ҚМДБ мен Ақтөбе әкімдігі ортақ меморандум қабылдады

ҚМДБ мен Ақтөбе әкімдігі ортақ меморандум қабылдады
Фото: muftyat.kz

Бүгін Ақтөбе қаласы əкімдігінде облыс əкімі Бердібек Сапарбаев пен Бас мүфти Серікбай қажы Ораз ортақ меморандумға қол қойды. Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Қабылданған құжат имамдардың білімін көтеру, дін қызметкерлерін əлеуметтік қолдау, қоғамдағы тұрақтылық пен татулықты сақтау, діни экстремизмге ықпалдасып жол бермеу, жастарды отансүйгіштікке тəрбиелеу, оларды жат ағымның ықпалынан сақтандыру, қайырымдылық акцияларды ұйымдастыру, білім, оқу-ағарту саласы бойынша біріккен жобаларды жүзеге асыру, т.б. бағыттар бойынша бірлесе қызмет етуді көздейді.

Кездесу барысында өңір басшысы Бердібек Машбекұлы аймақтағы діни ахуал туралы да баяндады.

- Құрметті Серікбай қажы Сатыбалдыұлы, Сіздің Ақтөбеге арнайы сапармен келуіңіз жергілікті жамағатқа жігер береді. Қазір біздің облыста 67 мешіт бар, онда 117 имам жұмыс істейді. Өткен жылы республика деңгейінде танымал 30-дан астам теологты арнайы шақырып, жергілікті тұрғындар арасында түсіндіру шараларын жүргіздік. Дəстүрлі дінге бет бұрып жатқан азаматтар саны да жыл сайын артып келеді. Қайырымдылық бағытындағы жұмыстарға да көңіл аударып келеміз. Қазір біздің облыста жетім балалар үйі жоқ", - деп атап өтті Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар облыс əкімі Бас мүфтимен екпе салдырудан бас тартқан азаматтар мен бірыңғай мектеп формасына қатысты туындаған сауалдарды талқылады.

Өз кезегінде сөз алған Серікбай қажы Сатыбалдыұлы:

- Қадірлі Бердібек Машбекұлы,  Сіздің бастамаңызбен Ақтөбе облысында діни салада игі іс-шаралар атқарылуда. Бұл бастамаларды өзге де өңірлерге тəжірибе ретінде жүзеге асыруға болады. Бүгінде ҚМДБ-ның əлеуеті күн санап артып келеді. Білім, ағарту саласына да көңіл бөліп отырмыз. Қазір "Нұр Мүбəрак" университетінде 2000-ға жуық шəкіртіміз білім алуда. Бұл - санаулы жылдарда діни қызметкерлердің қатары жоғары білімді мамандармен толығады деген сөз. Жуырда ҚМДБ жанындағы "Қажылық қоры" есебінен 100 имамға 50 мың теңге көлемінде жалақы тағайындау туралы шешім қабылдадым. Алла қаласа, имамдардың әлеуметтік мәселесі де кезең кезеңімен оң шешімін табады деп сенемін. Тағы бір жағымды жаңалықтың бірі - Астанада мүфтияттың жаңа үлкен ғимаратын ашу жоспарланып отыр", - деді Бас мүфти.

Кездесуден өзге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Ақтөбе облысының əкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен əкімдік жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңейтілген Кеңес отырысына қатысты.

Ө. Сансызбай