Мектеп тарихы сыр шертеді...

Мектеп тарихы  сыр  шертеді...
Фото: abaimektep.kz

Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетудегі бірден-бір дара жолы – білім жүйесі. Алматыдағы Алатаудың етегінде орналасқан білім ордасы Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының құрылып, Қазақстанның дарынды ұрпақтарына жан-жақты білім мен тәрбие беріп келе жатқанына биыл 60 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде білім шаңырағы қазақ деген ұлтымыздың қаймағын дайындап шығаратын қасиетті қара шаңыраққа айналды. Алдымен мектеп-интернаттың  құқрылу тарихына көңіл аударайық.

1957 жылы ауыл балаларына арналған республикалық деңгейдегі мектеп-интернат болып ашылғаннан кейін Ы.Алтынсарин  атындағы  Педагогикалық  ғылыми-зерттеулер институтының   эксперименттік  базасы  ретінде 1988 жылдың тамыз  айына дейін жұмыс істеді.

1988-89 оқу жылынан бастап, «Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта  мектеп-интернат» деген мәртебеге ие болды.      

ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 19 қазанда қабылдаған №1754 «ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәселелері» қаулысына сай қайта құрылып, 2003 жылғы 1 тамыздағы №774 қаулысының негізінде «Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта  мектеп-интернаты» деп өзгертілді.

ҚР Үкіметінің 2006  жылғы 31  мамырындағы №480 қаулысымен қазақтың бас ақыны, ағартушы, философ, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбайұлының есімі беріліп, «Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаты» мемлекеттік мекемесі мәртебесіне ие болды.

Бүгінде мектеп ауласының төрінде Абай бабамыздың мүсіні сары алтындай жарқырап, бет-әлпетінен нұр шашылып, «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан. Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан!»  деп, тіл қатқандай әсер беріп тұр. Орайы келгенде айта кетейін, бұл мүсінді 2012 жылы 55 жылдығына орай мектебіміздің түлегі, генерал-лейтенант, ҚР ҰҚК төрағасы болған Әділ Шаяхметов өз қаржысына салып берді. 2015 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай, бюст үлкейтіліп қайта орнатылды.

Мен өмірімнің 57 жылын мектеп оқушыларына арнадым. Мектебім - қуанышым, бақытым, мақтанышым болды. Осы мектепте 40 жыл бойы тарих, адам және қоғам пәндерінен сабақ бердім.

Біздің мектеп алғашқыда Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми зерттеу институтының тәжірибе жүргізетін мектебі болды. Жаңа оқу құралдары, әдістемелік құралдар сабақтарда тәжірибеден өткізіліп тұрды, оқу құралдарының сапалы шығуына көмек көрсеттік. Мұғалімдеріміз ғылыми жұмыстарға белсене араласты. Пікір айтылды, пікір қостық. Республикалық семинарға келген мұғалімдерге ашық сабақтар беріп, сабақтың ғылыми-тәрбиелік мәнін оқушылардың санасына жеткізудің әдіс-тәсілдерін көрсеттік. Кейде телеканалдардан сабақ беруді дағдыға айналдырдық,  оқу диафильмдерін дайындадық.   

Оқушыларымыз облыстың әр түкпірінен келгендіктен, олардың ой-өрісін, танымын, қабілетін дамыту үшін сабақтан тыс кезде қоян-қолтық араласып, сырласып, әр аптаның аяғында клубта әртүрлі кештер, диспуттар өткіздік. Кездесу кештеріне өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар, сол сияқты еңбек ардагерлері шақырылып, олар туралы сахналық қойылымдар әзірленіп, сценарийін оқушылармен бірге жазып, кейіпкерлері оқушылардың өздері болатын. Мектептегі іс-шаралардың бастаушысы, ұйымдастырушысы болып, тарих пәнінің беделін жоғары көтердік. Республикалық олимпиадаға, тест сұрақтарына күні-түні оқушылармен бірге дайындалдық, оқушылардың жетістігіне бірге қуандық. Кемшілік неден болды, оны дер кезінде түзететінбіз. Оқушылар мектептен тек білім ғана емес, үлкен тәрбие алды, еңбекке үйренді, төсек-орындарын дұрыс жинау, жинақы, таза жүру, тамақтанғанда шанышқы, пышақ, қасықты дұрыс ұстау, қақалып-шашалып қалмау, ыдысты, еденді таза жуу, бөлмелерді жөндеу, бұл кездегі «біріңе-бірі көмектес, өзіңді өзің бағала, өз бойыңа жақсы  қасиеттерді, көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыр»  деп үйреттік. Өз басым көрген, білгендерімді, атқарылған іс-шараларды, кеткен кемшіліктерді мақала етіп жаздым. Басылым беттерінде «Мұғалім – мектептің  жүрегі», «Класты ұстай білу», «Тіл тазалығы», «Оқушы жанын түсіну», «Таяқтың екі ұшы бар» т.б. мақалалар сол кездегі «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақстан мұғалімі» сияқты республикалық газет, журналдарға шығарылып тұрды. «Ұстаз бақыты», «Тағдыр» деген кітаптарым өмірге келді.

Сол кездегі пікірін білдіргендер «Ұстаз бақыты» - әр мұғалімнің қызметінің айнасы, столдың оқулығы болды», - деген. Осындай пікірлер, мектебімдегі ахуал мені шабыттандырды, қабілетімді дамытты.

Жалғасы бар...

Орынша Қарабалина – Қазыбаева
ҚР еңбек сіңірген қайраткер

Г. Берік