"Ұлытау" экспедициясы Әулиетау шыңын бағындырды

"Ұлытау" экспедициясы Әулиетау шыңын бағындырды

Бұрынғы Жезқазған облысы, қазіргі Қарағанды облысының батыс бөлігіндегі тарихи өлкеге жасалынған экспедиция Ұлытау тау сілемдерінің ең биік шыңы Әулиетауға жетті, деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.

Ұлытау тау сілемдері – Сарыарқаның оңтүстік-батыс шетіндегі 240 шақырымға созылып жатқан ұсақ шоқылы, аласа таулы алқап. Биіктігі 400 метрден 1134 метрге дейін жетеді. Ең биік шыңы Әулиетау деп аталады. Одан өзге Едіге тауы, Кішітау дегендей тауларға бөлінеді. Ұлытау төңірегінде түркі қағандығы заманының белгілері – тас мүсіндер көп сақталған. Экпедиция құрамының шыңға шығу жолағы осыған дейін шығып жүрген өзге археологтар, жергілікті тұрғындар мен тауға өрмелеуді өз қызығушылығы деп тапқан жандардың салған бағыты болатын. Дегенмен экспедицияның мақсаты тек қана аталған таудың шыңына жету емес, шыңға жеткеннен кейін, ары қарай ешбір адам жүріп көрмеген жаңа бағытты ашу болатын. Керек жабдықтарын үстіне ілген экспедиция мүшелері бір жарым сағатта Әулиетаудың шыңына жете алды.


Сосын әрбір маман өз ісімен айналысуға кірісті. Шумахо Кумыков (Назарбаев Университетінің студенті) тау бөктерінде жиналып қалған сулардың құрамын зерттеу үшін арнайы колбаларға құйып алды. Бір қызығы, Әулиетаудан кейінгі екінші орында тұрған биік шыңның орталық шенінде көлшік бар екен. Оны жергілікті тұрғындар Жындыкөл деп атапты. Тұрғындардың айтуына қарағанда, ол су бір бар, бір жоқ болып кетеді екен.

Арнайы карта тарихи жәдігерлердің 3D моделі мен жергілікті мекенге қатысты картографиялық материалдарды жинақтау мақсатында экспедицияға қосылған «ЛСТ» (Лаборатория сетевых технологии) инженер мамандары мен бағдарламашылары автопилоттық тәртіпте жұмыс істейтін аппараттарымен таудың атырабын суретке алды. «Авалон» тарихи-географиялық қоғамның президенті Виталий Шуптар мен оның командасы туристік инфрақұрылымды дамытумен айналысты. Нақтырақ айтсақ, мақсат тау шыңына шығудың жаңа жолын табу болатын. Блогер өз күнделігін, ал оператор өзінің түсірілімдерін түсірумен айналысты.

Әулиетау атауы сол жерде жерленген бес әулиеге қатысты екен. Дегенмен, қазір ол жерде бес кісіден бөлек көп адамның бейіті жатқаны байқалады. Әдетте түсу шығуға қарағанда күрделі болмайтыны рас. Бірақ бұл жол тың, әлі көп адамның аяғы жетпегендіктен, экспедицияға оңайға түспейтіні айдан анық еді. Сол себепті, арамыздағы екі жасы үлкен кісі өз еріктерімен шыққан жолмен қайта түсуді жөн көрді. Ал қалған он екісі компастың көмегімен төменде орналасқан экспедицияның негізгі базасына жол тартты.

Түсу алты сағатқа созылды. Топ біріге бір-біріне көмектесе, таудан-тау асып түсті. Таудың арасында селдің нәтижесінде пайда болған арналар негізгі өту жолдарына айналды. Дегенмен, ол жерлерден де өту оңайға соқпайтын еді. Тобылғы деп аталатын шөптектес тікенек өсімдіктер мен жабайы шыршалар үнемі кедергі болып отырды. Экспедиция альпинистері кешкі сағат сегізге қарай негізгі лагерьге жетіп келді.

Ұлытаудан Қараторғай, Сарыторғай, Ұлы Жыланшық, Терісаққан, Қаракеңгір, Жезді өзендері бастау алады. Аталған өзендердің бірнешеуінің тармағын Әулиеата шыңынан көруге мүмкіндік болды.

Айта кетейік, Қазақстандық Ұлттық Географиялық Қоғамының бастамасымен ұйымдастырылған "Ұлытау" экспедициясы ағымдағы жылдың 22 тамызына дейін жалғасады. Келесі бағыт Алтыншоқы тарихи мекенін және Едіге мен Тоқтамыс хан жерленген Едіге шыңын бағындыру болып табылады.

Автор: Жолдас Өрісбаев

Сурет: ©massaget.kz

Оқи отырыңыз:

«Ұлытау» археологиялық экспедициясы жолға шықты

«Ұлытау» экспедициясы жабылып қалған бұлақ көзін қайта ашты

М. Оңғарова