- Негізгі бет
- Ән
- "Біргеміз" әнінің тұсаукесері...
"Біргеміз" әнінің тұсаукесері
Достар, осыдан бірнеше күн бұрын бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмылып жасаған жұмысымыздың арқасында әр қазақтың көкейіне ой салып, рухын оятатын "Біргеміз" атты ән жазып, оған бейнебаян түсіргенімізді хабарлаған едік. Ендеше, уәдемізде тұрып, сол әннің бейнебаянын ең бірінші өздеріңізге ұсынбақпыз.
"Біргеміз" әні – ел ішіне іріткі салатындарға наразылық іспеттес. Бұл – қазақ халқына тасталған үндеу. Біз біргеміз, сондықтан да іргеміз әркез берік екенін бүкіл әлемге жар саламыз!
Әнін жазған: Әлібек Әлмәдиев ("Хочу к Меладзе" телешоуының финалисі).
Сөзін жазған: Жасұлан Исақаев (Массагет порталының тілшісі).
Орындаушылар: Әлібек Әлмәдиев және Шамшадин Омаров (Жұлдыз FM радиосында «Сәлем саған, туған ел», СТВ арнасында «Өмір тынысы» сынды бағдарламалардың жүргізушісі, «Алдаспан» тобының электро домбырашысы).
Клип режиссері: Ернар Алмабек (Массагет порталының тілішісі).
Біргеміз
1. Асыр салып, асық атып ойнаушы ек,
Құмында аунап, дариға кең даланың.
Тоқшылықтан жоқшылықты көп көріп,
Жас жуушы ед Анамыздың жанарын.
Талай қиын кезді бастан кешірген,
Мен ауылда туып-өскен баламын.
2. Елордада дүниеге келген ем,
Еркіндікке енді жеткен кез еді.
Ата-анамыз оқыта алмай ұл-қызын,
Жанға батты ауыр күндер кезеңі.
Сонда бізге сарқылмайтын күш берген,
Туған жердің тау, тасы мен өзені.
Қайырмасы:
Ауылдан деп, қаладан деп бөлгендер,
Арамызға іріткі сап жүргендер.
Бәріміз де бір қазақтың ұлымыз,
Бөлінбейміз, бөлінбейміз, бізді ешқашан бөлмеңдер.
Бірге биік қаланады іргеміз,
Бұл өмірде бөлінбеспіз мүлде біз.
Ел бірлігін ұран етіп қашан да,
Көк байрақтың астындамыз, бөлінбейміз.
3. Талай ұлттың ұл-қыздарын еліміз,
Бауыр басып, құшақ жайып қарсы алған.
Тілегіміз, жүрегіміз бір енді,
Күтсе-дағы қиындықтар қанша алдан.
«Бірлік түбі – береке» деп білетін,
Тату елміз төрткүл дүние тамсанған.
Қайырмасы:
Ауылдан деп, қаладан деп бөлгендер,
Арамызға іріткі сап жүргендер.
Бәріміз де бір қазақтың ұлымыз,
Бөлінбейміз, бөлінбейміз, бізді ешқашан бөлмеңдер.
Бірге биік қаланады іргеміз,
Бұл өмірде бөлінбеспіз мүлде біз.
Ел бірлігін ұран етіп қашан да,
Көк байрақтың астындамыз, бөлінбейміз.
Біргеміз!