Грант ұту мүмкіндігін жіберіп алмаңыз

Қазақстандық оқушылар ЭКСПО жобасы туралы өз әңгімесімен бөлісуге мүмкіндік алады. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе Қазақстан мектептері мен колледждерінің оқушылары арасында білім беру жобаларын бастамақ. Бұл жобалар шеңберінде пікір-сайыстар, шығармашылық байқаулар мен ақыл-ой ұшқырлығына арналған ойындар секілді сан-алуан шара жоспарланып отыр.

Жас буын – бұл ЭКСПО жобасы шеңберінде қамтылуы көзделіп отырған нысаналы топтардың бірі. Олардың білімділігі мен ақпараттану деңгейі Қазақстанның келешектегі тұрақты дамуын қамтамасыз етпек. Жоба жастар арасында ЭКСПО-2017 тақырыбын насихаттауға бағытталған. Ол қоршаған ортаға ерекше назар аудару мәселелері және көрме тақырыбы – «Болашақ энергиясы» туралы оқушылардың хабардарлығын көтеруге арналған.

Білім беру жобалар топтамасы ішіндегі алғашқы байқау «Менің ЭКСПО-2017 көрмесіне қосар үлесім. Қазақстан экономикасын өзімнің болашақ кәсібім арқылы «жасылдандырудың» жолдары» тақырыбына арналған эссені жазуға арналған. Ол 2015 жылдың 1 сәуірінде басталады. Аталған байқауды «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ «MyChina» білім беру орталығымен ынтымақтаса отырып, ҚР БҒМ-нің қолдау көрсетуімен және «Жасыл Ел» Жастар еңбек жасақтары республикалық штабының белсенді атсалысуымен ұйымдастырып отыр.

Жеңімпаздар Қытайдың Тау-кен ісі және технологиялар университетінде оқуға арналған гранттармен марапатталып, сондай-ақ, ЭКСПО-2015 көрмесінде Қазақстанды таныстыру үшін стендшілер ретінде Миланға баруға мүмкіндік алады.

2015 жылдың 1 сәуірінен бастап 1 мамыр аралығында өтетін байқауға Қазақстанның мектептері мен колледждерінде оқитын 2015 оқу жылының барлық түлегі қатыса алады. Қатысушылар ұсынылған келесі тақырыптардың біреуіне арналған эссені 2015 жылдың 1 мамырына дейін жіберуі керек: «ЭКСПО көрмесін өткізудің менің елім үшін маңыздылығы», «Қазіргі заманғы әлем үшін «жасыл технологиялардың» маңыздылығы» немесе «Менің кәсібім және Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуына менің қосар үлесім». Эссені орыс, қазақ немесе ағылшын тілдерінде жазуға болады.

Іс-шара қорытындысы бойынша шешімді байқау комиссиясы қабылдайды. Байқау шарттары туралы толық ақпаратпен www.expo-mychina.kz сайтында танысуға болады.

«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ Астанада ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындалу және оны өткізу үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылдың 15 қаңтарындағы бұйрығымен құрылды.

​ЭКСПО көрмесі 2017 жылдың 10 маусымынан бастап 10 қыркүйегіне дейінгі аралықта Астанада өтеді. Оған 100 ел, 10-нан аз емес халықаралық ұйым, инновациялық технологиялар саласындағы 10 көшбасшы компания қатысады деп жоспарлануда. Жалпы алғанда, көрмеге 2 миллионнан аса қонақ 5 миллионға жуық рет келеді деп күтілуде.

Сурет: arna-news.kz, kazakhstanzaman.kz