Тоқаев ауылына саяхат: ТүркСіб теміржолының бойындағы бұрынғы станция

Тоқаев ауылына саяхат: ТүркСіб теміржолының бойындағы бұрынғы станция

Ақпан мен наурыз айларында ел билігінде елең еткізер талай жағдай орын алды. Нөмірі бірінші жаңалық – Президент ауысты. Қасым-Жомарт Тоқаев қызметке кіріскен күннен бастап тұлғаның өткеніне қатысты ақпараттар көп ізделуде. Тіпті, кейбірі қазақта Кемел Тоқаевтай жазушы болғанын елдегі өзгерістен кейін біліп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда туған, алайда түп-тамыры Алматы облысы, Қаратал ауданы, Кәлпе деген аядай ғана ауылдан тарайды. Әкесі Кемел Тоқаев – дәл осы Кәлпенің тумасы. Алматыдан аттанған бір топ журналистер ат басын Президенттің атамекеніне бұрды. Мақсат – мақтау аралас әңгіме есту емес, ауылдың тұрмысымен, шынайы тіршілігімен танысу. Автордың фотокамерасына іліккен бейнекадрлар есті оқырманға есеп берсін.

Алматы–Талдықорған–Үштөбе–Кәлпе. Осы бағыт бойынша жүйткіп келе жатқан көлігіміз ақылы Қапшағай тасжолының шлагбаумына келіп тоқтады. Терминалдың тиын қабылдағышына 100 теңге салып, сапарды ары қарай жалғадық. Ақылы жолдың ой-шұқыры жоқ, айнадай жылтырап жатыр. Талдықорғанға дейінгі жолды оңай еңсердік.

Алматы мен облыс орталығының ара-қашықтығы – 270 шақырым. Ал Талдықорғаннан Үштөбеге дейін – 48, Үштөбеден Кәлпеге дейін – 27 шақырым.

Жетісудың жеті өзенінің бірі Қаратал өзенінің бойымен Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласына кіріп келе жатырмыз. Бұл өңір бұрыннан "Әулиелер мекені" атанған. Аудан аумағында 18 әулиенің кесенесі орналасқан.

Кемел Тоқаев бастауыш сыныпты Үштөбе қаласында оқыған. Болашақ жауынгер-жазушыға білім берген қарашаңырақ 1996 жылы оның құрметіне Кемел Тоқаев атындағы орта мектеп деп өзгертілді.

1996 жылға дейін №1 орта мектеп деп аталған білім ордасының қазіргі ұжымы журналистерді қуана қарсы алды. Мектепке кіре қалған тұсқа Кемел Тоқаевтың бюстін орнатыпты. Мектеп директорының айтуынша, бірінші сыныпқа қадам басқан әр оқушы алдымен Кемел Тоқаевтың өмірімен, шығармашылығымен танысады.

Кемел Тоқаев қазақ әдебиетіне детектив жанрын алып келген жазушылардың бірі. Оның шығармаларының түпнұсқалары мен тірі күнінде қолданған құралдары дәл осы бөлмеде сақталған. Аңғарсаңыз, бұл – Кемел Тоқаевқа арналған мұражай.

Мұражай қызметкері Валентина Спиридонова мұндағы экспонаттар мен мұражайдың тарихы жайлы айтып өтті.

– 1996 жылы мектебіміз Кемел Тоқаевтың атына берілгеннен кейін ол кісінің шығармаларын, тұтынған заттарын іздестірдік. Осы кезеңде Тоқаевтар әулеті көп көмегін тигізді. Жазушының ордендерін, домбырасы мен баспа машинкасын, көзілдірігін, костюмін музейімізге әкеліп табыстады.


– Қасым-Жомарт мырза біздің мектепке 4 мәрте келді. Ол кісі балалардан көмегін аяған емес. Бастауыш сыныптың оқушылары Жаңа жыл мейрамында дәстүрлі түрде жыл сайын Қасым-Жомарт мырзаның жолдаған сыйлықтарын алады. Мектебіміздің 35 түлегі ол кісінің тағайындаған арнайы гранты бойынша білім алуда. Әлеуметтік тұрмысы нашар жандарға да қол ұшын созады, - дейді мұражай қызметкері Валентина Григорьевна.

Аудан орталығында мектептен бөлек Кемел Тоқаевқа арналған бақ бар екен. Бұл орын жазушының 95 жылдық мерейтойына орай 2018 жылы ашылыпты.

Үштөбеден шығып Кәлпеге аттандық. Кәлпе – Жолбарыс батыр ауылдық округының орталығы. Округке Кәлпеден бөлек Қанабек, Қарашеңгел, Айдар ауылдары кіреді.

Қандай дәуір болса да қазақ даласында ата кәсіптен ажырап қалған ауылды көргеніміз жоқ. Кәлпеге де жақындағанда жусанның иісі аңқып, мыңғырған малдың даусы алыстан естіле бастады.

Ауылдың ішіне аяқ бастық. Үлкен бір той болып жатқанға ұқсайды, күй тартылып, ән айтылып жатыр. Кәлпеліктер Президенттің жерлестері атанғанын тойлап жатқан болуы керек.

Жоқ, қателескен екенбіз. Ауыл тұрғындары әз-Наурызды тойлап жатыр. Дүбірлі тойдың үстінен түсіппіз.

Кәлпенің халық саны – 1705 адам. Халықтың 1/5 бөлігі Наурыз тойын көппен бірге тойлау үшін ауылдың орталығына жиылыпты.


Бүгінше барлық шаруаны ысырып қойған ауыл тұрғындары ұл-қыздарымен ұлттық мерекені тойлауға келген.



Балалықтың қанына ойын азық. Үлкендер концерт қарап отырғанда бүлдіршіндер ойын қамына кірісті.

Бұл – Мерей. Ол Кәлпе орта мектебінің 5а сыныбында оқиды. Соңғы жаңалықтарға байланысты Мерейді әңгімеге тарттық.

– Қасым-Жомарт ағамыз жайлы мұғалімдер бізге үнемі айтады. Кішкентай күнінен ақылды болып өскен, мектепте төбелеспейтін, адамға оңай алдана қоймайтын бала болған деп айтады. Өскенде мен де сол кісі сияқты ел басқарғым келеді.

– Ауылымыз ұйымшыл, берекелі ауыл. Өзіміз осы ауылда туып-өстік. Өзім шаруа қожалығында қызмет етемін. Бұл қасиетті топырақтан Кемел Тоқаев, Қанабек Байсейітов, Бикен Римова сияқты қазақ мақтаныштары шыққан, - дейді ауыл тұрғыны Марат Қоржынбаев.

Жолбарыс батыр ауылдық округының әкімі Сержан Андасбаевтың айтуынша, Кәлпенің жеке елді-мекен болып қалыптасуына ХХ ғасырдың басында салынған ТүркСіб теміржолының осы өңірге келуі ықпал еткен.

– Ауылымыз 1992 жылға дейін Кәлпе станциясы деп аталған. Кемел Тоқаев осы ауылдан түлеп ұшты. Өзінің шығармаларында да біздің елді-мекендерді тілге тиек етеді. Мысалы, "Сарғабанда болған оқиға" шығармасы Кәлпеден 3 шақырым қашықтықта орналасқан Сарғабан қыстағында болған оқиғаларға негізделіп жазылған.

Ауылдың атауының мағынасын, елді-мекен болып қалыптасу тарихын білмекке ауыл ақсақалдарына жолықтық.

– "Кәлпе" деген бұл – Жалайыр руының ішіндегі елдің аты. Ауылды сол кәлпелердің құрметіне атаған. Одан кейін Кеңестік дәуірде ауылдың атауы бірнеше мәрте өзгерді, - дейді ауыл ақсақалы Күлән ата. 

Ақсақалдан Кемел Тоқаев жайлы сұраған едік, "Оны несіне менен сұрайсыңдар. Келесі көшеде Кемелдің туысқаны Мағфура деген апаларың тұрады. Соның өзінен сұраңдар", - деп жол көрсетті.

Байсаков көшесіндегі ақ кірпішті 17-үй. Ақсақал дәл осы мекен-жайды берген. Ашық тұрған қақпадан ішке кіріп, Мағфура апамызбен амандық сұрастық. Келген жөнімізді айтқасын, ол кісі бізді қонақ бөлмесіне кіргізді. Арада минут өткенде, журналист пен кейіпкер арасындағы диалог та басталып кетті.

– Кемелдің осы ауылдағы туыстарының арасынан бүгінде мен ғана қалдым. Қалғандарының барлығы бұл дүниеден өтіп кетті. Кемел екеуіміз аталас ағайынбыз. Менің анам Кемелдің кіндік шешесі болған. Ол енді жазушы ғой, тұңғиық ойдың адамы. "Сарғабандағы оқиға" шығармасындағы кейіпкерлердің көбісі осы ауылдың тұрғындары. Ішінде менің әкемнің де прототипі бар.

– Қасым-Жомарт бала күнінен білімділігімен топ арасынан ерекшеленген. Сондай салмақты, артық сөз сөйлемейтін бала болып өсті. Бүгінде білім-парасаты толысқан шақта ел тізгінін қолына алды дегенді естіп қуаныштан жылап та алдым. Біз соншалық жақын араласпаймыз. Дегенмен, бауырдың аты бауыр ғой. Іштей амандығын тілеймін. Ауру-сырқаудан, бәле-жаладан аман жүрсін.

– Менің 8 балам, 13 немерем, 5 шөберем бар. Барлығын аяқтандырдық, өз бастарына жеке отбасы болып ғұмыр кешіп жатыр. Мынау – қара шаңырақ. Балалар қызметте, қартайғанда осы тұрақта бір өзім өмір сүріп жатырмын, - деп Мағфура апамыз әңгімесін қорытындылады.

Мына көше бұрындары "Колхозный" деп аталатын. 1986 жылы ол Кемел Тоқаев көшесі болып өзгерді. Себебі, дәл осы көшеде қазақтың белгілі жазушысы Кемел Тоқаев тұрған.

Шамамен 600-700 метрге созылған Тоқаев көшесімен жүріп өттік.

Көктемнің келгені сезіледі. Ауыл тұрғындары ауланы тазалауға кірісіпті.

Бірі үйдің сыртын әктеп жатыр.


Ауылдың негізгі кәсібі – диқаншылық. Тұрғындар көктем келісімен техникаларын да алдағы уақытта басталатын қызу жұмысқа дайындап жатқанға ұқсайды.

Келесі үйдің ауласында ойнап жүрген Айдана, Нұрәділ, Рамазан, Рақымжан есімді балалармен әңгімелестік. Ішіндегі пысықтауы Айдана екен.

– Қасым-Жомарт ағаны теледидардан көрсеткен сайын үйдегілер бізге ол кісінің біздің ауылдан шыққанын айтып отырады. Шын өмірде ол кісіні көрген емеспіз, бірақ іштей өзімізге жақын тартамыз. Ол кісі тек кәлпеліктерге ғана емес, тұтас Республикамыз үшін мақтан тұтар тұлға деп ойлаймын, - дейді Айдана.

Округ әкімінен сұхбат алғанда ауылда мектеп, азық-түлік дүкені, мешіт сияқты орындардың барын айтқан еді.

Орталық көшемен жүріп келе жатып жанармай құю бекетін көрдік.

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш те осы маңға орналастырылыпты.

Ауылды көлікпен бір айналып өтіп, бағытты Үштөбеге, Талдықорғанға, Алматыға бұрдық. Сапардың соңы!