"Абай жолы" эпопеясындағы бала Абайдың тұлғасы

"Абай жолы" эпопеясындағы бала Абайдың тұлғасы
Фото: imobiliaremix.ro

Эпопеяның басты кейіпкері Абайдың нұрлы образы оқырманды толғандырып, ынтықтырып отырады. Алғашқы беттерден бастап Абай бойына тән тамаша қасиеттер тереңірек, молырақ ашыла түседі. М.Әуезов Абайдың өмірін қағаз беттеріне түсіруде ерекше танымдық танытады. Ерек жазу стилімен, өзіндік тіл шеберлігімен оқырман қауымға ұсынған осы бір туындыдан Абайдың өсу сатысын санамалау арқылы ол кешкен өмірдің тарихын түсінеміз.  Жасына жас, ойына ой қосылған шақтағы Хакімнің өмір баспалдақтарын аттағанын көреміз.

Ғ.Мүсірепов аңғарғандай: "Қайтқанда", "Қат-қабатта", "Шытырманда", "Бел-белесте", "Өрде", "Қияда" – әр бөлімнің аттары. Осыны біріне-бірін жалғап, бір саты етсең, қат-қабат шытырмандар арқылы бел-белеске, өрге, қияға келе жатқан Абайды көресің. Бұл – үздіксіз өсіп келе жатқан Абайдың жолы. Сонымен бірге, бұл – Құнанбайдың да баспалдақтары. Осы сатыларды төмен қаратып қойып, аяғынан басына қарай оқысаң, бұл жоғарыдан ылдилап келе жатқан Құнанбайдың жолы болып шығады. Бірі – көтерілу, бірі түсу, төмендеу жолы. Үшінші, бұл – Құнанбай тобының да, Абай тобының да жолы.

Абай – қазақ әдебиеті тарихында ғана емес, бүкіл қазақ халқының тарихындағы үлкен де өрен құбылыс. Артына ғаламат еңбек қалдырған бұл тамаша өнер иесі арқылы сол кездің тарихына бірге шомыламыз. Әкесінің қатаң талап етуі бойынша, сегіз жасар Абай туған ұясынан ұшып, әуелі молданың өктемдігіне, содан кейін мұсылманның діни оқуын оқытатын Семей медресесіне тап болады. Діни мектептің тиым салғанына қарамастан, Абай сонымен қабат орыстың бастауыш мектебінде оқиды. Орыс мектебінде үш ай оқығанда, ыждаһатты бала орысша оқу, жазуды үйреніп алады. Эпопеяда Абай алуан түрлі қыры бар, шытырман, қат-қабат өмір кешеді. Автор оны сол заманның сипатын белгілеген кесек те күрделі оқиғалардың қалың ортасында көрсетеді. Абай романның әрбір тарауында өсіп, кемелденіп отырады. Бірінші кітаптың ең басында Семейде оқып, аулына қайтып келе жатқан бала шәкірт Абайды көреміз. Қыс бойы қалада болған, ауылын қатты сағынған жас шәкірт асыға ынтығып келеді. Ол айналадағы кең дүниеге, туған өлкенің бедеріне «соншалық бір туысқандық ыстық сезіммен, кешіріммен қарайды. Жабыса, сағына сүйеді». Құнанбайлар азаптап өлтірген Қодар өлімінің үстіне шыққан Абай қатты жан күйзелісіне түседі, есінен адасқандай болады. Жайшылықта биязы, әдепті баланың  Жексенді желкеден түйіп: «Өй, кәрі малғұн... не деген имансыз едің, кәрі төбет!» − деуінің өзі-ақ оның «жүрегіне қан төгілгендей» болғанын айтпай-ақ білдіреді. Құнанбайдың Қодарды өлтірткенін өз көзінен көруі сергек, сезімтал баланы қатты толқытып, жанын жегідей жеді. Қодар өлімінің ауыртпалығын да, елде болып жатқан теңсіздіктер Абайдың сол жайларға толқынуы, сезінуі, әсерленуі арқылы да қоса біліп тани түседі. Болып жатқан оқиғаларға Абайдың жиі араласуы, соның жанында жаңғырып, ой-санасына із қалдырып отырады. Оның үстіне кейіпкер жай адам емес, ол – ұлы  ақын Абай. Сондықтан қоршаған ортадағы жайттарды тез қабылдағыш, сезімтал Абайдың түйсінулері арқылы берілуі әсіресе, заңды. Әке бейнесі Абайда бұрын әлі танылмаған белгісіз бір үрейлі жұмбақ сезім тудыратын болса, енді сол тылсым сыр ашыла басталғандай. Құнанбайдың Қодарды азаптап өлтіруіне Абай, әрине, қарсы болды. Бірақ сол ызалы сезімін, әке алдында ашық білдірерлік дәрмен Абайда әлі жоқ еді. Сондықтан да ішін өртеген мұң-наланы ол көз жасымен ақырын ғана шаяды. Оның әлсіз қарсылығы да сыртқа сол көз жасымен бірге шығады. Міне, осыдан бастап Абай әділетсіз өмірдің соққысына ұшырай береді... Жүрегі түршіккен жас бала ауруға шалдығады. Бұл тән ауруынан гөрі жан ауруына, рухани күйзеліске жақын. Бұл аурудан Абайды бейне Барлас ақынның жыры мен кәрі әже Зеренің ертегілері сауықтырғандай. Осы бір эпизодты автор әншейін бере салмаған. Жас Абайды рухани науқастан айықтырған өлең-жыр – онымен өмірлік серік болады. Есейген шақтағы Абайдың күрес құралы еткені де сол. Романдағы негізгі қақтығыс Абай және ол бастаған еңбекші халық өкілдері мен Құнанбай және соның жолын қуушылар арасындағы тартысқа құрылған. Рас, Абай әкесіне бірден қарсылық көрсете алмайды. Ол бұл дәрежеге біртіндеп көтеріледі. Қолында билік тізгіні бар әкеге қарсы шыққанмен бұғанасы қатып, бойы бекімеген жас бала ештеңе бітіре алмас та еді... Басқа балаларындай емес, Абайдың бойында қайрат пен ақыл мол екенін көреген әке де жіті байқаған. Өз  үйінде мәслихат құрып отырған ел жуандарына ол:

«Одан да не күтсеңдер, осы жаман қарадан күтсеңдерші!» –­ дейді Абайды нұсқап. Ішкі есептері мен ой түйінін жаты түгіл жақынына да ашық сездірмей, тек реті келгенде қас-қабағымен, емеурінмен ғана танытатын Құнанбай мұндай дәріптеуді Абайға көңілі тойып, әбден разы болғандықтан айтып отыр. Оқуда жүрген Абайды ерте елге қайтарып алғанда да, Бөжей, Байсалдар мен Қодар жайымен әңгіме еткенде де, баласын өз  жанына шақырып алғанда да Құнанбайдың ішке бүккен есебі бар. Ол баласының кісі көріп, ел танып, сөз біліп өсуін ойлайды. Осы мақсатпен ол Абайды дау-шар жайымен талай адамдарға жұмсайды. Осының бәрін жасағанда Құнанбай Абайды өзіне жәрдемші, сүйеніш, ал түптеп келгенде орнын басатын мұрагер етуді көздейтінін жас бала да байқамай қалмайды. Әке ауқымымен ел ісіне, сөзге осылайша ерте араласуы Абайдың өзін де тез есейтеді. Әке кім және үзеңгілестері қандай жандар, ел ішінде «игі жақсылар» аталып жүргендер кімдер екенін, олардың анық сырын Абай жас та болса жете аңғарады. 

Е. Жұмабайұлы