"Алғаш дүкенім көліктің жүксалғышы болды" - Ұлттық нақыштағы киім сататын кәсіпкер

"Алғаш дүкенім көліктің жүксалғышы болды" - Ұлттық нақыштағы киім сататын кәсіпкер
Фото: Yernar Almabek

Шағын және орта бизнесті дамыту - еліміздің алға қойған мақсаттарының бірі. Себебі бұл кәсіпкерлікті дамыту экономикалық өрлеудің басты талабы саналады. Кез келген елдің шағын кәсібі дамыған сайын халқының экономикалық әл-ауқаты көтеріле түседі. Елімізде де шағын және орта бизнеспен айналысып жүрген іскер жастарымыз баршылық. Солардың бірі - ұлттық нақыштағы киімдер сататын Елжан Қажымұхан. Ол екі жылдың ішінде өз брендін қалыптастырып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

Қажымұхан Қамбарұлы - 1991 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Алматыдағы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде бакалавр, магистратура бойынша оқыған. Білімін Мысырда толықтырған. 8 жыл еліміздің түрлі өңірінде имам қызметін атқарған.

– Кәсіпті қашан бастадыңыз?

– 2020 жылдың басында аштық. Ол кезде карантин басталмаған еді. Пандемия бәріне қиын болды. Оны біз де айналып өте алмадық. Әркімнің өз несібесі болады ғой. Оның үстіне, басында айналым да көп болған жоқ. Қызметкерлеріміз де аз болды.

– Неге ұлттық нақыш бағытындағы кәсіп?

– Бұл кәсіп емес, әлеуметтік жоба. Мен оған кәсіп деп қарамаймын. Мына келіп жатқан адамдар оған дәлел. Еліме өз үлесімді қосқым  келеді. Қайбір жылы Мысырда болдым. Исламтану бойынша Каир қаласында оқыдым. Сол жақта қырғызды көрсең, басынан айыр қалпағын тастамайды, өзбекті көрсең, ала тақиясы басында. Бізде ғана нақты нәрсе жоқ екен. Кейін ойландым, бұл киімді кисе алыстан келе жатқан адамды түрінен емес, үстіндегі киіміне қарап қазақ екенін білсе дедім. Сөйтіп, дизайнерлермен ақылдастым. Көп ойланып, жұмыс істеудің нәтижесінде ұлттық нақыштағы киімдерді сататын Elzhan бренді қалыптасты. Атын бұлай қойғаным Ел+жан елдің жаны деген мағынаны береді. Оның үстіне, ол менің тегім. Ұжыммен ақылдаса келе солай деп атауға шешім қабылдадық.

– Қазір ұжымда қанша адам жұмыс істейді?

– Қазір дәл осы дүкенде 10 қызметкер бар, цехтағыны қосқанда одан көп.

Төре шапан

– Киімдер қалай тігіледі?

– Киімді өзіміз тігеміз. Өзіміздің арнайы цехымыз бар. Арнайы дизайнермен кесіп-пішіп, матасын дайындап, технологпен ақылдаса отырып, бір нұсқасын жасап көреміз. Болмаса екіншісін дегендей...

– Қоғам қазір қалай қабылдап жатыр?

– Өте жақсы. Біз бұлай болады деп ойламадық. Кез келген кәсіпкермен сөйлессеңіз, мынадай деңгейге 1-2 жылда шығып кету өте қиын екенін айтады. Басында әлеуметтік жоба дедік. Пайда көрейін деп те ойламадым. Бірақ елдің сұранысының арқасында осылай боп кетті. Мысалы, өткенде бір шапанның дизайнын ойлап, оған күлапара (капюшон) қосып тіккен едік, 40 данасы бірден өтіп кетті.

– Шапанның қандай түрлері бар?

– Шапанның қазір бізде үш түрі сатылымда бар. Төртіншісі биыл шығады. Атауын өзіміз қоямыз. Мына жерде бірінші тұрған шапан – "Хан шапан" деп аталады. Екіншісі – "Мырза шапан", үшіншісі – "Төре шапан".

– Бағасын айтып өтсеңіз?

– Аты айтып тұрғандай, хан шапан – 40 мың, мырза шапан – 30 мың, төре шапан – 20 мың теңге тұрады. Енді биыл шығатын жаңа шапанымыздың бағасын 50 мың теңге деп қойсақ деп отырмыз.

Шапандарымыздың сапасына күмән болмасын. Алды 3 жыл болды. Ешқандай шағым болған жоқ. Бұл нәрсе өзіме де, ұжымға да шабыт береді. Сіз оны біреуге сыйласаңыз да, ол кейіннен алғыс айтады. Біздің ұжымға 99 пайыз жағдайда клиенттер алғыс айтып жатады. 1 пайыз бар – тауардың кешігуі, ауысып кетуі деген сияқты. Ол ортадағы жеткізушілердің проблемасы. Тұтынушыларымызбен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Ешқандай көзбояушылық жоқ. "Жаңа өнім шықты" десек болды, өздері алдын ала төлем жасай береді. Қайбір жылы алдын ала 1,5 миллион теңге жинап алдым. Бірақ әлі шапан тігіліп те үлгермеген еді. Бұл жерде бастысы - сенім. Сенім болған жерде сапа да жүреді.

– Шапандардағы ою-өрнектерінің мағынасы бар ма?

– Мынау (суретте) қазақтағы "қаз мойын" деген оюы. Біз мұны құсқа байланысты қойылған атау деп ойлап жүрсек олай емес екен. Қазақта: "Жылқыдада жылқы бар қазанаты бір бөлек" деген сөз бар. Қазмойын деген жылқы бар. Аттың құрметіне қойылған екен. Біз соны естігенде бірден алдық.

Хан шапан

Енді мына оюды versace (суртте) деп атайды. Бірақ олар бізден алған. Оның атауы қазақта неше мың жыл тарихы бар "балдақ" деген ою. Бұл киіз үйдің ернеулеріне салынады. Ал мынау "қошқар мүйіз" деп аталады. Бәрі де жастардың сұранысына қарай жасалған дүниелер. Дизайнермен ақылдасып көрдік, шығардық. Аллаға шүкір, сәтті өтіп кетті.

Мына шапанды қазақ зиялыларын зерттегеннен кейін тіктік. Кинодан да көрген боларсыз осындай киім киіп жүреді. Оның барлығы тік жаға. Солардың құрметіне "Алаш" топтамасы деп шығардық. Бұл енді таныстырылады.

– Дүкен қашан ашылайын деп жатыр, кәсіптің алдағы болашағын айтып өтсеңіз?

– 2023 жылы дүкен ресми түрде ашылайын деп жатыр. Дүкеннің интерьерін Елзат Мұқаш деген танымал дизайнер сызып шықты. Ерекшелігі ұлттық нақыштағы түрлі зат сататын арнайы дүкен жоқ екен. Бұл Қазақстандағы алғашқы болмақ. Киімнен бөлек, сөмке, аяқкиім, баскиім т.б. болады. Алдағы уақытта басқа да өнімдер қосылатын шығар. Оның бәріне үлгере алмаймын. Сондықтан еліміздегі ұлттық нақыштағы өнімдер сататын кәсіпкерлермен келісіп жатырмын. Олар өнімін әкеліп сатамын десе осы дүкеннен арнайы орын бөліп беремін.

– Ұлттық нақыштағы киім сату идеясы қалай келді?

– Каирде оқығанда алғашқы идеясы келді. Бірақ ол біраз уақыт жүзеге аспады. Кейін елдің сұранысы бойынша ақырындап осы дәрежеге жеттік. 2020 жылы жалғыз өзім бастадым, алғашында дүкенім көліктің жүксалғышы болды. Мысалы, сіз шапан керек десеңіз үйіңізге барамын, жүк салғыштан алып көрсетем, ұнамаса басқасын көрсетем... Содан кейін пәтерге өттік. Осы көріп тұрған дүкеннен бұрын 35 шаршы метр шағын жерде отырдық. Екі жылдың ішінде жобамыз дамып жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Т. Раушанұлы