- Негізгі бет
- Рухани жаңғыру
- 100 жаңа есім:...
100 жаңа есім: Мақпал Мыса, Назгүл Кенжетай, Әлібек Әлмәдиев
ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев: “Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс. Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны “Қазақстандағы 100 жаңа есім” жобасы арқылы іске асырған жөн” - деген еді “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында. “100 жаңа есім” жобасының 2018 жылы екінші кезеңі өтті. Екінші кезеңге 2388 өтінім түсіп, солардың қатарынан 29 үміткер жеңімпаз атанды. Олардың көпшілігі жастар. "100 жаңа есім" жобасының жеңімпаздары ақын Мақпал Мыса, әскери журналист Назгүл Кенжетай, әнші, музыкант Әлібек Әлмәдиев Массагет порталына қонаққа келіп, ”100 жаңа есім” жобасынан кейінгі өмірлеріндегі өзгерістер, болашақтағы жоспарларымен бөлісті.
Massaget.kz: Еліміздің “100 жаңа есімі” тізіміне енген жастардың еңбегі еленіп-ескеріліп, насихатталып жатыр ма?
Суретте әдебиет саласы бойынша тұңғыш рет "100 жаңа есім" жобасының жеңімпазы атанған ақын, Мақпал Мыса
Мақпал Мыса: “Біздің бұл тізімге енгенімізге әлі бір жыл болған жоқ. Ақпараттық жағынан насихатталып жатырмыз. Мен өз ұсынысымды Министрлікке айттым. Оның бірі тарихи поэмамды мектеп бағдарламасына енгізсе деген ұсыныс болды, екіншісі, мені шетелге оқуға жіберуге мүмкіндік берсе деген ұсыныс. Оған қатысты ешқандай жауап келген жоқ. Сондықтан, осы ұсыныстарыма жауап келіп жатса, мінеки, "100 жаңа есім" жобасының жеңімпаздары деп көрсетуге болатын шығар. Әзірше, ақпараттық жағынан насихаттап жатыр. Жақында ғана біз туралы 30 минуттық шағын деректі фильм түсірілді.
Назгүл Кенжетай: “Менің ойымша, Мақпал ханым айтып өткендей насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мен жеке басым туралы айтып өтетін болсам, мамандығым аса насихаттауды қажет етпейді. Көп нәрсе сыр болып қалуы қажет. “Қайда бардың, қай елдерде болдың?” деген сынды сұрақтарға жауап беруім міндетті емес. Себебі бұл туристік сапар емес. Егер “100 жаңа есімнен” кейін қандай да бір нәтиже бар ма десеңіз. Оны айта алмаймын. Жалпы маған рейтинг керек емес. Мемлекеттен аса көп нәтиже де күтпеймін. Неге бізді насихаттап жатыр? Басқаларға үлгі болсын дейді. Мысалы мен еш уақытта да мемлекеттің қаржысымен оқыған емеспін немесе мемлекеттік көмекті пайдаланған емеспін. Соған қарамастан, үкіметтен көмек күтпей-ақ белгілі бір нәтижеге жетуге болады екен. Осыны басқаларға да дәлелдеу үшін өткізілген жоба деп білемін. Менде ешқандай да реніш жоқ. Елдің менсіз де проблемасы көп. Соны шешсе, мен үшін сол абзал.
Әлібек Әлмадиев: Мен үшін “100 жаңа есім” жобасы маңызды. Ең біріншіден ақпараттық қолдау болып жатыр. Өнер жолындағы адамға ақпараттық қолдау аса қажет. Қазір Мәскеуде музыкалық тобым бар. Ол коммерциялық жоба. Құрманғазы оркестрімен Мәскеуде және Санкт-Петербургта концерттер өткіздік. “100 жаңа есім” жобасына енгеннен соң, осындай мүмкіндіктер алып жатырмыз. Біздің Мәскеудегі тобымыз “Мелодия великой степи” деп аталады. Жақында АҚШ-та концерт қоямыз деген ниетіміз бар. Ол туралы толық айта алмаймын. Жалпы, осындай мүмкіндіктер “100 жаңа есім” жобасының жеңімпазы атанғанымнан кейін пайда болды.
Massaget.kz: Жалпы, әйел затына ақын емес, жазушы болған жарасатын секілді. “Әйелден ақын шықпайды” деген сөз де кезінде біраз дау болды. Біз әйелді ерден бір саты төмен қоятын шығыс халқынанбыз ғой. Сенің өлеңге келуіңе кедергілер немесе “Сіз жазушы болыңыз немесе биге қатысыңыз” деген сынды ұсыныстар болды ма?
“Негізі алғашқы өнерім биден басталған (күлді). Шыны керек, таза өлеңнің жолында жүргеннен кейін кедергілер көп болады. “Қыздың жолы жіңішке” деп жатамыз, қыздың жауапкершілігі бар. Ол болашақта ана дегендей… Сондықтан болар көп ақын қыздарымыз өлеңді орта жолдан жазбай тастап кетіп жатады. Мүмкін олар өлеңді “махаббат” деп қабылдап, орта жолға келгенде кедергілерге тап болып, тастап кеткен шығар. Өз басым өлеңге “махаббат” деп қарап келгеніммен, қазір алдыма бір жекелеген мақсаттар қойып, соны елге насихаттасам деген жоспарларым бар. Соның алғашқы нәтижелерін де көріп жатырмыз. Сондықтан қай кезде де қызға өлең жазу ауыр. Ал мен керісінше қазір өлеңді бақ деп түсінемін. Соңғы уақытта екі поэма жаздым. Кәдімгідей еңсем көтеріліп қалды. Бірақ бір нәрседен қорқам. Қазір сәттіліктің буында жүрмін. Алдағы уақытта да жазатын дүниелерім көп. Ақын айтпау керек, жазу керек деп ойлаймын.
Massaget.kz: Назгүл, сен халықаралық журналиссің. Фотосуреттерің ВВС сынды беделді басылымдарда жарияланды. Фотограф ретінде арнайы білім алдың ба? Суретке түсірерде нелерге аса мән бересің?
Суретте халықаралық журналист, "100 жаңа есім" жобасының жеңімпазы Назгүл Кенжетай
Негізінде университет қабырғасында жүргенде 3 курстан бастап мамандырылған журналистикада әртүрлі сала бойынша тереңдетіп оқыта бастайды. Бағытты өзің таңдайсың. Журналистикада full package деген түсінік бар. Бұл дегеніміз журналист бесаспап болуы қажет. Егер сен бір жерге барып, тек қана жазып келетін болсаң, оны editor-да істей алады. Мысалы, сені Ливияға жіберсе, ол жерден радиода оқылатын, теледидардан көрсетілетін, газетке басылатын материалдар жинап әкелуің керек. Сенің қасыңа оператор, фотографтарды қосып жіберейін десе, олардың қауіпсіздігіне ешкім кепілдік бере алайды. Сондықтан сен өзің бесаспап журналист ретінде жалғыз аттануың қажет. Жақсы жағы жобаның авторы сен боласың, жаман жағы уақыт аз, бәріне үлгеруің қажет. Сол үшін фотография туралы тереңдетілген білім алдық. Мұның алдында да мақалалар жаздым. Олар Еуропалық басылымдарда жарық көрді. Бірақ ешкім мән беріп қарамады. Себебі мақаланы қазір ешкім оқымайды. Кез келген елдің қоғамы жалқау. Содан кейін сол мақалалар туралы суреттер жариялай бастадым. Мақалалардың рейтингісі жоғарылай бастады. Сосын суреттерді көп түсіруге бел будым.
Неге мән беру керек дегенге тоқталатын болсам, көргеніңді жеткізе білу қажет. Журналистикада мүмкіндікті ұстап қалу қажет. Өйткені сіздің айтуыңыз бойынша ешкім суретке түсіп тұрмайды. Сонсоң барлық құралдарыңыз дайын тұруы қажет. Егер сен тікұшақтан түсе сала ештеңең дайын болмай, жұмысқа кірісе алмай қалсаң материал да жоқ. “Оперативность”, “объективность” керек, сосын бірінші кезекте жинақы болуыңыз маңызды. Екіншіден, фотоаппараттың баптауларын жақсы білуіңіз қажет. Бір сапарда адреналинмен жұмысқа кірісіп кеттім де, кейін тыныш жерге шығып, аптығымды басып қарасам, бір де бір сурет жоқ. Бәрі аппақ. Себебі, баптауын дұрыс келтірмегенмін. Содан соң менде екінші рет ол жаққа бару мүмкіндігі туған жоқ. Ал менің көрген кадрларым өте жақсы кадрлар болатын.
Massaget.kz: Байқағаным суретті тек ақ-қара етіп түсіреді екенсің?
Себебі, әрбір фотографтың өзінің философиясы болады. Мен үшін ақ-қара түсті суреттер ең қанық түсті суреттер.
Massaget.kz: Әлібек өзің 4 тіл білесің, әнші-музыкантсың һәм дипломатия саласында білім алдың. Бұлай айтып отырған себебім, дипломат пен өнер адамының көтерген жүгі бір. Екеуі де елді жақындастырады, бейбітшілікке шақырады. Болашақта өзіңді дипломат ретінде елестесің бе, әлде әнші ме?
Суретте бірнеше халықаралық фестивальдердің лауреаты, "100 жаңа есім" жобасының жеңімпазы, әнші, Әлібек Әлмадиев
Біріншіден өзімді әнші деп білемін. Дұрыс айтасың, дипломатия да өнер сынды адамдарды бейбітшілікке шақырады. Дипломатия саласы бойынша білім алып жатырмын. Мұның бәрі жауапкершілік. Болашақта екі жолды қоса алып жүрем деп ойлаймын.
Massaget.kz: Мақпал, сен “Алматы телеарнасында” эфирге шығатын “Сәуле ғұмыр” әдеби-танымдық бағдарламасын жүргізуге келістім. Бұған қоса “Хабар” телеарнасынан да ұсыныс алдым. Егер авторлық, әдеби бағдарлама болса неге бағымды сынап көрмеске…” деген едің? Сол жобалар жүзеге асып жатыр ма?
“100 жаңа есім” жобасынан кейін менің даусыма, өлең оқу мәнеріме адамдар көп көңіл бөлді-ау деймін. Оған дейін де: “Сен неге радиода немесе телеарнада жұмыс істемейсің” деген ұсыныстар болған. Бірақ өзім жазуды бірінші қоямын. Кезінде аз уақыт телеарнада тәжірибе алғам. Телеарнада жүріп көп уақытымды жоғалттым. Сонсоң тіл байлығың да кеми бастайды екен. Ал қазіргі облыстық газеттегі жұмысымда емін-еркін көсіліп жазасың. Бұл да шығармашылық адамына керек екен.
“Сәуле ғұмыр” деген танымдық бағдарламаға жүргізуші етіп шақырды. Бір қызығы, ешқандай дайындығым жоқ. Сценарийді де оқығам жоқ. Бір күнде сондай үш хабар жүргіздік. Әрқайсысы екі жарым, үш сағаттан. Осы уақытқа дейін 11 хабар жүргіздім. Былай жаман шықпаған сияқты. Жақында ғана Хабар арнасынан ұсыныс түсті. Қазақстанда әлі болмаған жобаны бастап жатырмыз. Авторы – Мен. Жоба Kazbook деп аталады. Әдебиетке арналған танымдық бағдарлама. Бірінші түсірілімін жасадық. Бұл бағдарламаны 5-6 тілге аударып, басқа елдерде Қазақ тв арнасы арқылы көрсетеді.
Massaget.kz: Назгүл, “Мен қазір жеке жобамен айналысып жүрмін. Ол - “Отансыздықтың жүзі” деп аталады” деген едің. Сол туралы айтып берсең?
Бұл жоба кеше басталған жоба емес. 2016 жылы әскери журналистикадағы тәжірибесі мол журналистермен бірге бастағанбыз. Әскери журналистикада тәжірибесі мол бір ағамыз болатын. Суреттерімді алып барып көрсеткен кезде осындай жоба бастасаң болады деп бағыт көрсеткен еді. Кейін ойлана келе бұл жобамның атын “Отансыздықтың жүзі” деп атадым. Себебі, төлқұжаттың маңыздылығын көрсеткім келді. Бұл жоба мүлде жаңа форматта. Суреттері көп, аудиосы бар, жазуы аз. Жазу – босқындардан алған сұқбаттарым болады. Шығыс Түркістаннан қашып келген ұйғырлар мен қазақтар туралы да айтып өтемін. Ішінде керемет хикаялар бар. Мысалы, солардың бірі – инженермен болған сұқбат. Ол кісі ұшқышсыз басқарылатын ұшақтарды жасап шығаратын инженер. Бірақ отанынан босқын болып сыртқа кеткен. Мен көрген кезде күніне 2 долларға қара жұмыс істеп жүр екен.
Біз босқындар лагеріне барған кезде шетте өзімен-өзі отырған бір кісі назарымды аударды. Түріне қарасам білімді кісіге ұқсады. Сонымен бір апта бойы сол кісінің артынан жүгіріп сөйлетуге тырыстым. Ол кісі ағылшын, француз, неміс тілдерін жақсы біледі. Біз ол кісіге: “Неге Еуропаға шықпайсыз? Неге өзіңізді танытпайсыз? Олар сізді міндетті түрде жұмысқа алады. Қорғаныс министрлігінде жұмыс істейсіз” дедік. Ол кісі соғыс кезінде отбасын жоғалтып, содан күйзеліске түскен екен. Кейін жазып жүріп, түрлі органдарға жібердік. Қазір ол кісіні көпшіліr таниды. Осындай хикаялар, немесе енді тілі шығып келе жатқан 5-6 жастағы баламен сұхбатты айтуға болады. Бала өзінің аты-жөнін білмейді, әріп танымайды. Бірақ ұшақтардың қай елде жасалғанын біледі. Мысалы, “СУ25 Ресейде, F16 АҚШ-та, мынау Монстр, бұл Қытайда жасалған” дейді. Осылай ұшақ маркаларын бізге айтқан кезде таңқалдық. Кейін профессор, микробиологияны зерттеген ұлты ұйғыр кісімен сұқбаттастық. Ол кісі үнемі күйзелісте жүреді. Сол кісіден: “неге қабағыңыз ашылмайды, бақытты емессіз, көп армандарыңыз орындалып жатқан жоқ па?” дегенімізде: “Мен қай елдің атынан шығамын, қай елге барсам да мені босқын деп қабылдайды” деді. Жалпы, жаңа жобада осындай сұқбаттар, аудиолар, фотоальбом болады. Ешқандай менің пікірім болмайды. Ол үшін әлі Йемен сынды елдерге сапар шегуім қажет. Немесе өздерін көрсете алмай жатқан Пәкістан, Ливия, Таяу Шығыс, Украина сынды елдерден талай босқындар бар. Солардың бәрін жинақтап шығарғым келеді.
Сосын қарапайым төлқұжатымызды құрметтемейді екенбіз. Жаңа мен айтқан кісілер неге 2 долларға жұмыс істеп жүр? Олардың төлқұжаты жоқ. Қаншалықты профессор болсаң да, маңызы жоқ. Өкінішке орай жүйе солай құрылған. Осыны кітап арқылы көрсеткім келеді. Жоғарыдағы айтқан елдерге барып келгеннен кейін кітап бірнеше тілде шығады.
Massaget.kz: Кітап Қазақстанда шыға ма?
– Қазақстанда емес, бір жылдың көлемінде АҚШ-қа барып сол жақтағы ірі баспалардың бірінен шығарсам ба деген жоспар бар. Алла қолдап, жолым ашылып кетіп жатса...бұл жобаға қызығып жатқан адамдар көп. Немесе Еуропадағы ірі баспалардың бірі болса, ол ары қарай таратып бестселлер болып кетуі де мүмкін. Егер Қазақстанда шығарсам тек Қазақстан аумағына ғана тарайды.
Massaget.kz: Кітапты ағылшын тілінде жазып жатырсың ба?
Иә, ағылшын тілінде жазылып жатыр. Басқа тілдерге де тәржімаланады. Егер кедергілер болмай шығып жатса, тұсаукесерін Қазақстанда жасаймын.
Massaget.kz: Әлібек, болашақтағы жоспарларыңмен бөлісе отырсаң. Жалпы Қазақстанға оралу ойда бар ма?
Әрине, ойда бар. Міндетті түрде Қазақстанға ораламын. Қазір жасым 25-те, жаспын. Бойда күш-қуат бар да шетелдерде жұмыс істегім келеді. Тағы 2 жыл Мәскеуде, Санкт-Петербургте боламын. Алдағы уақытта АҚШ-та, Санкт-Петербургте концерттер өткіземіз деген жоспарлрымыз бар. Құрманғазы оркестрімен бірге сахнада өнер көрсету мектеп кезінен арманым болатын. Осы “100 жаңа есім” жобасының арқасында арманым орындалды.
Massaget.kz: “Арманым орындалды” деп жатырсыңдар. Жалпы “100 жаңа есім” жобасынаның жеңімпазы атанғаннан соң, өмірлеріңде, шығармашылықтарыңда өзгерістер болды ма?
Мақпал: Өзгеріс болды, әрине. Бұл жоба Елбасының “рухани жаңғыру” бағдарламысының аясында жасалып жатқан ешбір елде жоқ тың жоба. Бұл жоба қазақтың тарихын жасауға арналған жоба. Биыл жоба жеңімпаздарының көпшілігі жастар. Биыл жастарға көп көңіл бөлініп жатыр. Ең жасы 17-дегі Иван Крипак. Өзгеріс болды. Жалпы, біз шығармашылық адамымыз, аз насихатталып жүргеніміз жоқ. Бірақ сонда да бірнеше рет кездесулер өтті. Жақында Түркістан облысындағы ауылда менің өлеңдерімнен көркемсөз оқу жарысы өтіпті. Бұл дегеніңіз үлкен қуаныш. Өкінішке орай өзім бара алмадым. Алғыс білдіріп онлайн видеомды жібердім. Марапаттау қағаздарына қолымды қойдым. Жастар тарапына “жеке шеберлік мектебіңізді ашпайсыз ба?” деген ұсыныстар түсіп жатыр.
Massaget.kz: Назгүл, Түркия жоба жеңімпазы атанғаныңды естіді ме?
1-2 басылым, 1-2 арналар жазды, хабарлады. Олар да аздап танып қалды. “Осындай жетістікке жетіп жатыр екен” деп жаңалықтардан көрсетті. Негізінен табиғатым ұялшақ. Өзім туралы көп айта бермеймін. Бірақ сұқбат барысында бәрі “өзіңіз туралы айтыңыз” дейді. Айтпасаң тағы ыңғайсыз. Адамның қателерін түзетіп отыратын жанашыры болу керек. Ол – өзім. Сол үшін идеализмді ұстанғаннан кейін, көп минустарды айтпауға тырысамын. Жұмысыма байланысты ештеңе өзгере қойған жоқ. Ол жердегі адамдар түріңе не атағыңа қарап баға бермейді, жұмысыңды бағалайды. Жүйе сондай. Ал Қазақстанға келіп жатсақ бәрі шақырып жатады. “Өз медиа оқуыңызды ашасыз ба, тәжірибеңізбен бөлісесіз бе?” деп жатады. Бірақ мен әлі тәжірибеммен бөлісе алатындай қор жинаған жоқпын. Идеализм шыңына шықпай, оны басқалармен бөлісуге болмайды. Бәлкім пікірім дұрыс емес шығар. Дұрыс емес пікірлерді басқалармен бөлісуге тағы болмайды. Олар өзімде қала берсін. Уақыт өте келе жөнделеді.
Massaget.kz: Әлібек, сен Массагет порталымен бұрыннан шығармашылық байланыстасың. Сенде қандай өзгерістер болды?
Иә, 2014 жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. 2015 жылы Шамшаддин Омаров дейтін әнші досым екеуміз Массагеттің қолдауымен “Біз біргеміз” дейтін әнімізге бейнебаян түсірдік. Шамшаддин ауылда өскен қазақ, мен қалада өскен қазақпын. “Ауылдан деп қаладан деп бөлгендер,
Арамызға іріткі сап жүргендер.
Бәріміз де бір қазақтың ұлымыз,
Бөлінбейміз, біргеміз”, - деген сөздер бар ішінде.
Өзгерістер болды. Биыл көктемде Санкт-Петербургта “Народный махор” конкурсының жеңімпазы атанып, 500 мың рубльді қанжығама байладым. Ресейде концерттерге қатысқан кезде сахнаға шығарда “Әлібек Әлмәдиев, Қазақстанның “100 жаңа есімінің” жеңімпазы” деп шақырады. Ол – имидж. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік.
Massaget.kz: Уақыт бөліп келгендеріңе рахмет! Қайда жүрсеңдер де қазақтың мерейін асқақтата беріңдер.
Т. Раушанұлы