Балуан Шолақтың Ақбоз аты

Балуан Шолақтың Ақбоз аты
Фото: massaget.kz

"Балуан Шолақ" дегенде апайтөс балуан, біздің құшақ жетпейтін кір тасын көтерген алып күш иесі көз алдымызға елестейді... "Балуан Шолақ" дегенде артынан аңыз ерген атақты тұлға мұнартады... "Балуан Шолақ" дегенде "Ғалия" әні ойға оралады... "Балуан Шолақ" дегенде Ақбоз аты кісінеп келіп тұрғандай көрінеді...

Қазақ халқы ертеден-ақ ақылды, дарынды, талантты ұрпағын "сегіз қырлы, бір сырлы" деп бір-ақ ауыз сөзбен танытқан. Ұлына келгенде "Жігітке жеті өнер де аз" деп тағы да қайрай түскен. Ен далада еркін өскен ерке ұлттың маңдайына біткен батырлар мен баһадүрлер, ақындар мен күміс көмей әнші-жыраулар аз емес. Сондай тұлғалардың бірі - Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлы.

Балуан Шолақ жауырыны жерге тимеген күрес шебері, ауыр салмақ көтеріп өнер көрсеткен алып күш иесі, адуынды ақын, ғаламат әнші-сазгер.  Бұдан өзге ат құлағында ойнайтын айрықша өнері болған. Шауып келе жатқан ат үстінде күрделі цирктік көріністер жасай беретін, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген.

Қазақ тарихындағы айрықша тұлға тағдыры мен өмір жолын зерттеушілер аз емес. Балуанның ізбасар ұрпағы да арамызда. Кейінгі буын балуанның бұралаң өмір жолын жазушы Сәбит Мұқановтың "Балуан Шолақ" повесімен біліп өсті.

Балуан Шолақ жылқы жануарын ерекше құрметтеген. Ақбоз аты айырылмас серігі болған. Бұл жайында Сәбеңнің повесінде жазыла кетеді.

- Оның есі - дерті жақсы атта болды. "Ер қанаты — ат" деген мақал түсті оның ойына. Аздаған сауаты бар ол, — батырлар жырын жақсы көріп оқитын еді. Сонда,— Қобыландының — Тайбуырылы, Алпамыстың — Байшұбары, Қамбардың — Қарақасқасы, шапса құстан озатын, болдыруды білмейтін, кезеңді жерде иесіне адамнан артық серік болатын, иесінің қуанышына қуанып, қайғысына қайғыратын аттарға ол аса қызығатын еді.

"Шіркін, сондай аты бар батырда арман бар ма екен!" деп ойлайтын еді Балуан Шолақ. "Құдай - ау! — деп тілейтін еді, дінге сенетін ол,— сенен байлық сұрамайын, тақымыма басатын солардай бір ат бер!"

Miнe енді, жарысқан көптің артында қалғанда, сол қынжылуға Балуан Шолақ тағы да түсті. "Ер қанаты ат" деген бұрынғылар - ай!—деді ол ауыр ойда, топтың арасында аяңдап келе жатып, — аузыңнан айналсам болмас па!.. Жүйрік көңілді — жаман ат тұсады!.. Атсыз кісі — қанатсыз құс екен!.."

Ендігі оның, бар арманы, өзіне қанат боларлық бір ат тауып міну болды... - деп аяқталады "Ер қанаты - ат" деген тарауы.

Балуан Шолақ пен Қажымұқанның кездесуі

Ат құлағында ойнаған алып талай асау тұлпарды жуасытқан. Шығармада Балуанның тұлпар тани білетін қасиеті айқын ашылған. Ал арманы қалай орындалғаны, Ақбоз атты қалай тапқаны былайша баяндалады:

- Серіктерімен Балуан Шолақ Неғметжанның шатырына кіріп қымыз ішіп отырғанда, есік арқылы, бұйра талдардың арасынан көзіне шымқай боз жылқы шалынды. «Бұндай да боз жылқы болады екен!» деп таңданған Балуан Шолақ, әлденені сылтау қып тысқа шығып үйездеген бір топ аттың ортасында басын түйістіре тұрған боз жылқыға жақындаса, талай сұлу жылқыны көре - жүре, көзіне бұрын түсіп көрмеген тамаша ақбоз ат!.. Бұл топтағы жылқының бәрі де құр ат болу керек, — еттері тым семіз...

Ақбоз атқа қызыққан Балуан, анықтап көруге, мүмкін болса ұстап көруге таяна беріп еді, аттар да, ақбоз ат та жақындатпай, ығыса жөнелді. "Міне, ат!" деп ойлады Балуан. Ол қосқа қайта кіргенде, аттар нақ қостың аузына қарсы үйездеп тұра қалды.
— Неғметжан! — деді Балуан Шолақ, — анау Ақбоз сенікі ме?
— Менікі.
— Асау ма, өзі?
— Жүген - құрық тимеген.
— Сатуға әкелдің бе?
— Әрине.
— Сол сияқты атты сата ма кісі?
— Өзім де қимаймын. Бірақ — ит мал!.. Биыл тоғызға шығады. Үйрете алмай - ақ қойдық. Далада асау айғырды ұстап мінетін жылқышылар да үйрете алмады. Ең алдымен шығаннан шыққан қашаған, атпасаң ұстатпайды, екінші — бұғалыққа бойлауық, — он жігіт тартып тоқтата алмайды; үшінші — төрт аяғын буып, аузын тұмшаламасаң ерттетпейді, — тебеді, тістейді; төртінші — үстіне адам мінсе, басын билетпей, тұмсығын төсіне тұқыра тығып алады да, орғып тулай береді, мінген адамды жықпай қоймайды. Қанша жыл азаптанып, үйрете алмаған соң, амал жоқ, сатпақшымын. Әйтпесе, сатуға адам қияр жылқы емес.

Балуан "маған сат!" дей алмады. Бұндай аттың бағасы кем дегенде 40—50 сом. Балуан Шолақта ондай ақша жоқ. Сондықтан Неғметжанды сөзбен торлап:
— Егер біреу осы атыңды үйрете қалса қайтер ең? — деді.
— Қалағанын берер ем, — деді Неғметжан.
— Егер аттың өзін қаласа ше?.
Неғметжан күмілжіп қалды.
— Біреуге сататын атын қимай ма? — десті тыңдаушылар. Неғметжанның, аузына сөз сап, — жай бермес, бұлын алып берер.
— Сөзіңнің сарынын аңғарып отырмын, — деді Неғметжан Балуан Шолаққа, — көңілің кетіп отыр екен. Әйтеуір сататын атым, саған - ақ берейін. Ойдағы бағамды да сұрамайын. Менің қолқам — осыны өз көзімше үйретіп мін! Мұның ең кем дегенде екі жуан аттық құны бар. Егер үйретсең — бір аттың ғана ақшасын төле, екінші аттың ақшасы — үйреткен еңбегің болсын. Осы атта кетіп баратқан кегімді әперсең болғаны. Расымды айтайын: тұлғасына қызыққанмен, мінезінен қорқып базарда ешкім алмады. Осымен базарға үшінші рет әкелдім. Егер сен алмасаң, амал жоқ, биыл соғымға сойып басын мүжимін...

Балуан асау атты Неғметжанның көз алдында үйретеді. Арпалысып баққанмен балуанның адуынан аса алмайды. Иесі қимағандай сыңай танытқанмен, уәдесінен тайқып кете алмайды. Нұрмағамбет те құр алмайды. Құнын төлейді. Қалтасында көк тиын болмаса да, қасындағы достары азын-аулақ ақшасын жиып береді.

- Ақбоз ат айта қалғандай болды. Семізден жарап, бауыры тартылғаннан кейін, маңайынан өткен кісі оның сұлулығына тоқтап қарамай кете алмады. Аяңдаса да, желсе де, шапса да ол алдына жылқы түсірмеді. Бірақ Шолақ оны "бір мінгенім — бір дәурен емес пе?" деп бәйгеге қоспады.

Ақбоз өте мінезді болды: Шолақтан басқаға атпаса ұстатпады, Шолақтың қолына құрықсыз тұрды, ерттеулі қалпында қаңтарусыз қойса қозғалмады, бос жіберсе қашпады, бейбіт оттамады, ішін жинақ қалпынан түсірмеді, "жат, кел, бар, отта, жуса!" деген сияқты сөздерді ұғып, бұлжытпай орындады.

Ақбозды Шолақ аса еркелетеді: мезгілінде оттатты, суарды, тамағын тәтті ғып берді, денесін кірлетпей күн сайын жуды, жал-құйрығын төгілдіре күн сайын тарады, атасынан қалған күмісті қалмақы ер - тоқымнан басқа тұрманды денесіне жолатпады, кекіліне үкі, құйрығына шолпы тақты, мінгенде денесіне қамшы тигізбеді. Солайша мәпелеген иесінің "аяңда, жел, жорт, шап!" — дегенін Ақбоз тізгінді ұстаудан аңғарды да, бұйрығын қалт етпеді, - деп суреттеледі шығармада.

Балуан Шолақ Ақбоз атын айрықша қадірлеген. Батырды жау көргендер әлсіз тұсы тұлпары деп тұзаққа да түсіргісі келген. Бұл оқиға желісі де Сәбит Мұқанов повесінде жазылған. Ақын өлеңдерінде де Ақбоз ат жиі айтылады.

Тəуекел алсын ерді панасына,
Ақылдың қараңдаршы данасына.
Қалдырып кетем бе деп Ақбоз атты,
Мировой келіп кірдім қорасына…

Ақбоз ат білінбейді біздің сорға,
Жануар түстің бе əлде, жайған торға!
Есігін конюшнаның бұзып кіріп,
Шығардым бірі – рысак, бірі – жорға.

Ашумен еріндерім күбірледі,
Тыңдаймын, басқа дыбыс білінбеді.
Бір қақпа қара тастан жымдасып тұр,
Ішінде бір зор қабан күрілдейді.

Ойласам мына дүние жалған екен,
Іздеген мақсатына барған екен.
Ақбоз ат келгенімді менің біліп,
Аузына шойын кілтті салған екен.

Оңдалған бала жастан менің жолым,
Білмедім дүниенің оңын-солын.
Бойыма осы күшім қалай сыйған,
Кілтті жұлып алды шолақ қолым.

Ақбоз ат алған атым топтан сайлап,
Көп дұшпан соңға түсті одағайлап.
Есігін тас сарайдың бұзып кірсем,
Ішіне қойған екен панар байлап.

Ақбоз ат, айналайын менің қалқам!
Сен үшін талай тасты қылдым талқан.
Жетектеп шылбырынан шығарғанда,
Аяғын басты атым алшаң-алшаң.

Жылқыны неге керек босқа мақтап,
Атты айт, мінген ерін жүрген сақтап.
Тоғыз жыл топқа мінген жануарым,
Иегін салды иығыма екі жақтап.

Ақбоз ат, бұл өнерің болды басым,
Домалар өрге қарай тепкен тасым.
Жасыңнан тіл үйренген тұлпарым-ай!
Көзімнің тыя алмадым аққан жасын.

Атадан ұл тумайды мендей сабаз,
Түрмеде қалды шіркін талай маңғаз.
Мировой қорлығына шыдай алмай,
Түбіне панарының жаздым қағаз:

"Түрмеде алты күндей болдым қонақ,
Сөйлеуге мизамыңды тілім олақ.
Жорға, рысак, Ақбозды алып кеткен,
Сұрасаң, менің атым – Балуан Шолақ!"

Балуан Шолақ пен Ақбоз ат жайлы ел арасында айтылып жүрген аңызға бергісіз айрықша әңгімелер көп. Бір деректерде алдымен Ақбоз ат, соңынан балуан дүние салған деседі. Енді бір әңгімеде: "Мен ауыл сыртына шығамын. Соңымнан Ақбоз атты босатыңдар. Егер артымнан еріп кетсе, демек кейінгі ұрпағыма әруағым қонбағаны" - деп балуан түзге шығады. Бұл әңгіме жайында балуанның немересі Қайролла Шолақов былайша баяндайды: "Артымда қалған ұрпақтарымда әруағым қала ма деп, Қарагерді жегіп, Ақбоз атты бос жіберіңдер. Ақбоз соңымнан қалмаса, онда әруағым өзіммен бірге кетеді. Ауылдан біраз шыққаннан кейін Ақбоз ат қалмай, шанада отырған иығына басын салып жүре берген екен. Сонда әкеме ауылға қайта ғой... - деген екен дейді сұқбатында.

Балуан Шолақ - алып күш иесі, ғаламат әнші-сазгер ғана емес, қазақ халқының мүддесі үшін күрескен тұлғаның бірі. 2014 жылы ел көлемінде 150 жылдығы аталып өтті. Ал 2017 жылы Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы мен Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша көркем фильм түсіру қолға алынған. Бастапқыда 2017 жылдың күзінде, кейіннен 2018 жылдың көктемінде жарыққа шығуы тиіс болған кинотуынды кешеуілдеуде. Оған басты себеп - компьютерлік графика жұмыстары ұзаққа жалғасқан. Бұл фильм жарыққа шықса, батыр бабамызды тағы бір қырынан танып, бір жасап қаламыз деп сенемін.

Ө. Сансызбай