Димаштың концертіне келетін шетелдік қонақтар

Димаштың концертіне келетін шетелдік қонақтар
Фото: vk.com

Ел мақтанышына айналған талантты әнші, отандасымыз Димаш Құдайберген Астанада өткелі жатқан концертіне қатысатын шетелдік әншілерді таныстырды. Бұл туралы ол өзінің инстаграмдағы парақшасында хабарлады.

«Астана-Аренада өтетін Bastau атты кешіме аз күн қалды! Шығармашылығымды қолдап, бата беруге асыққан мыңдаған көрерменіме ризамын! Шоу-концерт алдында этика бойынша құрметті қонақ болып қатысқалы жатқан әншілерді таныстыруға рұқсат етіңіздер! Менің кешіме келген әр қонақ - еліміздің қонағы, сіздің үйіңізге келген қонақ деп қабыл алыңыз! Шын жүрекпен, достық ниетпен қарсы алайық!», - деп жазды ол.

Әншінің ресми өкілі Алпамыс Шәрімов та өз парақшасына кешке келетін қонақтардың тізімін жария етті. 27 маусым Димаштың "Бастау" кешінің құрметті қонақтары кімдер?! Сонымен...

Терри Лин - Қытай елі.

Қытай елінің ең жарық жұлдызы. "I am singer" жобасында Димашқа қарсылас бола жүріп, қамқорлығын танытып, Қытай елінің жұлдыздарының ішінде достық ниетін танытқан алғашқы әншілердің бірі. Димаштың туған күнінде жеке концерттік киімін сыйға тартып, арнайы тілегін де білдірді. Тіпті, Димаш Терри Линді "қытайлық өкіл әкем" деп атап та кетті. Көп мәрте азиялық марапаттардың жүлдегері Терри Лин 27 маусым "Бастаудың" құрметті қонағы!

Loreen - Швеция.

"Евровидение 2012" жылдың жеңімпазы, данс-поп, евродэнс жанрында ән шырқайтын танымал Еуропа әншісі. Атышулы Warner Music лейблымен серіктестікте қызмет атқаратын Лориннің 2012 жылғы "Heal" альбомы Еуропаның барлық ән шеруінде топ жарды. Еуропаның сәлемін бізге Димаштың ән кешінде Лорин жеткізетін болады!

Элит-Бекстор Софи - Ұлыбритания.

1997 жылдан бері шығармашылығымен айналысып келе жатқан әлемнің танымал әншісі. Көптеген танымал әндердің авторы, сазгер. Элис-Бекстор Софи Қазақстанға алғаш рет Димаштың жеке ән кешіне қонаққа келеді!

Кристина Орбакайте - Ресей.

Көрші елдің ыстық сәлемімен "Ресей Федерациясының Еңбек сіңірген әртісі", "Top Hit awards" марапатының жүлдегері Кристина Орбакайте Димаштың концертіне арнайы келе жатыр. "Славян базарында" Димашқа жеңіс сыйлаған әндердің бірі "Опять метель" әні Кристина мен Димаштың дуэтінде қалай шырқалады екен?! 27 маусым бірге тамашалайтын боламыз!

Сонымен бірге қазақ өнерінде өзіндік үлкен орны бар белгілі опера әншісі Майра Мұхамедқызы - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Ж. Жұмағұлов