Ұлытауда экотуризмді дамыту - "Хан Қорық" фестивалінің басты мақсаты

Ұлытауда экотуризмді дамыту - "Хан Қорық" фестивалінің басты мақсаты
Фото: massaget.kz

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамымен біріге Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырған "Хан Қорық" халықаралық жастар фестивалі басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Хан Қорық" фестивалінің басты мақсаты - қазақтың киелі жері Ұлытауға туристердің, көбіне жастардың қызығушылығын арттыру. Сол себепті бұл фестивальге Қазақстанның түрлі аймағындағы университеттердің жастары қатысуда. Нақтылап өтсек, фестивальде жеті  университеттен 100-ге жуық студент белсенділік танытып жатыр.

Фестиваль мүшелері тамыздың 22-не дейін осы аймақта болып, жоспар бойынша ұлттық құндылықтарымызды дәстүрлі бейнеде киелі жерде қайта жаңғыртатын болады. Айта кетсек, Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында ұлттымыздың бастауы болған Ұлытау өлкесінде "Бүркіт салу", "Саятшылық" тәрізді құс баптау өнері ұлықталып, "Қара жорға" биленбек. Одан бөлек, Алаша Хан, Жошы Хан, Домбауыл кесенелеріне саяхат жасалып, "Ұлытау" қорығы музейі мен "Авалон" тарихи-географиялық қоғамының мамандары экскурсияға басшылық жасайды.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы Қазақстандық ұлттық географиялық қоғам "Ұлытау" археологиялық экспедициясын ұйымдастырған болатын. Экспедиция мүшелері аталған киелі мекеннің тарихи маңызы бар және табиғи көркі бар нысандарын аралай отырып, ол жерлерді туристік аймаққа айналдыру мүмкіндігін қарастырған. Сонымен қатар, онлайн карта платформасына жергілікті аурухана, полицей учаскесі, асхана, анықтама орталығы сияқты туристерге қажетті нысандарды енгізді. Экспедиция мүшелері келешекте туристер үшін жол көрсеткіштері жүйесін дұрыстау жөнінде ұсыныстар әзірледі.

Ж. Өрісбай