«Біздің қаланың ханзадасы» фильмі прокатқа шығады

«Біздің қаланың ханзадасы» фильмі прокатқа шығады
Фото: Қазақфильм киностудиясы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Адигул продакшн» кинокомпаниясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Біздің қаланың ханзадасы» көркем фильмі бүгіннен бастап прокатқа шығады. Режиссері әрі сценарий авторы – Қазақстанның халық артисі, қазақтың «жаңа толқын» өкілі – Талғат Теменов.

«Адамдар арасындағы бөлтірік», «Қызғыш құс», «Махаббат бекеті» сынды фильмдерімен көрерменге жақсы таныс Талғат Теменовтің жаңа кинотуындысы жалғыздықтың күйін кешіп жүрген балалар үйінің 6 жасар тәрбиеленушісі мен қарттар үйінің ардагері арасындағы достығы туралы баяндайды.

Естеріңізге сала кетсек, «Біздің қаланың ханзадасы» фильмінің тұсаукесері (жұмыс атауы «Бибол») үстіміздегі жылы 1 маусымда, Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Астана қаласында өткен болатын. Сонымен қатар, аталмыш кинотуынды қыркүйек айында Ресейде өткен ІІ Халықаралық «Еуразиялық көпір» кинофестивалінің негізгі бағдарламасы шеңберінде көрсетілген еді.

Фильмнің түсіру жұмыстары Астанада және Ақмола облысының Бурабай ауылында өтті. Басты рөлдерді Әнуар Төлеуғажы және ҚР еңбек сіңірген қайраткері Төлеубек Аралбай («Жаужүрек Мың Бала», «Жоюшы», «Тығырықтан жол тапқан») сомдады. Сонымен қатар, фильмге Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыка және драма театрының (Астана қаласы) актерлері түскен.

Қазақстандықтар «Біздің қаланың ханзадасы» фильмін 19 қазаннан бастап еліміздің кинотеатрларынан көре алады. Фильмнің прокаты келесі кинотеатрлардан жүргізіледі.

Ж. Жұмағұлов