Қазақстан ағылшын тілінің біліктілігі бойынша әлемде 54-орында

Қазақстан ағылшын тілінің біліктілігі бойынша әлемде 54-орында
Фото: seastar-kerch.com

Әлемнің түкпір-түкпірінен 750 мың адамнан сауалнама алған EF EPI жаһандық сараптамасының нәтижесі бойынша, Қазақстан ағылшын тілін жақсы меңгерген елдер арасында 54-орынды иемденген.

Қазақстанның азаматтары ішінде көбіне ересектер көрсеткіші айтарлықтай өскен. Айта кетсек, соңғы 7 жылда 18 бен 34 жас аралығындағы ел азаматтарының тілдік біліктілігі 11,23 баллға (EF көрсеткіші) жоғарылапты. Дегенмен, Қазақстан әзірге ағылшын тілін нашар игерген елдердің қатарында қалып отыр. Ескере кететін жағдай, ағылшын тілін меңгерген қазақстандық әйелдер саны ерлерге қарағанда көп болып шыққан.

Ағылшын тілі – ғаламдық экономиканың үдерісіне іргелес дамудің негізгі кілті. Себебі халықаралық ұйымдардың ресми тілі мен кәсіби, мәдени және экономикалық тәжірибе алмасудың қарым-қатынас құралы ағылшын болып саналады.

Сауалнаманың негізгі стандартты нәтижелері:

- Скандинавиялық елдер әдеттегідей рейтинг көшбасшысы;

- Бүкіл әлемде ағылшын тілін ерлерге қарағанда әйелдер көп меңгерген;

- Жыл сайынғы рейтингте Еуропа елдері алдыңғы қатардан көрінсе, Азия елдерінің көрсеткіші тұрақсыз өзгеріп отыр.

- Соңғы бір жылда оңтүстік-шығыс Азиядағы Индонезия, Тайланд және Вьетнам елдері ағылшын тілін игеру бойынша ең жылдам үдерісті көрсеткен;

- Индонезия Гонконг, Жапония және Тайуаньның деңгейіне жете алған;

Латын Америкасы, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка елдері ең төмен көрсеткішке ие болған. Аргентина, Доминикан Республикасы және Біріккен Араб Әмірлігі елдері ғана орташа деңгейге жеткен.

Ағылшын тілінің әлемдік деңгейдегі қолданысқа жетуіне тарихи экономикалық даму үдерісі негіз болған. Орта ғасырда басталған отарлау саясаты ағылшын тілінің беделін бір көтерсе, бүгінгі экономиканың қарқынды дамуы бүкіл әлем елдерінің ортақ тілге мүдделі екенін дәлелдеді.

Ж. Өрісбай