Қазақстан ағымдағы жылы 23,1 млн тонна астық жинады

Қазақстан ағымдағы жылы 23,1 млн тонна астық жинады
Фото: kazakh-zerno.kz

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің селекторлық режимдегі отырысында ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов егін жинау жұмыстарының қорытындысы туралы есеп берді. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.

Астықтың жалпы жиынтығы бункерлік салмақта 23,1 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 есеге артық. Орташа өнім 15,2 ц/га құрады. Ақмола облысында 5,7 млн тонна, СҚО-да 5,6 млн тонна, Қостанай облысында 5,5 тонна астық тартылды. Қарағанды облысында 1 млн тоннадан астам астық жиналды. Өнімділік 14 ц/га құрады, бұл облыстың егін шаруашылығының бүкіл тарихындағы рекордты түсім болып есептеледі.

Сонымен қатар, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында тары өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда сәйкесінше 4 және 3 есе артты.

Оңтүстік өңірдің облыстары мақта, қант қызылшасы және күріш өнімдерін жинау жұмыстарын жүргізіп жатыр, тиісінше жоғары түсім болады деп күтілуде. Биыл күріштің жалпы жиынтығы 432 мың тоннаға жетті. Қызылорда облысында өнімділік 47 ц/га құрады, сәйкесінше, бұл рекордты көрсеткіш.

Бұдан өзге, вице-министр майлы дақылдар бойынша орылуы керек алқаптың 46,7%-ы орылғанын айтты. Жалпы жиынтық өткен жылғыдан 1,2 есе көп болады деп болжануда. Өнімділік 10 ц/га құрайды. Ескерер болсақ, соңғы 5 жылда ол 8,1 ц/га аспаған.

Отырыста егін жинау науқанының оңтайлы уақытта аяқталуы ұйымдастырушылық деңгейінің жоғары болуының, материалдық-техникалық жабдықтау мәселесінің дер кезінде шешілуінің және жоғары түсімді егін жинау техникасын қолданудың арқасында болғаны айтылды.

T. Кіршібаев