Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған тренинг өтті

Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған тренинг өтті
Фото: qogam.gov.kz

ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитеті дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған оқыту тренингін өткізді.

Министрліктің баспасөз қызметі хабарлағандай, журналистерге оқыту тренингін өткізудің маңызы жоғары. Негізінен аталған іс-шараның мақсаты - дін мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты іске асырудағы басымдықтарды айқындау және ұсыныстар қалыптастыру, сондай-ақ дін саласы туралы тұрғындарды ақпараттандыру бойынша өзара пікір және тәжірибе алмасу болып табылады.

Іс-шараның ашылуында Қоғамдық келісім комитеті төрағасының м.а. Балғабек Мырзаев сөз сөйлеп, қоғамдық пікірді және деструктивті діни идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыруда БАҚ өкілдерінің ерекше рөл атқаратынын атап өтті.  

Сондай-ақ, Балғабек Мырзаев Қазақстанда конфессияаралық келісімді сақтау және нығайту саясатын қолдау, сондай-ақ радикалды діни ағымдардың идеяларына қарсы тұру және халық үшін қажетті иммунитетті қалыптастыру, сондай-ақ дәстүрлі рухани құндылықтарды және зайырлы қағидаларды ілгерілетуде БАҚ өкілдерін белсенді болуға  шақырды.

Тренинг барысында Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлмира Билялова, "Kazmedia" медиамектебінің директоры Махаббат Есен, "Қазақстан" телеарнасының тілшісі Нұрбек Бекбау сияқты танымал спикерлер қатысып, дәріс оқыды.

Ө. Сансызбай