Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді
Фото: google.kz

Нұр-Сұлтан қаласындағы Тәуелсіздік сарайында президент сайлауында жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті. Заңға сәйкес, Мемлекет басшысы Конституцияға қолын қойып, Қазақстан халқына ант берді.

– Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн!

– Ең алдымен маған зор сенім артып, қолдау көрсеткен барша Қазақстан халқына алғыс айтамын. Бұл сайлау шын мәнінде демократия талаптарына сай өтті. Сайлау алаңында нағыз ашық бәсекеге түсу мүмкіндігі болды.

– Осы өте маңызды саяси бәсекеде біздің халқымыздың даналығы, парасаты жеңді. Сондықтан бұл жеңіс - халқымыздың жеңісі.

– Президент ретінде халқымызға мынаны айтқым келеді: еліміздің әр азаматының мүддесін қорғау - менің басты мақсатым. Оларды саяси көзқарастары мен ұстанымдарына қарай бөлуге жол бермеймін. Түрлі саяси және қоғам қайраткерлерінен келіп түскен құнды ұсыныстарды, бастамаларды мен өз жұмысымда міндетті түрде ескеремін. Ашық және әділ жұмыс істеймін. Біз үшін ең маңызды міндет - заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар! Тағдырымыз бір! Халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз!

– Сайлау кезінде мен еліміздің біршама өңірлерін араладым. Менің саяси платформам - біздің азаматтардың басты талаптарына жауап болады. Ең алдымен, мен Қазақстанның үшінші жаңғыруы бағытында, Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мен біздің мемлекеттің басқа да стратегиялық маңызды жұмыстарымен айналысамын. Басқаша айтқанда, мен Елбасының стратегиясын жүзеге асыру үшін жұмыс істеймін.

– Бүгінде халықты ең алдымен не мазалайды? Ең бірінші - азаматтар барлық жерде әділдік орнауын қалайды. Әлеуметтік саясаттан бастап мемлекеттік органдардың халыққа әділ қызмет көрсетуін талап етеді. Халықты толғандырып отырған басты мәселе - табыс көлемінің азаюы. Халықаралық қаржы нарықтарының тұрақсыздануы, теңгенің девальвациясы халықтың табысына кері әсер етті. Миллионнан астам азаматтарымыз банктен несие алуға мәжбүр болды. Табысы жоғары және төмен азаматтарымыздың арасындағы алшақтық - біздің қоғамды мазалайтын тағы бір өзекті мәселе. Әрине, мұндай құбылыстар бүкіл әлемде бар. Дегенмен, тоқмейілсіп отыра беруге болмайды!

– Қымбатты отандастар! Алдымызда ауқымды әрі жалпыхалықтық міндеттер тұр. Мақсатымыз - айқын, жолымыз - ашық. Қазақстан жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар еліне айналды. Оның игілігін жастар мен келешек ұрпақ көреді. Біз - бабалар дәстүрін қастерлейтін, жаһанның озық жетістіктеріне ұмтылатын халықпыз. Бұл - біздің күш-қуатымыздың діңгегі. Біз алдымыздағы барлық қиындықтарды бірге еңсереміз. Біз қуатты әрі гүлденген Қазақстанның өркендеуі үшін бірге еңбек етеміз. Антқа адал болу, сертке берік болу - менің халық алдындағы қарызым. Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін. Баршаңызға амандық, құт-береке тілеймін. Қасиетті Отанымыз - Қазақстан Республикасы жасай берсін!

Ант беру рәсімінен кейiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Гимнi орындалды. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасы Президентiнiң куәлiгiн тапсырды. Осы сәттен бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз қызметіне ресми түрде кіріседі.

Еске салайық, 9 маусымда Қазақстанда Президент сайлауы өтті. Сайлау қорытындысы бойынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 70,76 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Бұл 6 миллион 504 мың 54 дауыс.

А. Қажиев