Қостанай қаласының бұрынғы әкімі ұсталды

Қостанай қаласының бұрынғы әкімі ұсталды
Фото: tn.kz

Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжанов 8 қыркүйек күні сағат 17.05-те қызметін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды, - деп хабарлайды "Наша газета". Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.

Бұл жөнінде хабарлама бүгін, 9 қыркүйекте Қостанайдың №2 сотына келіп түсті. Ертең, 10 қыркүйекте облыс орталығының бұрынғы басшысына қолданылатын бұлтартпау шарасына байланысты мәселе қаралады.

Еске сала кетейік, бұған дейін әкімнің қызметінен кеткені хабарланған еді. Қостанай облыстық әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер Ахметбек Ахметжановтың өз қалауы бойынша қызметінен босағанын хабарлады. Оның орынбасарларының сотталуына байланысы бар-жоғы айтылған жоқ. Қала әкімінің уақытша міндетін атқарушы болып Сәндібек Қайрат Амантайұлының тағайындалғаны белгілі болды.

Айта кетейік, Ахметбек Ахметжанов Қостанай әкімі болып 2014 жылы 18 маусымда тағайындалған. Оның екі орынбасары бұған дейін ұсталған еді - Мақсұт Қалиев пен Фрунзик Аракелян. Қалиев 13 миллион теңге пара алды деп айыпталса, Аракелянға лауазымын асыра пайдаланып, 300 мың теңге пара алды деген айып тағылды. Екі шенеунік те сотталды. Әкімдіктің баспасөз қызметінде қала басшысының отставкаға кетуі туралы мәселе қозғалған жоқ.

М. Бисембаева