Ұлытау - Асан қайғы іздеген жерұйық

Ұлытау - Асан қайғы іздеген жерұйық
Фото: massaget.kz

Жеріміздің орталық аймағанда орналасқан Ұлытау тау сілемдері - малға жайлы, елге қолайлы мекен. Аңыз желісіне сүйенсек, ертеде Асан қайғы іздеген жер жаннаты Жерұйық осы Ұлытау өлкесі болған екен. Орта ғасырда өмір сүрген белгілі жырау Ұлытаудың ең биік шыңы – Әулиетауда жерленген. Бүгін «Хан Қорық» фестиваліне қатысушы жастар осы шыңды бағындырды.

XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың басында өмір сүрген дала данасы әз Жәнібек ханның ақылшысы болған. Кей аңыз бен тарихи деректерде Асан қайғының Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы «Жеті әулие» қорымында жерленгендігі расталса, өзге мәліметтер Асан қайғы қорымының Ұлытаудың ең биік шыңында екендігін меңзейді. Ал Ұлытау өлкесінің тұрғындары осы ауылдың маңында Асан қайғыға үлкен ескерткіш орнатып үлгерген.

Айта кетсек, халықаралық «Хан Қорық» фестиваліне еліміздің әр аймағынан жеті университеттің студенттері мен тарихшы, өлкетанушы мамандар қатысып жатыр. Жастар фестивальдің үшінші күнінде Ұлытауға көтеріліп, Дешті-Қыпшақ даласын биіктен көру мүмкіндігіне ие болды. Мұнымен қатар, Жұлдыз ФМ радиосының қолдауымен кішігірім байқау ұйымдастырылып, Әулиеата шыңына бірінші болып шыққан он қатысушыға естелік сыйлықтар берілді.

Студенттер лагерьге қайта оралған соң саятшылардың құсты қалай баптайтындығын тамашалады. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан арнайы келген «Қыран» атты саятшылар тобы құс баптау өнерінің қыр-сырымен бөлісті.

Фестиваль жастары саятшылық өнерін тамашалағаннан кейін «киіз үй салу» байқауы ұйымдастырылды. Байқау ережесіне сәйкес әр университеттің тобы белгілі бір уақыт ішінде киіз үйді құрастырып шығуы керек болатын. Қарағанды мемлекеттік университетінің командасы бұл тапсырманы бәрінен жылдам орындап, жеңіске жетті.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан ұлттық географиялық қоғамының бастауымен ұйымдастырылған халықаралық «Хан Қорық» жастар фестивалі 22 тамызға дейін жалғасатын болады. Енді фестиваль қатысушылары «Алтын шоқы» және «Хан ордасы» сынды тарихи маңызы бар ескерткіштерді тамашалай отырып, жаңа мәдениет ошақтарымен танысады.

 

Ж. Өрісбай