Су тасқынынан зардап шеккен атыраулықтар баспаналы болды

Су тасқынынан зардап шеккен атыраулықтар баспаналы болды
Фото: 24.kz

Атырауда көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен үйлердің тұрғындары жаңа да жайлы баспанамен қамтылды.

Естеріңізде болса, осы жылдың мамыр айында бірнеше күн толассыз жаңбыр жауып, жекеменшік сектордағы мыңға тарта тұрғын үй су астында қалған болатын. Олардың ішінде 230 отбасының жағдайы нашар болғандықтан, жергілікті биліктің көмегіне жүгінді. Тілсіз жаудан зардап шеккен 38 тұрғынға пәтер берілсе, 172 үйдің иесіне жөндеу жұмыстары үшін қаржы аударылды. Сонымен қатар 52 отбасына 1,5-3 млн теңге аралығында материалдық көмек берілді. Апаттан соңғы қалпына келтіру жұмыстарына бүкіл облыстағы ірі кәсіпорындар да жұмылды. Солардың бірі 5,5 мыңға тарта жұмысшысы бар «Ембі» мұнайшылары өз қалталарынан ақша жинап, зардап шеккен жандардың есепшотына 18 млн теңге аударған болатын. 

Рысты Тасмағамбетова, мұнай өндіру компаниясы бас директорының орынбасары:

- Бұл апатқа біздің ұжым да бейжай қарай алған жоқ. Жас мамандар өздері жеке қаражат жинап, арнайы техникалардың көмегімен су басқан үйлерді құрғатты. Баспанасыз қалған жандарды ыстық аспен қамтып, алғашқы көмектерін де көрсеткен болатын. Оған қоса бүкіл мұнайшылар ұжым болып бір күнгі жалақыларын аударды. Қазір сол қаржыға салынған жаңа үйлерге жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектер қоныстанып жатыр. 

Қалым Құрманов, зейнеткер:

- Судың тереңдігі 1-1,5 метрдей болды. Содан бір күн үйден шыға алмай жаттым. Ертеңіне әкімдікке бардым, олар үйді суретке түсіріп, судың тереңдігін өлшеді. Ризамын. Мұндай үйді енді маған кім салып беретін еді.

Дереккөзі: 24.kz

Ж. Өрісбай