- Негізгі бет
- Қазақ хандығы - 550 жыл
- Халықаралық «Хан Қорық»...
Халықаралық «Хан Қорық» жастар фестивалі қалай өтті?
Тамыз айының 18-і мен 22-сі аралығында өткен халықаралық «Хан Қорық» жастар фестивалінің қатысушылары іс-шара жайлы оң пікірмен оралды. Расында қасиетті Ұлытау жерінде жастардың басын қосқан фестиваль көптің көкейінде қалған сияқты. Бұл туралы Massaget.kz тілшісі жеке-жеке пікір алып, жалпы шолу жасауды жөн көрді.
«Фестиваль өз мәресіне жетті. Міне алыс жолдан Астанаға да жеттік. Бәрі де қоштасып жатыр. Бәрінің жүзінде қуаныш пен шаттық, ризашылық байқалады. Қарағанды қаласында да бірнеше университеттің студенттерімен қоштастық. Менің білуімше, ертең Қарағанды қаласында ҚарМТУ (Қарағанды) мен ҚазҰТУ студенттері (Алматы) кездеспек. Бұл олардың қалың достасқанын білдіреді. Біздің мақсатымыз да осы болатын. Бұл фестиваль енді жыл сайынғы үрдіске айналмақ. Келесі жылы этнографиялық циклда өткізуді жоспарлап отырмыз».
Сәулет Сакенов, ұйымдастырушы (Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы)
«Ұлытауда өткен «Хан Қорық» жастар фестивалін белгісіз ғаламшарға бағытталған ғарыш сапарымен теңестірер едім. Дегенмен құпияға толы ғаламшарда тіршілік иесі болмаса, оның құрылымы тек астроном, геолог немесе инженерлерге қызық болары анық. Ал Ұлытауда тұтастай бір ұлттың қайнар бұлағы бастау алғанын байқауға болады. Мұнда ұлттың ділі мен мәдениеті қалыптасқанына көзімді жеткіздім. Белгілі бір тарихи кітапты оқу мен сол тарихқа қатысы бар жерлерге барудың айырмашылығы көп. Сонымен қатар, өлкені бес саусағындай білетін өлкетанушы, тарихшы ғалымдармен сұқбат құру кітапқа қарағанда әлдеқайда мол ақпарат береді.
Ұлытау өңірінің тарихы Шыңғыс ханның баласы Жошы ханның ұрпағы Тоқтамыс ханмен байланысты. Сонымен қатар, Тоқтамыс хан туралы Белоруссия тарихында да жазылады. Нақтырақ айтар болсақ, 1396-1399 ж.ж. Литов князі Витовт (Александр) Лида қаласын Тоқтамысқа уақытша пана ретінде береді. Ал 1399 жылы Витовт пен Тоқтамыстың біріккен қолы Алтын Орда әскерлерінен жеңіліс табады.
Ұлытауда ұйымдастырылған фестиваль маған қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен биі туралы көп мәлімет берді. Сонымен қатар, Қазақстанның әр аймағынан келген студенттермен жақыннан араласуға мүмкіндік берді».
Петр Лапо, жаратылыстанушы ғалым (Назарбаев Университеті)
«Бұл жердің қазақ тарихындағы қасиеті мен орны өлкенің атауынан-ақ білініп тұр. Қазақ хандығының 550-жылдығы аясында фестиваль ұйымдастырып, студенттер арасында жарыстар өткізуге дәл осы жердің таңдап алынғандығын өте дұрыс деп білемін. «Хан Қорық» топонимикалық атауының өзі де бұл мекеннің орта ғасырларда маңызы зор болғанын білдіреді. Әрине, бүгінгі өркениеттен алыс шығар. Дегенмен XV ғасырда Ұлытау Қазақ хандығының қамалсыз астанасы болған. Шындығында осы жерге келіп, тарихымызды өз көзімізбен таныған әрбіріміз үшін бір ғанибет. Өзіміздің орта ғасырдағы ұланғайыр даланы біріктіріп отырған хандық ұрпағы екенімізді танудың тәрбиелік мәні бар».
Дос Көшім, саясаттанушы (Алматы)
«Осы форматтағы фестиваль менің тәжірибемде бірінші рет болып отыр. Мен университетті тәмамдаған кездегі жастар мен қазіргі білімгерлердің бір-бірінен айырмашылығы көп. Шынымды айтсам, фестивальге келген студенттердің ашық жүзді, позитивті екендеріне риза болдым».
Әсел Рахметжанова, ұйымдастырушы (Назарбаев Университеті)
«Біз Ұлытауға осыған дейін де бірнеше рет келгенбіз. Өткен жылы «Ұлытау» экспедицияна қатыстық. Жалпы «Авалондықтар» ҚҰГҚ-мен біріге бұл өлкеде экотуризмді дамытуда еңбектеніп жатыр. Біз бүгінге дейін Ұлытаудың дерлік 60% территориясын игеріп үлгердік. Жиналған ақпарат негізінде арнайы туристік карта дайындадық. Енді әрбір аймақтың нақты мекені мен жақын маңдағы туристерге қажет ресурстарды қолжетімді етуде еңбек етіп жатырмыз».
Виталий Шуптар, «Авалон» тарихи-географиялық қоғамының президенті (Қарағанды)
«Фестиваль сәтті өтті. Бұл Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылды. Қазақтың ұлт болып қалыптасуында негізгі рөл атқарған Ұлытау өңіріне тек осындай атаулы кезеңде ғана емес, жыл сайын ат басын бұруға болады. Себебі түп тарихымызды дәріптеу тәуелсіз елдің басты назарында болуы тиіс. Ұйымдастырушы Сәулеттің айтуынша, бұл енді жыл сайынғы үрдіске айналмақ. Дәл осы өңірде экотуризмді дамыту керек. Ел азаматтарымен қатар, шетелдік туристерді де тарта білуіміз керек. Бастысы тарихи құндылықтарымызды сақтап, келесі ұрпаққа жеткізе білейік».
Мақсат Төлегенов, блогер
«Ұлытауда бірнеше күн болып, мұнда экотуризмді дамытуға болатынын байқадым. Туристерді тарту үшін ешқандай инфрақұрылымның немесе жағдай жасалған қонақүйлердің болуы міндетті емес. Себебі шетелдік туристер табиғаттың ғажайып көрінісін көруге келеді. Мысалы, мен жерге тент құрып, түнеуге үйренгенмін. Бұл бір жағынан қаржыны үнемдеудің де ұтымды жолы. Осы күнге дейін 20-дан астам елде болып қайттым. Қазақстанның табиғаты ешқайсысынан кем түспейді. Тек туристер Ұлытау сынды өлкелер туралы көп мәлімет біле бермейді. Ұлытау өлкесінде экотуризмді дамыту үшін алдымен маркетингтік бағдарлама дайындау керек».
Катерин Холл, климатолог (Аустралия)
«Мектеп немесе университет қабырғасында берілетін білім басқа, ал мұнда ғалымдар мен жергілікті тұрғындардың аузынан естіген тарих басқа. Олардың ортақ ұйытпасы болғанымен, тарихи өлкеге келіп, мол ақпаратты тәжірибе жүзінде білген археологтардан есіту, әрине, мол әсер қалдырады. Студенттер қазақ хандығының бастауы осы Ұлытау екенін өз көздерімен көріп, кез келген ел азаматы біле бермейтін тарихи мәліметтермен толысты. Ал енді жастардың фестивальде болған жерлері туралы өзге достарына әңгімелеп, тарихымызды одан ары дәріптейтініне сенемін. Осылай әрқайсымыз ортақ тарихымыздың ары қарай зерттелуіне өз септігімізді тигізсек, нұр үстіне нұр болады».
Ришат Рамазанов, ұйымдастырушы (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі)
«Мен фестивальден өзім күткеннен де көп әсер алдым. Өзім тарихшы болсам да, еліміздің тарихи-географиялық мекендеріне қатысты аз мәліметке ие екеніме көз жеткіздім. Ұлытауға жолға шыққан кезімде тек Алаша хан мен Жошы хан кесенелерін көремін деп келген болатынмын. Ал шындығында бұл өлкеде 300-ден астам тарихи ескерткіштер бар екен. «Ұлытау» қорық музейінің статистикалық мәліметтер бөлімі маған көп ақпарат берді. Тарихи ескерткіштер ретімен реставрацияланып жатыр екен. Сонымен қатар, қасиетті өлкенің табиғаты да мені тәнті етті. ҚҰГҚ-ның бастауы тамаша! Бұл өлкеде экотуризмді дамыту арқылы, тарихымызды да, мәдениетімізді де дамытамыз. Ал жергілікті тұрғындар туристерге қызмет көрсету сапасын жасау арқылы аймақтың әл-ауқатын жақсартады».
Еділ Ноянов, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор (ҚазҰУ)
«Біз фестиваль барысында көрген Алаша хан, Жошы хан және Домбауыл кесенелерінің сәулет құрылысына қарай әрқайсысы әр кезеңге жататын байқадым. Біздің жолбастаушымыз Ұлытаудың орта ғасырларда астана болғанын айтты. Шындығында шапқыншылық заманында Қыпшақ даласының ортасына астана салғаны түсірінікті-ақ. Қазір де Ұлытау Қазақстанның дәл орталықтағы нүктесі екен. Дегенмен бүгінгі өркениеттен алыста жатыр. Мысалы, бір тарихи ескерткішті көру үшін 400 шақырым жол басып келдік. Расында келуге тұрарлық тарихы бар өңір екен».
Эва Мария Дубьюссон, антрополог (Назарбаев Университеті)
«Біз үшін, батырлар мен хандарымыз, Ақсақ Темір, Едіге батыр, Асан қайғы бабаларымыз өткен топырақты басу – үлкен мәртебе. Бұл бізге үлкен руһ береді. Елге, ұлтқа деген махаббатымызды оятады. Туған жерге деген сүйіспеншілігімізді арттырады. «Хан Қорық» фестивалінің көмегімен еліміздің ертеңі болатын жастардың басын қосып, оларды бір-бірімен таныстыру болашақта жемісті боларына сенемін. Салт-дәстүрлерімізді киелі жерде қайта жаңғыртып, «киіз үй», «саятшылық» сынды ұлттық құндылықтарымызды ардақтау әрқайсымыздың басты міндетіміз болуға тиіс».
Нұржан Кішкенебаев, студент (ҚазҰТУ)
«Ұлытау табиғаты маған өте ұнады. Тауға шығу біршама қиын болғанымен, жоғарыдан көрінетін панораманың әсері мол болды. Дүрбімен Ұлытауға жоғарыдан телмірдім. Кесенелер туралы біршама аңыз-әңгіме тыңдадым. Алаша хан кесенесінде Шыңғыс хан жерленген болуы мүмкін деген болжам да айтылды. Сосын Әмір Темір тас үйген жерге бардық. Оны мен Империал Банктің жарнамасынан көрген болатынмын. Ол жерде әскерлерге қылыш дайындалыпты. Расында металдардың қалдықтары бар екен».
Алмас Сәулетұлы, «Хан Қорық» жастар фестивалінің ең жас қатысушысы
«Мұндай іс-шараға бірінші рет қатысып отырмын. Шындығында, «Хан Қорық» - тәрбиелік мәні зор, студенттердің бір-бірімен достасуына тамаша мүмкіндік беретін фестиваль. Жастардың басын тарихи ордада қосып, мәдени дамуға жетелеу идеясын құптаймын. Одан бөлек, соңғы күні фестиваль қатысушылары ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Мұның да бізге берген мәліметі мол болды».
Әбдіраисов Төлеген, Халақаралық балалар туризмі академиясының корреспондент мүшесі
«Биыл университетіміздің басшылығы біздің Ұлытау тауының баурайына келіп, осындай фестивальге қатысуымызға мүмкіндік берді. Мұнда өзіміз сияқты студенттермен танысып, жаңа достар арттырдық. Өткен бес күн ішінде шынайы әсерге бөленіп, көп білім алдық. «Хан Қорық» фестивалі түп тарихымызды тереңінен тануға орасан зор мүмкіндік берді. Қазір міне соңғы күні тіпті қоштасқымызда келмей тұр. Егер келесі жылы да осындай іс-шара ұйымдастырылатын болса, әлбетте келуге тырысатын боламын».
Құсбекова Манара, студент (ҚарМТУ)
Айта кетсек, халықаралық «Хан Қорық» жастар фестивалі Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі мен Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамының бастауымен ұйымдастырылды. Қасиетті Ұлытау жерінде өткен іс-шараға еліміздің әр аймағынан жеті университеттің студенттері қатысты. Сонымен қатар, өлкетанушы, климатолог, картограф, тарихшы ғалымдар да белсенділік танытты.
Ж. Өрісбай