Термин сөздерді қазақ тіліне аудару керек пе?

Термин сөздерді қазақ тіліне аудару керек пе?
Фото: 123rf.com

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында тағы бір анық көрсетілген маңызды бөлім, термин сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесі. Яғни мақалада ол былай деп көрсетілген: 

Екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз. 
Оның мәні мынада: 
1. Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гума­нитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет. 
2. Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таң­даулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауымыз керек. 
3. Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарға кірісе бергені жөн. 
Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткіземіз?
Ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз. 
Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге не­ғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз.     

Осы мәселе бойынша қазір қандай жұмыс жасалып жатыр?
Елімізде арнайы тіл ғалымдары мен тұлғалар арасында комиссия құрылып, ақын-жазушылардың қатысуымен кітаптарды аудару науқаны басталып кетті. Тек сол аудару кезінде кездесетін терминдерді қазақ тіліне аудару қажеттілігі қаншалық деген сұрақ тұр. Бұл жөнінде үлкен талқылау болды. Талқылау «Хабар» арнасында, «Әңгіменің ашығы» бағдарламасында жүзеге асты. Біз осы пікірталасқа қатысып, өз ойымызды және сонда айтылған ойлардың түйінін ұсынып отырмыз.

Барлық терминді қазақ тіліне аударудың қажеті жоқ. Себебі ол мүмкін емес. Біріншіден, термин халықаралық атау. Одан қала берді әр ел терминдерді өз қалауынша атап, оған балама атау береді. Ал кейбір тұрақты терминдерді қалдыру маңызды. Әсіресе медицина тіліндегі терминдерді аудару үлкен жұмыс. Барлығы латын тілінде берілген және олардың терминдік атауы бұзылмай келе жатқанына талай жылдың жүзі болды. 

Терминдерді аударудан бұрын керісінше латын әліпбиіне өту арқылы, бізге жат сырттан енген сөздерді үндестік заңына бағындыра отырып, фонетикалық тұрғыда төл дыбыстарға идіру керек. Яғни тура сол қалпында емес, қазақ икемге, грамматикалық құрлысқа салып атау керек. Осы арқылы біз терминдерді тез меңгере отырып, өз тіліміздің де әлемдік тіл сахнасына енуіне жол аша аламыз. 

М. Ақан