Нұр-Сұлтан қаласының халық саны қанша?

Нұр-Сұлтан қаласының халық саны қанша?
Фото: sputniknews, astanagov.kz,

19 қыркүйекте Нұрсұлтан қаласында VI кәсіпкерлер конференциясы ұйымдастырылды. Жиынға қала әкімі Алтай Көлгінов қатысып, елордадағы шағын және орта бизнес субъектілері, қаланың жалпы даму процесі жайлы баяндама оқыды.

Әкімнің айтуынша, соңғы 10 жылда елордадағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 есе артып, нәтижесінде 130 мыңға жеткен. Ал, қала халқының саны – 1 миллион 100 мың адам. Бүгінде елордада 22 590 орынға арналған жекеменшік балабақша мен мектептер жұмыс істеп тұр. Жекеменшік емханалар да дами түсуде. Қазіргі уақытта елордада осындай 14 мекеме жұмыс істейді.

– "Атамекен" палатасымен бірге шағын бизнеске арналған 1 мың орын деп аталатын тағы бір әлеуметтік шараны әзірледік. Ол жақсы жұмыс істеп тұр және оны одан әрі жалғастырамыз. Арнайы экономикалық аймақты да кеңейтеміз. Бұл бизнеске, әсіресе қаламыздың негізгі экономикалық драйвері саналатын құрылыс секторына қосымша мүмкіндік береді. №1 индустриялық парк те жақсы жұмыс істеп тұр. Ол 97 пайыз толған. Енді «Атамекен» палатасымен бірігіп, оны кеңейту мәселесін қарастырдық. Яғни, 400 гектар жерге №2 жаңа индустриялық парк құрамыз, - деді Алтай Көлгінов.

Еске сала кетейік, Қазақстандағы халық саны ең көп қала – Алматы (1 884 600 адам). Екінші орында Нұр-Сұлтан (1 109 600 адам), үшінші кезекте Шымкент (1 023 800 адам) қаласы тұр. Деректі 2019 жылдың 1 тамыз күні Статистика комитеті ұсынды.

А. Қажиев