- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Мектеп тарихы сыр...
Мектеп тарихы сыр шертеді... #2
Ұстаздар мен тәрбиешілердің бәрі де шабыттана қызмет атқарды, ұжым ұйымшыл болды, кемшін дүниені сынадық, енжар жүрген, сабаққа кешігіп келетіндерді директорсыз орнына қойдық. Сабақ беріп болған мұғалімдер тігін машинасына отырып, оқушыларымызға жетіспейтін іш киім, көйлек, фартук тіктік. Кабинеттерімізді оқушыларымыздың көмегімен ақтап, сырлап та жіберетінбіз. Жағасы қисайып, галстугі дұрыс тұрмаса, оқушыға білдіртпей түзеп те жіберетінбіз.
Жоғарғы сыныптың оқушылары көмекшіміз болды, тәрбиеші ауырса, тәрбиеші болды. Жексенбі күндерін кейде балалардың басқаруына беріп кететін күндер де болды, бірі – директор, бірі – оқу меңгерушісі, бірі - тәрбие ісінің меңгерушісі сияқты қызметтерге қызығып тұратын оқушылар көбейді. Дүйсенбі күні оқушылар жиынында істеген жұмыстары туралы есеп беретін, кеткен кемшіліктерін де айтатын. Мектептің жалпы тазалығын қарайтын да - оқушылар ұйымы. Ауладан бастап, жатақхана, класс бөлмелері, бәрі жарқырап тұратын. Мұғалімдер мерекесі жақындаған сайын, мұғалім болғысы келіп жүретіндер, «Апай, сол күні сіздің сабағыңызды мен берем, соған дайындалып жүрмін, оқушыларға берілетін сұрақтарды сізбен бірге талдап көрсем» дегенде көздері жайнап тұратын. «Сен келешекте жақсы мұғалім не бір мекемені басқарып жүресің» десең, одан сайын бет-әлпеті бал-бұл жайнап, жігерлене түсетін.
Осы тұста мектеп бітіріп кеткендердің сөзіне құлақ қойсақ:
«Интернат өз шәкірттерінің бойына жауапкершілік дейтін қасиеттерді әбден сіңіріп тастайды. Күн сайынғы уақыт есептеліп, жүйеге қойылған. Осы күні де сол интернат тәртібімен өмір сүрем. Сондықтан уақыттан кешігіп жүретіндерді ұнатпаймын» дейді Айнұр Төлеу «Сырласу» журналының бас редакторы.
Данышпан Абайдың әрбір ұлағатты сөзін басшылыққа ала отырып, әр баланы өзіне өзі есеп беруге, өзінің қатесін өзі жөндеуге тәрбиеледік.
Оқушылардың шығармашылығын өткізетін күндерді белгілеп, дарынды балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, өзін өзі тану, талантын өзгелерге де таныту үшін жеке шығармашылық кештерін, есептерін өткізуге мүмкіндік жасадық. Әнші, ақын т.б. балаларды көрсету арқылы өзінің, басқа оқушының жетілуіне жағдай жасадық. Қазіргі жаңартылған оқу бағдарламасында алған білімді өмірге жарату, пайдалану деген қағиданы біз ерте кезден бастадық. Республикалық олимпиада, ғылыми жобалар, басқа да конкурстарға қатысатын оқушыларды түстен кейін қалып, үнемі терең білім беруді мақсат еттік. Тәрбиешілермен тығыз байланыс орната отырып, оушылардың жеке қабілеттерін ескере отырып, олардың шығармашылығына даңғыл жол салдық, тұлға етіп шығардық. Өмірде қандай қиындықтар болса, соны жеңуге үйреттік.
«Мектеп-интернат маған сарқылмас білім, айнымас сенім, айрылмас дос, мәңгілік тірек беріп, қанатымды қатайтып, өмір атты ұлы жолға шынықтырып, ширатып, жарысқа дайындаған сәйгүліктей баптап, келешек өмірге мол даярлықпен аттандырды. Егер тәрбиеде кемістігі бар бала көрсем, «интернат көрмеген» деп айтамын. Нағыз тәуелсіз де толық адам тек интернат қабырғасынан ғана шыға ма деп қалдым», - деп жазған қазір мектепте сабақ беріп жүрген түлегіміз Омарханова Гаухар.
Орынша Қарабалина – Қазыбаева
ҚР еңбек сіңірген қайраткер