Электронды сауда арқылы соғым да алуға болады

Электронды сауда арқылы соғым да алуға болады
Фото: Автордан

ІТ саласы түсінікті болса, ал осы бағыттағы кәсіпкерлік дегеніміз ол қандай бизнес? ІТ- кәсіпкерліктің өнімі қандай? Осы сұрақтарға жас кәсіпкер Айбек Жасыбаев жауап береді.

– Айбек, кәсіпкерлікке қалай келдіңіз?

– Мен Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының тумасымын. Үйдің тұңғышы болған соң мектепті бітіре сала жұмыс істеп, ата-анама қалай да көмектесуді көп ойладым. Қалаға келіп, сабақпен қатар екі қолға еңбек іздеумен болдым. Қызықтырғаны – бизнес. Тезірек көп ақша тапқысы келетін максималист жастардың қатарында едім. Кәсіпкерліктегі алғашқы қадамым  желілік маркетингтен басталды.

– Желілік маркетинг, қаржылық пирамида дегенде үрейіміз басым. Өйткені отандық нарықта желілік маркетингте алаяқтар көп болды, қаржысын салып, күйіп қалған адамдар қаншама? Сіздің тәжірибеңізде осындай құлдырау болған жоқ па?

– Желілік маркетинг дегенде халық қаржылық пирамидамен шатасытырып жатады. Бұл қаржылық сауатсыздықтан орын алады деп есептеймін. Желілік маркетинг ол да кәсіптің, сауданың бір түрі. Алайды бұл жерде де тез пайда табу деген қағида жоқ. Бизнестің басқа саласындағыдай мұнда да еңбектену керек, күту керек, жұмысқа берілу керек. Менің есепетеу, бизнес-жоспар құруға талпындырған, тіпті шешендік өнерімді қалыптастырған осы желілік меркетинг деп ойлаймын. Студенттік шағымды осылай өткізгеніме қуанамын. Қимыл бар жерде еңбек бар, еңбек бар жерде табыс бар деп есептеймін. Бұл да бір белес болды.

– Бүгінде қандай кәсіпкерлікпен айналысыз?

– Мамандығым – қаржыгер. Ал мен және мәнің командам ІТ-кәсіпкерлікті таңдадық және осы бағытта көптеген бастамалырымыз бар. Елбасы өз Жолдауында жастарғаүміт артады, сондықтан цифрлы Қазақстанды дамытуға үлесімізді қосқымыз келеді.

– ІТкәсіпкерлік дегеніміз не?

– ІТ кәсіпкерлік дегеніміз ІТ саласында халыққа қызмет түрлерін ұсыну, көрсету. Мәселен, біз жиі қолданатын элетронды сауда, онлайн дүкендер, телефонымыздағы кәдеге асып жатқан түрлі саладағы қосымшалар да ІТ-кәсіпкерлікке жатады. Отандық нарық үшін бұл бағыт әлі жетіле қоймады, нарықта жұмыс істеп жатқан қосымшалардың басым көпшілігі шетелдік өнімдер. Біздің пайымдауымызша бұл бағытта қазақ жастары жұмыс істеуі керек.

– Жалпы осы бағытты қолға алу идеясы қайдан келді?

– Достарымызбен танымал қытай кәсіпкері Джек Маның кәсіптегі жетістігіне, атап айтқанда «Али баба» қосымшасына қатты қызықтық. Бүгінде бұл индустрияның тұтынушылары миллиондап саналады. Сонымен бұл қосымшаны ішінен зерттей бастадық, өз бетімізше талдау жасадық, ерекшеліктері мен жұмыс істеу принциптерін сүзгіден өткіздік. Барлығын зерделей келе отандық нарықта да осындай қосымшаны әзірлеуді қолға алдық. Нәтижесі жаман емес. Қазақстандық тұтынушының мүддесіне негізделген «Сауда» атты қосымшаны ойлап таптық.

– Шетелдік өнім жаулап алған нарықта орын еншілеу қиынға соғып, бастама құрдымға кетпей ме?

– Қосымшамыздың басты ерекшелігі қанадй? Біз сатушыларды емес, сатып алушы, яғни тұтынушы мүддесін бірінші кезекке қойдық. Демек, ойын барысын сатушылар ғана емес, тұтынушылар да реттей алады. Өтінімдер сатып алушылардан да қабылданады, олардың сұранымы ескеріледі. Сонымен қатар біздің дүкен арқылы автокөліктер, жылжымайтын мүлік, азық-түлік, өзге тауарлар, тіпті соғымға да тапсырыс беруге болады.

– Қосымшаның аты ғана қазақша ма? Ішкі мазмұны қандай?

– Өте орынды сұрақ, интернет дүкеннің атауы «Сауда», электронды  қосымша үш тілде жұмыс істейді.

– Серіктестеріңізге кепілдік бере аласыз ба? Мәселен, интернет арқылы елді алдап кеткен жағдайлар көп.

– Біз әр серіктесіміз үшін жауап береміз. Кез келген тауар өндірушімен келіспес бұрын, оның жұмысын, нарықтағы беделін зерттеп аламыз, содан кейін екіжақты келісім жасалады.

– Отандық өнімді қашан пайдалана аламыз?

– Әзірге дайындық жұмыстары аяқталды. Жуырда электронды дүкеннің тұсау кесерін өткіземіз. Осыдан кейін толықформатта жұмыс істеуді бастаймыз. Болжам бойынша халық бірден біздің артықшылықтарымызды байқайтын болады. Қамту ауқымы Қазақстан және ТМД мемлекеттері болмақ.

– Кәсіпкерлік бастамалардан бөлек, биыл сіз «Атамекеннің» «Бастау Бизнес» жобасына тренерлікке өттіңіз. Жалпы жоба туралы қайдан естідіңіз?

– Бұл жобаға қатысуға досым ұсыныс жасады. Кәсіпкерлік бағытында айтарың бар, әрі үнем ізденіс үстінде жүресің. Енді осы бағытта да өзіңді сынап көрсеңші деді. Мен бірден келісіп, жобаға қатысуға өтінім жасадым. Іріктеуге өтіп, дайындық курсына қатыстым.

Көңіліңізден шықты ма?

– "Білетінім тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз" демекші, өзіме жоба басталмай жатып көптеген жаңалық аштым, мықты мамандармен танысып, пайдалы ақпарат алдым. Осындай замануи оқыту құралмен ауылға бару қуантарлық жағдай. Команда өте мықты. Жалпы оқыту әдісі, жаңаша көзқарас сұрапыл, тәнті болдым. 30 күн тегін оқыту, жоба қорғауға мүкіндік алу, жеңілдетілген несие, тіпті шәкіртақы да қарастырылған. Бұл белсенді ауыл тұрғыны үшін таптырмас мүмкіндік деп санаймын. Сөз соңында айтарым, жалпы мемлекет тарапынан жастарға арнап көп қолдау жасалып жатыр. Ал қалғаны жастардың өзіне байланысты. Абай айтқандай «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», өзіңді-өзін дамытуда жол тауып, мемлекет дамуына үлес қосуға әбден мүмкін. Іске сәт!

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Әлия Кемелбекова

Г. Берік