңес Одағы мемлекеттерінің арасында есімі үлкен танымалдылыққа ие аңыз әншінің мектеп табалдырығындағы, студенттік кезеңіндегі өмірі өнермен, музыкамен астасып жатыр. Оқушы кезінен әнге құмар, әнді тұмар қылған Роза апамыз мектеп табалдырығын аяқтағаннан кейін Қызылорда педагогикалық институтына тапсырған. Бірақ, сол кезеңдегі ауыр тұрмысқа байланысты оқуды жалғастыруға жағдайы келмей, Ташкент қаласындағы тоқыма институтының сырттай бөліміне ауысады. 

Мектеп табалдырығында көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болған Роза Тәжібайқызы Ташкентке келісімен алыс ағайынының үйіне орналасады. Осы кезеңде шығармашылықпен тығыз байланысқан жас әншінің өзі армандаған өмір жолы басталды. Аулада қазақы қоңыр дауысыменен құйқылжыта ән салып жүрген қазақ қызын сұңғақ бойлы, әдеміше киінген орта жастағы азамат бірден байқайды. Есік қағып, дәл сол уақытта естіген әнінің орындаушысын іздейді. Орындаған – Роза Бағланова еді. Өрімдей жап-жас қыздың даусына қайран қалған бейтаныс азамат: "Ертең филармонияға келіңіз. Мен осы мекеменің басшысы боламын", - деп өзін таныстырып, Роза Бағланованың ән шырқаудағы қабілетіне қайран қалады. 

Өзі аңсаған өнердің ап-айқын жолы көрінді. Ендігісі, нық қадам жасау. Роза Бағланованың осылайша шығармашылық ғұмыры басталды. Ерекше дауысқа ие қазақ қызы Ташкентте көптеген жетістікке жетіп, сол заманғы өнерпаздар арасында танымалдылыққа ие болады. Тіпті, сол уақыттағы Өзбекстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Осман Юсуповтың өзі қазақ қызының даусына тамсанып, ризашылығын білдіріпті. Кейін, Ташкенттің қақ ортасынан 5 бөлмелі пәтер сыйлайды. 

Роза Бағланованың өнер саласындағы жеке шығармашылығы қалыптасқан шақта радиодан қаралы хабар таралды. "Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Герман әскері бүгін біздің елімізге басып кірді". Соғыстың өрті тұтанды. Қарапайым халық қайғыға, мұң, қорқынышқа оранды. Жауынгерлер сап түзеп, оқ жауған майдан даласында жаумен алысты. Ал, өнерпаздар кеңес әскерінің жігерін мұқалтпайтын, патриоттық сезімін оятатын, Отанға деген сүйіспеншілін арттыратын әуендерді орындады. Мың түспен әрленген декаративті сахнада емес, ап-ашық майдан алаңында. Дәл осы тұста, Роза Бағланова өз естеліктерінде былай дейді: "1943 жыл. Соғыстың қызған шағы. Кезекті концерт кезінде майдан даласында жауынгерлерге ән салып тұрмыз. Кенет фашистер минометпен атқылай бастады. Енді еңкейе бергенімде көзімнің алдында қараңғылық орнады. Көзіме снаряд жарқыншағы тиген екен".

Роза Тәжібайқызы осы жарақатқа байланысты көзіне бірнеше мәрте ота жасатты. Кейде мүлде көрмей қалатын кездері де болған екен. Бұл жайында композитор Кеңес Дүйсекеев: "1980 жылы Роза апайымыз Алматыдағы Республика сарайында үлкен концерт бермек болды. Осы концертке дайындық кезінде ол кісінің көзі дұрыс көрмей қалды. Мен бұл кешті болмайдыға жорыдым. Бірақ, ол кісі "Халық күтіп жүр, мен бәрібір де сахнаға шығуым керек" деп ақыры концертті өткізетін болды. Сахнаға шығардың алдында қарама-қарсы бетке үлкен прожектор орнаттық. Ол кісі сол жарыққа қарап ара-қашықтықты реттеп, бақылай алды. Сонымен қоса, сахнадан шыққаннан әр қадамын санап, өлшеп қойдық. Роза апамыз сол белгіленген, өлшенген аумақта ғана жүрді", - дейді Кеңес Дүйсекеев. 

90 жыл жасаған Роза Бағланованың 70 жылы шығармашылықпен байланысып жатты. Әлемнің 54 елінің сахнасында қазақ, орыс, венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, әзірбайжан және бірнеше тілдің әндерін нақышына келтіре орындады. Қай елде концерт берсе, сол кеште міндетті түрде сол елдің тілінде ән айтатын. Жергілікті жердің халқын осылайша құрметтеу арқылы өзі де үлкен ықыласқа ие болды. Кәсіби маман болса да, сахнаға шығарда дауыстың күтіміне қатты көңіл бөлген екен. Бұл жайында әнші, композитор Алтынбек Қоразбаев бір естілігінде былай деді: "Әпкеміз сахнаға шығуға 5 сағат қалғанда ас ішпейтін. Аздап шайдан ғана ұрттайды. "Апа, неге ішпейсіз?" - деп сұрасақ, "Тамақ ішкеннен кейін алқынып қаласың, тойып тұрғаннан кейін әнді еркін шырқай алмайсың" - дейтін". Мінекей, сахнаның киелі деп аталуы осыдан болар. Халықтың алдына шығардағы жауапкершілік, өзінің кәсібіне деген махаббаты осы бір сөздерден-ақ төгіліп тұр. 

Өміріне айналған өнер жолын Ташкент филормониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған Роза апамыз соғыс аяқталғаннан кейін кезекті бір шығармашылық сапармен Мәскеуге концерт қоюға барады. Кеңес Одағындағы бірінші нөмірлі қалада "Ташкенттен қазақ қызы ән салуға келді" деген хабар тарайды. Сол кезеңде Мәскеудің жоғарғы партия мектебінде оқып жүрген ақын Жұбан Молдағалиев та бұл хабарды естиді. Ести сала, қазақтың әнші қызын іздеп барған ақын Роза апамызбен жолығып: "Өзбек жерінде не бітіріп жүрсің, Алматыға қайт. Мен жоғарғы жаққа қағаз жазамын. Қазақтың сендей қызы басқа елде жүрмеуге тиіс", - дейді. Осы жағдайдан кейін Кеңес елдерінің арасында біршама абыройға ие болып үлгерген қазақ қызы туған елге оралады. 

1945 жылдың 9 мамырында Берлиндегі жеңіс концертінде ән салған қазақтың мақтантұтар қызы өнер жолында көптеген жетістікке жетті. Опера, эстрада жанрында ән шырқап, белсенді гастрольдік қызмет атқару арқылы қазақ өнерін шет елдерге дәріптеді, қазақ әндерін Одаққа насихаттады. Ол Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілерінің екінші конкурсының дипломанты атанды. Бухарест қаласында өткен жастар мен студенттердің II бүкілдүниежүзілік фестивалінің лауреаты болды. Дәл осы фестиваль аясында халық әндерін орындағаны үшін арнайы сыйлыққа ие болды. Еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға зор үлес қосқан Роза Бағланова сол үшін де Халық қаһарманы атанған. Одан бөлек, Ленин, Еңбек Қызыл Ту және Халықтар достығы ордендерімен марапатталып, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері атанды. 

Қазақ үшін Олимпиададағы бокс спорты бойынша 69 кг салмақ дәрежесінің орны бөлек, ыстық. Жетістіктіктің исі аңқып тұратын құтты салмақ дәрежесі. Роза деген есім де дәл сондай. Бағланова апамыздың ізін жалғаған Роза Рымбаеваның шығармашылық жолы бұған дәлел. Аз десеңіз, Роза Әлқожа сынды қазақ әнін жандандырып жүрген әншілер бар. 

Роза Қуанышқызы бір сұхбатында өз есімінің Роза деп аталу жайын ашып айтқан екен: "Қазақтың біртуар әншісі Бағланова Роза апамызға ұқсаған жұлдыз болсын деп, әнші болсын деп, осы апама ұқсауымды тілеп, ата-анам менің атымды Роза деп қойыпты. Ол кезде, яғни мен туған жылы апамыздың есімі бүкіл Қазақстанға, бүкіл Кеңес Одағына, тіпті шетелдерге әйгілі болып, жұлдызы өте жарқырап тұрған кезі ғой. Апамызбен сахнаға талай рет бірге шығып, өнер көрсетіп, ән шырқадық. Халқына еркелей білген, біз сияқты кейінгі жастарға тәлім-тәрбиесі мен өнегесін көрсете білген аса талантты апамызды өте құрметтеймін, сыйлаймын. Роза апайдың бәріміз күтіп жүрген тоқсанына жетпей бұл дүниеден аттанып кеткені қандай өкініш. Бірақ ол кісі қазақ әнінің бұлбұлы болып халықтың жүрегінде мәңгілік қалады. Әні, ешкімге ұқсамайтын дауысы, қазақ музыкасына қосқан үлесі, қазақ музыкасындағы орны, әншілік өнердегі орны ең жоғары деңгейде, бірінші сатыда тұрады". 

2011 жыл көңілге қимастық сезімін қатарынан орнатқан жылаңқы жыл болған сияқты. Қаңтарда қазақ Қадырдай ақынынан айрылды. Ақпанның аспанында қос бірдей жарқыраған жұлдыз ақты. Бірі – Әзілхан Нұршайықов, енді бірі – танымал қазақ жазушысынан 4 күн бұрын ерте қайтқан Роза Тәжібайқызы еді.

А. Қажиев