Біріккен Араб Әмірліктерінде Назарбаев бейнеленген марка сатылымға шықты

Біріккен Араб Әмірліктерінде Назарбаев бейнеленген марка сатылымға шықты
Фото: massaget.kz

Қазақстан президенті бейнеленген марка Біріккен Араб Әмірліктерінде сатылымға шықты.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 қазаннан бастап Қазақстан мен Араб Әмірліктері арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға арналған маркалар айналымға шығарылды. Пошталық маркаларда екі елдің басшылары  ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және БАӘ Президенті шейх Халифа бен Заид Аль Нахаян бейнеленген. Марканың атаулы құны 200 теңге, таралымы  10 мың дана. Суретін салған — Қуат Ибрайшин, марка 4 бояулы және перфорациясы жоталы. 

Айта кетейік, шығарылым түрі  маркалы парақ. Парақтың өлшемі 140х105 миллиметрге тең, ал өлшемі  28х35 миллиметр, марка "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Банкнот Фабрикасы" Республикалық мемлекеттік кәсіпорнында басылып шығарылды.

Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 1 қазанында орнатылып, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық өзара түсінушілікке бағытталып келеді.

Дереккөз: Tengrinews.kz 

С. Ерсін