Қазақстанда балалар үйі тәрбиеленушілерінің өмірі туралы хикая түсіріледі

Қазақстанда балалар үйі тәрбиеленушілерінің өмірі туралы хикая түсіріледі
Фото: Баспасөз қызметі

«Қазақстан» Республикалық телеарнасының тапсырысы бойынша «Көркем фильм» кинокомпаниясы «Армандар орындалады» деген жұмыс атауымен жаңа қазақстандық хикая түсіреді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі телеарна баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл фильм балалар үйі тәрбиеленушілерінің өмірі туралы сыр шертеді. 64 сериялы хикаяның түсірілімі 1 шілде күні басталады. Теленовелланы түсіруші – қазақстандық режиссер, продюсер және сценарист Рашид Сүлейменов.

«Көркем фильм» кинокомпаниясы телехикаяның басты және қосымша рөлдерін сомдауға қосымша кастинг жариялайды. Оның бір ерекшелігі кастингке балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысып, телехикаядағы басты және эпизодты рөлдердің бірін сомдауға мүмкіндік алады.

Хикаяда «Жасөспірімдер үйінде» тәрбиеленіп отырған тәрбиеленушілердің өмірі және үлкен өмірге жасаған алғаш қадамдары суреттеледі. Олардың барлығы қуаныш пен қайғыны, алғашқы махаббат, достық пен сатқындықты бастарынан кешіреді. Бірақ олар жалғыз емес. Бозбалалар мен бойжеткендерді ата-анасы мен туғандарының орнын басқан жолдастары, ұстаздары және тәрбиешілері қолдап отырады.

Фильмге актерлерді іріктеу бүгін басталады. Іріктеуге жастар үйінен 5 бала және танымал блоггер Серік Кенжебеков қатысатыны белгілі болды. 

Сериалдың түсірілімі 1 шілдеден басталады. Ал қай уақытта телеарнаға шығатыны әлі белгісіз.

Өтініштерді қабылдау 14 маусым, яғни жексенбі күні аяқталады. Кандидаттарды іріктеу 15 және 16 маусым күндері «Көркем фильм» кинокомпаниясының кеңсесінде өтеді. Толық ақпаратты мына телефон бойынша алуға болады: + 7 771 581 93 93.

Қазақ тілін білу және актерлік шеберлігі жоғары болу кандитаттарға тағайындалған міндетті шарт. Суреті бар түйіндеме мына мекенжай бойынша қабылданады: korkemfilm@list.ru.

Ф. Абилова