- Негізгі бет
- Мектеп өмірі
- Данияда тәртіп бұзған...
Данияда тәртіп бұзған оқушы көше тазалайды
Әр елдің білім беру жүйесі әртүрлі. Мәселен, Данияда тәртіп бұзған оқушыны көше тазалау, терезе жуу секілді қоғамдық жұмыстарға тартады екен. Міне, осы секілді айырмашылықтар бұл елде жетіп артылады. Сонымен, Даниядағы замандастарымыз қалай білім алады екен?
Данияда әрбір бала өз ыңғайына қарай білім алады. Яғни, қалаған мектепте әртүрлі жағдайда оқуға мүмкіндігі бар. Мектеп қабырғасында оқушы 0-9-сыныптарды оқиды, ал 10-сыныпты оқу шарт емес. 10-сыныпты оқымайтын бала 9-сыныптан кейін техникалық мектептерге ауыса алады.
Бұл елде мектепке балалар 6 жастан бастап қабылданады. Оның әріп танып келу-келмеуі, санай білуі-білмеуі есепке алынбайды. Дат халқы «бала білімді мектептен ғана алуы тиіс, егер ол мектепке бәрін біліп барса, қатарының алды болатын шығар, бірақ бұл оны жалықтыруы мүмкін» деген пікірді ұстанады екен. Ал ата-аналар баланың кішкентай кезінде ойнап-күліп, қоршаған ортаны, табиғатты біліп өсуіне көп көңіл бөледі.
Орта сыныпқа келгенде оқушы ата-анасымен ақылдасып, оқитын пәндерін таңдап алады. Сонымен қатар, қандай пәндерден емтихан тапсыратынын да ата-анасымен кеңесіп шешеді екен. Орта мектепті бітірген соң оқушылар жоғары оқу орнына даярлайтын гимназия мектептеріне барады. Мұнда емтиханға әзірленіп, қалаған бағытын таңдап, сол пәнмен жұмыс жасайды.
Даниялық оқушылар күніне 5 сабақтан артық оқымайды, оның ішінде екеуі міндетті түрде дене шынықтыру сабағы болуы тиіс. Бір қызығы, оқушыларға үй тапсырмасы берілмейді екен. Барлық тапсырмалар мектепте ғана орындалады. Үйге тек қана реферат, шығарма жазу, әңгіме құрастыру секілді шығармашылық жұмыстар беріледі екен.
Тағы бір таңғаларлығы, бұл елдің оқушылары математика пәніне шорқақтау. 11-сынып оқушысы калькулятордың көмегімен көбейтіп, бөле алады және χ (икс) және γ (игрек) туралы жалпы мағлұмат алады. Бізге мектепте оқытылатын интеграл, туынды деген ұғымдармен олар тек жоғары оқу орындарында ғана танысады.
Мектепте оқушы тез әрі дұрыс шешім қабылдауға, өз ойын еркін жеткізуге тәрбиеленеді және бірлесіп жұмыс жасауға бағытталған көптеген шара ұйымдастырылады. Егер оқушы мұғалімді тыңдамаса, мұғалімнің оны сабақтан кейін алып қалуына құқығы бар. Ал егер бұзықтық жасап, тәртіп бұзса, мектеп басшылығы оқушыны белгілі бір мекемеге жіберіп, қоғамдық жұмыс жасатады. Мысалы, есік алдын сыпыру, қағаздарды алып келу деген секілді.
Мұғалімдер оқушының біліміне, тәрбиесіне мән бергенімен, қауіпсіздігіне жауап бермейді екен. Үзіліс кезінде, сабақ барысында оқушы өз қауіпсіздігіне өзі жауап береді. Мұғалімдер оқушыға тыйым сала беру оның шешім қабылдауына кедергі келтіреді деп есептейді. Ненің дұрыс, ненің қате екенін оқушы өзі шешуі қажет. Мұғалімдер «біреудің миы саған ми болмайды» деген қағиданы оқушыларға жиі ескертеді екен.
Г. Берік