ЮНЕСКО-да Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің негізгі мазмұны таныстырылды

ЮНЕСКО-да Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің негізгі мазмұны таныстырылды
Фото: mfa.gov.kz

"Мәдениетаралық диалог зорлық экстремизм мен жанжалдардың алдын алудың құралы ретінде" атауымен 28 қыркүйекте Парижде өткен дөңгелек үстел аясында Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігі еліміздің осы саладағы тәжірибесімен таныстырды. Ерекше назар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің және оның 10-11 қазан күндері Астанада өтетін алтыншы басқосуының негізгі мазмұнына бөлінді, - деп хабарлайды Француз Республикасындағы ҚР Елшілігі.

Ислам ынтымақтастық ұйымына (ИЫҰ) мүше мемлекеттер бірлесе ұйымдастырған іс-шараның ашылуында ЮНЕСКО-ның Этика және жастар саясаты департаментінің директоры Анжела Мело сөз сөйледі. Ол дөңгелек үстелге қатысушыларды ЮНЕСКО Бас директоры Одрэ Азуленің атынан жылы құттықтап, талқыға салынған тақырыптың жаһандық маңыздылығын және өз ұйымының діни конфессиялар өкілдері арасындағы және басқа да мәдениетаралық диалог үлгілеріне ерекше көңіл бөлетінін және барлық үкіметтер мен азаматтық қоғамның осы бағыттағы әрекеттерін белсенді қолдайтынын жеткізді.

- Біз Қазақстанның ұсынысымен жария етілген және ЮНЕСКО-ның жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан Мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығы (2013-2022 жж.) мұраттарына сәйкес мәдениеттер мен діндер арасындағы үнқатысу көпірлерін көтеруге қолдауымызды жалғастыруымыз жөн, - деді А. Мело. Естеріңізге салсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған бастамасы халықаралық қауымдастықтың кеңінен қолдауына ие болып, 2012 ж. 17 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 67/104 қарарымен мақұлданған болатын.

Пікір алмасу барысында ЮНЕСКО, ИЫҰ, Францияның Білім беру министрлігі, ЮНЕСКО-ға мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдіктері, ғылыми-зерттеу орталықтары мен азаматтық қоғам өкілдері діни экстремизмнің алдын алу мақсатындағы кешенді жұмыс аясындағы мемлекеттік органдар, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың тәжірибесін таныстырып, талқыға салды.

Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілінің орынбасары Асқар Абдрахманов Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің алдағы басқосуының негізгі тақырыптарымен таныстырды. Оның бас мақсаты тұрақты диалог жүргізу мен адамсүйгіштік құндылықтарын насихаттау арқылы халықтар мен мемлекеттердің бірлесе бейбіт өмір сүру үшін діни қауымдастықтар, саясаткерлер мен азаматтық қоғамның күштерін барынша жұмылдыру болып табылатынына ерекше назар аударды.

Өз кезегінде Халықаралық Түркі академиясының (Астана қ.) аға сарапшысы Тимур Козырев өз сөзінде Қазақстан мен өзге де түркі тілдес мемлекеттердің тәжірибесіндегі мәдениетаралық диалогты ынталандырудың нақты мысалдарын келтірді. Баяндамасында ол, сондай-ақ, қоғамымыздағы ұлтаралық және дінаралық төзімділік дәстүрлері қалыптасуының отандық тарихтағы алғышарттарына және Қазақстан халқы ассамблеясын қоса алғанда қоғамдық келісімді нығайту мен көпұлтты қоғамды әралуан этностар мен конфессиялар арасындағы сындарлы ықпалдастықты қамтамасыз етудің тиімді құралдарына ерекше көңіл бөлді.

Дөңгелек үстел қорытындысымен қатысушылар дінді саяси жанжалдарда жұмсауға жол бермеудегі үйлесімді халықаралық әрекеттің және зорлық экстремизм идеяларына мәдениетаралық диалог арқылы төтеп беруде, саналарын экстремисттік идеологиялар улаған адамдарды қоғамға қайтаруда әлемде жинақталған тәжірибемен жиі алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Н. Үсенова