Тәуелсіздіктің иесі – халық, халықтың анасы – Отан

Тәуелсіздіктің иесі – халық, халықтың анасы – Отан
Фото: bilim-all.kz

Біздің ең киелі, ең қасиетті ұғымымыз – тәуелсіздік. Азаттықтың тамыры тым тереңде. Талай ғасырлар қойнауына көз жіберіп қарасаңыз, осынау тәуелсіздіктің қандай қиыншылықпен, қандай азаппен келгенін түсінесіз. Отан, туған ел, халық ұғымын тәуелсіздіктен бөліп қарастыра алмаймыз. Барлығы тамырлас, бір-бірімен байланысып жатқан өзегі бір ұғым. Тәуелсіздіктің иесі – халық, халықтың анасы – Отан. Ұлық мерекеміздің қарсаңында оқырмандарымызға осы қасиетті де киелі, қастерлі ұғым жайындағы қазақтың мақал-мәтелдерін ұсынамыз.

Отанға опасыздық еткенің, 
Өз түбіңе өзің жеткенің. 

Отан – қуат, 
Отбасы – шуақ. 

Ел даусыз болмайды, 
Ер жаусыз болмайды. 

Ерінен айрылған көмгенше жылайды, 
Елінен айрылған өлгенше жылайды. 

Адам елінде көгерер, 
Қоға көлінде көгерер. 

Өз елінде көртышқан да батыр. 

Орағың өткір болса, 
Қарың талмайды. 
Отаның берік болса, 
Жауың алмайды. 

Егілмеген жер жетім, 
Елінен айрылған ер жетім.

Жат жердің қаршығасынан,
Өз еліңнің қарғасы артық.

Елінен безген ер болмас, 
Көлінен безген қаз болмас. 

Кісі елінде сұлтан болғанша, 
Өз еліңде ұлтан бол. 

Ж. Жұмағұлов