«Алатау жастары» жаңа бағдарламасымен кімдер үй ала алады?

«Алатау жастары» жаңа бағдарламасымен кімдер үй ала алады?
Фото: pixabay.com

«Алатау жастары» бағдарламасы Алматы облысының жастарына арналған. Алматы облысының әкімшілігі жастарды өңірге тарту үшін белсенді жұмыстар атқарып жатыр. Республика күні қарсаңында жергілікті билік «Отбасы банкімен» бірлесіп «Алатау жастары» жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосатынын хабарлады. Жоба 35 жасқа дейінгі өңір тұрғындарына жеке тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік береді. Ендеше, бұл жаңа бағдарламаның шарттары қандай?

«Алатау жастары» жаңа тұрғын үй бағдарламасының шарттары:

- Бюджет — 600 млн теңгеге дейін;
- Қарыздың ең жоғарғы сомасы — 10 млн. теңгеге дейін (егер жылжымайтын мүліктің құны 10 млн теңгеден асатын болса, онда айырмашылықты өз қаражатынан төлеуге болады);
- Пайыздық мөлшерлеме — 5%;
- Бастапқы жарна: бағдарламаға қатысушы бастапқы тұрғын үйді сатып алса, онда ол үшін бастапқы жарна 0%-ды құрайды. Нарықтағы екінші деңгейдегі пәтер немесе жеке үй сатып алынса, онда бастапқы жарна 10%-ды құрайды;
- Қарыздың ең ұзақ мерзімі — 19 жыл.

«Алатау жастары» жаңа тұрғын үй бағдарламасының талаптары:

- Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады;
- Бағдарламаға қатысушының Алматы облысындағы ресми еңбек өтілімі кем дегенде бір жыл болуы тиіс. Ол міндетті түрде зейнетақы жарналары бойынша расталуы керек;
- Бағдарламаға қатысушының Алматы облысында кем дегенде бір жылдық тұрақты тіркеуі болуы керек;
- Бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлігі болмауы керек.

«Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қонаев қаласының студенттер мен жастар үшін ғылым-білім беру орталығы және тартымды қала болуға тиіс екенін атап өтті. Осы мақсатта жас отбасыларды ынталандыру үшін біз «Отбасы банкімен» бірлесіп жаңа тұрғын үй бағдарламасы мәселесін пысықтадық. Биыл жоба үшін 600 миллион теңге бөлдік. Бірақ, келесі жылы соманы ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», - деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.

Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін өтінімдерді қабылдау 2022 жылғы 1 қарашада басталып, өтініш қабылдау бір айға созылады. Бағдарламаға қатысушылар облыстық әкімдіктің ішкі саясат басқармасына өтініш беруі керек.

Бағдарламаға қатысушыларды шарттарға сай тексеру үшін әкімдіктен арнайы комиссия құрылады. Олар өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін жиналған балдарға сәйкес бағдарламаға қатысушыларды іріктейді. Балдық көрсеткішке «Алматы жастары» бағдарламасындағыдай ерлі-зайыптының некедегі жылдар уақыты, балаларының болуы және олардың саны, жұмыс өтілімі, кәсібі және қызмет саласы әсер етеді.

Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың тізімі қалыптастырылады, ол «Отбасы Банкіне» жіберіледі . Банкте төлем қабілеттілігі бойынша бағалаудан өтіп, өз бетінше баспана табуы қажет болады.

А. Жапатова