Әр қазаққа ой салатын ән

Әр қазаққа ой салатын ән
Фото: massaget.kz

Достар, осыдан бірнеше ай бұрын жаңа жобаны қолға алған болатынбыз. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмылып жасаған жұмысымыздың арқасында әр қазақтың көкейіне ой салып, рухын оятатын ән жазып, оған бейнебаян түсірдік. Енді соның жарнамасымен бөлісіп, сіздерден сүйінші сұрауды жөн көріп отырмыз. Әнді Алдаспан тобының солисі Шамшадин Омар және алғаш рет композиторлық қырымен танылған Әлібек Әлмәдиев орындайды, ал мәтіні Massaget.kz тілшісі Жасұлан Исакаевқа тиесілі. Бейнебаян режиссері  Ернар Алмабеков.

Бірнеше айдан бері бірлесе жұмыс істеген шығармашылық ұжыммен таныстырып өтуді жөн көрдік.

Алдаспан тобының бас домбырашысы әрі солисі Шамшадин Омаров Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында Домбырашылық дәстүр мамандығы бойынша білім алған. Өзіндік тыңдармандары бар әнші ұлдарыңыз республикалық, халықаралық дәрежедегі сайыстардың лауреаты. Қазіргі таңда Жұлдыз FM радиосында «Сәлем саған, туған ел», СТВ арнасында «Өмір тынысы» сынды бағдарламалардың жүргізушісі.

Дарынды әнші Әлібек Әлмәдиев бүгінде Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының магистрі. Педагог-профессор, Қазақстанның халық әртісі Лаки Кесоглудың шәкірті. Тамаша би билеп, домбыра, саксафон, гитара, фортепиано сынды аспаптарда ойнайды. ҚР Президентінің үздік оқушылармен өткізген ресми кездесуінің қатысушысы. Халықаралық "Дельфий ойындарының" алтын медалисі. «Әнші Балапан», «Отаным деп шырқаймын» конкурсының үш дүркін лауреаты, Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының республикалық "Феличита" вокалистер конкурсының екі дүркін лауреаты. Халықаралық "Алтын микрафон" конкурсының жүлдегері. "Хочу к Меладзе" телешоуының финалисі. «Біргеміз» атты әннің композиторы.

Бейнебаянның режиссері Ернар Алмабеков Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының Кино және телевидение факультетін тәмамдаған. Қазіргі таңда порталымызда Massaget.tv айдарын жүргізеді, «Махаббат, қызық мол жылдар», «Лағыл» сынды бірлестіктерге жетекшілік етіп жүр.

«Біргеміз» әнінің сөзін жазған Жасұлан Исакаев Абай атамыздың атын иеленген қасиетті қара шаңырақтың 4-курс студенті. Жастайынан жырға құмар болып өскен Жасұлан облыстық, республикалық ақындар айтысының, жыр мүшәйраларының жүлдегері. 2012 жылы «Жырға сапар» атты жинағы жарық көрген. Қазіргі таңда порталымыздың беткеұстар тілшісі.

«Біргеміз» атты әннің тұсаукесері 10 желтоқсанда болады. Жіберіп алмаңыздар!

Қ. Бүйенбай