Мassaget.kz ұсынады. Еліміздегі үздік 5 жас әнші

Мassaget.kz ұсынады. Еліміздегі үздік 5 жас әнші

Өнер сахнасына шыққаны кеше ғана болса да, өздерінің ерекше дауыстарымен, әсем әндерімен тыңдармандардың жүректеріне жол таба білген еліміздегі үздік 5 жас әншіні назарларыңызға ұсынғымыз келіп отыр.

Әлібек Әлмәдиев

Дана халқымыз "жігітке жеті өнер де аз" деп бекерден бекер айтпаса керек. Олай деуімізге жас әнші Әлібек Әлмәдиевтің бір емес, бірнеше аспапта ойнайтыны дәлел бола алады. 5 жасынан қазақтың қасиетті қара домбырасын жанына серік етіп, өсе келе өзге де музыкалық аспаптарда ойнап үйренген. Әлібек Астана қаласындағы С. Прокофьева атындағы №3 музыкалық мектепті үздік бітіріп, қазіргі таңда Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Өнер Академиясында білімін шыңдауда. Педагог-профессор, Қазақстанның халық әртісі Лаки Кесоглудың шәкірті. 17 жасында Қазақстандағы ең ірі жоба «Жұлдыздар фабрикасының» жеңімпазы атанады. Сол жылы "Туған елім" және "Бол қасымда" деген екі бірдей әнге бейнебаян түсіріп, көпшіліктің көзайымына айналады. Ол халықаралық «Дельфий ойындары», «Тәрбиелі ұрпақ», «Отаным деп шырқаймын», «Алтын микрофон» конкурстарының бас жүлдегері. Сонымен қатар, Ресейдің ең үздік жобасы «Хочу к Меладзе» телешоуының финалисі. Әлібек Әлмәдиев ән әлемінде өзіндік орны бар дарынды әнші.

Төреғали Төреәлі

Төреғали Төреәлі тек қана әншілік өнерімен ғана емес, айтыскерлігімен де алты Алашқа аты кеңінен танылған азамат. Жастайынан ән-жырға жаны құмар жігіт 9-сыныпты аяқтай салысымен арман қала Алматыға аттанып, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының колледжін актер мамандығы бойынша тәмамдайды. Талай аламан айтыстарда топ жарып, Жүрсіннің жүйрігі атанады. Ақындық өнер мен әншілікті қатар алып жүрген Төреғали көптеген хит әндердің авторы. Атап айтатын болсақ, «Ботам-ай», «Іздеме», «Қазақ жастары» деген әуезді әндері тыңдарманның жүрегіне жол таба білді. Өнер жолындағы жетістіктері жетерлік.

Ернар Айдар

Ернар Айдар өзінің ешкімге ұқсамайтын бойындағы табиғи дарынымен талайды тамсандырып, көрермендердің көзайымына айналып үлгерді. Бүгінгі таңда әсем, әсерлі әндерін паш етіп жүрген қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының бірі. Ернардың "Сенен басқа кiмiм бар?", "Жарығым-ай", "Әке", "Гүлдейсің", "Ай ару" әндері ел ішінде ерекше қошеметке ие. Репертуарындағы әндердің басым көпшілігі Шынберген Сүлейменов, Олжас Отар, Бауыржан Есебаев секілді әннің қыр-сырын шебер меңгерген тұлғалардың туындылары.

Әли Оқапов

Әли Оқапов Қазақстандағы тұңғыш музыкалық продюсер Тасқын Оқаповтың және Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның ұлы. 6 жасынан музыкаға жаны құмар жігіт көптеген әуезді әннің авторы. Оның репертуарында джаз, рок жанрындағы әндер де бар. Өйткені өзі де, әкесі де осы бағытты жақсы көрген. Әлидің жетістіктеріне тоқталмай-ақ қойсақ та болады. Ән айтып әуен шығарғанды, сонымен қатар бейнебаян түсіргенді ұнататын баланың болашағы жарқын болатынына сенімдіміз. Әли – ән әлемінде өзінің дара жолын салып келе жатқан жас әнші.

Бауыржан Ретбаев

Бауыржан Ретбаев – Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. Бүгінгі таңда ол Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында білім алуда. Жақында ғана өз мәресіне жеткен «Қазақстан дауысы» жобасының жеңімпазы. Жобаны үзбей көрген болсаңыздар, Бауыржанның қазақ әндерін де, шетелдің әндерін де өз нақышына келтіріп, жоғарғы дәрежеде орындағанын білесіздер. Танымал продюссер Ұлықпан Жолдасовтың шәкірті.

Сіздердің алып-қосарларыңыз бар ма, құрметті оқырмандар?

Сурет: news.headline.kz, kaztv.kaztrk.kz, saz-alemi.ru, kzsounds.kz

Ж. Исакаев