"Хан Қорық" жастар фестивалі өз мәресіне жетті

"Хан Қорық" жастар фестивалі өз мәресіне жетті
Фото: massaget.kz

Қазақ ұлтының толықтай қалыптасуының үшінші кезеңі Қазақ хандығының құрылған кезіне тура келеді. Ал қазіргі тәуелсіз Қазақстан аумағында құрылған хандық киелі Ұлытау өлкесінен бастау алғаны белгілі. Қазақ хандығының 550 жылдығына бағышталып, жастарға түп тарихымызды дәріптеген халықаралық "Хан Қорық" фестивалі өз мәресіне жетті, - деп жазады Massaget.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамының бастауымен жүзеге асырылған жастар фестивалі еліміздегі әр аймағынан келген  студенттер көкейінде көпке дейін қалатыны анық. Айта кетсек, "Хан Қорық" фестивалі тамыз айының 18-і мен 22-сі аралығында өткізіліп, оған 7 университет білімгерлері мен өлкетанушы, тарихшы, антрополог және климатолог ғалымдар өз үлесін қосты.

"Фестивальдің басты мақсаты жастардың ата тарихымызға деген қызығушылығын ояту болған еді. Сонымен қатар, болашақта 300-ге тарта тарихи ескерткіштері бар қазақ хандарының ордасында экотуризмді дамытуды көздеп отырмыз. Расында Еуразия даласын дүр сілкіндірген ұлы хандықтардың қамалсыз астанасы болған киелі Ұлытау өлкесі табиғи көркімен де, тарихи құндылығымен де ерекше. Бастыміндетіміз - тарихқа тереңінен үңіліп, оны келесі ұрпаққа жеткізу. Жастар фестивалінің "Хан Қорық" деп аталған жерде ұйымдастырылуы да бекер емес. Ұлытауға туристер мен қатар жастарымызды да көбірек тарту үшін, бұл фестиваль жыл сайынғы үрдіске айналмақ. Келесі жылы фестивальді этнографиялық циклда ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз", - дейді "Хан Қорық" жастар фестивалі ұйымдастырушыларының бірі Сәулет Сакенов.

Фестивальға қатысқан "Авалон" тарихи-географиялық қоғамының мамандары өлкенің экотуризмі үшін еңбек етіп, "Ұлытау" қорығындағы әзірге картаға енбеген тарихи мекендерді аралап қайтты. "Авалондықтардың" айтуынша, олар бүгінге дейін Ұлытаудың 60% территориясын картаға енгізіп үлгеріпті. Алдағы уақытта қорықтағы тарихи-географиялық және туристік маңызы бар барлық мекендердің нақты координаталары бар карта жасалып, Ұлытау қонақтарына ұсынылмақ.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстандық ұлттық географиялық қоғамы өткен жылы "Ұлытау" экспедициясын ұйымдастырған болатын. Экспедиция барысында тарихи жәдігерлеріміздің топографиялық картасы жасалып, Google Map онлайн қосымшасына енгізілді. Бұл Ұлытауда экотуризмді дамытуға бағытталған жобалардың бірі еді. Сонымен қатар, Назарбаев Университетінің ғалымдары мен өзге де өлкетанушылар киелі жердің су ресурстарын зерттеп, аймақтың тарихи-географиялық құндылығын анықтады.

Ж. Өрісбай