Ұлттық ұланда қызмет ету – абырой мен құрмет

Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы – қоғамдағы қауіпсіздіктің зор қалқаны. Жауынгерлік қызметте олар қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігін, азаматтардың бостандығы мен құқығын қорғауда аянбай тер төгіп келеді.

Ұлттық ұлан – ішкі істер органдарының ажырамас бөлігі. Биыл құрылғанына 29 жыл толды. Осы уақыт аралығында 214 әскери қызметшісі мемлекеттік наградалармен марапатталған. Ұлттық ұландағы сарбаздардың ерліктері жайлы көркем фильмдер мен деректі фильмдер де түсірілді. Ерлігі елге үлгі болып, шынайы оқиға негізінде түсірілген "Алтыншы бекет", сондай-ақ "Қазбат" көркем фильмдерін атап айтуға болады.

Ұлттық ұланның қоғамдық тәртіп, аса маңызды нысандар мен түзету мекемелерін күзетуде еңбектері зор. Күн сайын 6 000-нан аса әскери қызметшілер қоғамдық тәртіпті сақтау үшін полицейлермен бірге жауынгерлік қызметке шығады. Өткен жылы сарбаздар сақтығының арқасында көше қылмысы айтарлықтай азайған.

Жеке құрам еліміздің 19 қаласында қоғамдық тәртіпті күзетуді қамтамасыз етеді, нәтижесінде, өткен жылы көше қылмысы 52,2%-ға азайды. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ұландық әскери жасақтармен 3761 құқық бұзушы құрықталған. Оның ішінде 276 адам қылмыстық белгілерге қатысы бар дерекпен ұсталған. Сонымен бірге 25 дана суық және атыс қаруы тәркіленді. Мемлекет пайдасына 2 млн теңге мөлшерінде айыппұл өндіріп алынды, - деп мәлімдеді ҚР Ұлттық ұлан Әскери кеңесінің хатшысы Савердин Имиров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөйлеген сөзінде.

Құрамдағы әскери қызметшілер түрлі деңгейдегі іс-шаралардағы қауіпсіздікті де қадағалайды. Қоғамдық-саяси шерулер, халықаралық жарыстар, спорттық ойындар мен бұқаралық іс-шаралардың бейбіт жағдайда өтуіне атсалысады. Әскер қолбасшылығына көрсетілген көмек пен игі жақсылығы үшін алғыс білдірген хаттар да көп келеді.

Төтенше жағдай кезінде де Ұлттық ұлан сарбаздары бірінші болып көмекке ұмтылады. Жауынгерлерден жасақталған жеке құрам жыл сайын табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға тікелей қатысады, сондай-ақ терроризм және ұйымдасқан қылмысқа қарсы топтармен белсенді күрес жүргізеді.

Ұлттық ұланда жауынгерлер үшін барлық жағдай жасалған. Әскерлер лайықты жалақы, түрлі әлеуметтік көмектер алады. Сондай-ақ баспанамен қамтамасыз етіледі.

Әскери қызметшілерге де, олардың отбасы мүшелеріне де әлеуметтік жеңілдіктер мен құқықтарды көздейтін әлеуметтік пакет бар. Әскери қызметшілер толық мемлекеттік қамсыздандыруда және медициналық сақтандыруда болады. Ақшалай қаражат уақытылы төленеді, азық-түлік үлесімен және заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі. Әскери қызметшілердің тұрғын үй мәселесі шешілді, тұрғын үйді жалға алғаны үшін ақшалай өтемақы төлеу қарастырылған, - дейді Савердин Имиров.

Ұлттық ұланға сарбаздардың шақырылу талаптары қандай?

Ұлттық ұлан "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, сондай-ақ аумақтан тыс қағидат бойынша әскери қызметке шақыру арқылы жеке құраммен жасақталады. Жыл сайын экстерриториялық принцип бойынша 13 мыңнан астам сарбаз мерзімді қызметке шақырылады. Оларға қызмет ету үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған және мансаптық өсуге мүмкіндіктер толық қарастырылған. Бүгінде Ұлттық ұланға шақыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін жергілікті әскери атқару органдарындағы өкілдерге жүгінуі тиіс. 17 қалада мерзімді әскери қызмет атқаруға болады.

ҚР азаматтары 18-27 жас аралығында жылына екі рет көктемде және күзде әскерге шақырылады. Қазіргі кезде шекара қызметі мен қорғаныс министрлігіне әскерге шақыру жүріп жатыр. Әскерге шақырылушыларды іріктеу және алдын ала зерделеу үшін ҚР Ұлттық ұланы әскери бөлімдерінің өкілдері тартылады. Жасақтау үшін іріктеу негізі орта білімнен төмен емес білімі бар әскерге шақырылушылардың қатарынан жүзеге асырылады. Бұл ретте заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар қылмыс жасағаны үшін бұрын сотталған немесе ҚР қылмыстық процесстік кодексінің 35-бабының тармақтарына сәйкес жауаптылықтан босатылған, сондай-ақ, әскерге шақырылушылардың әскерге шақыру сәтіне белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар жақын туыстары бар адамдар әскерге шақырылмайды", - дейді Шақыру және жасақтау бөлімінің бастығы Ф.Айдарбаев. 

Тағы бір айта кететіні, 24 жасқа дейінгі мерзімді қызметтегі жауынгерлер 6 айдан кейін Ұлттық ұланның Петропавл қаласындағы Әскери институтына оқуға түсе алады. Ол оқу орнын бітірген түлектер тек Ұлттық ұлан қатарында ғана емес, Мемлекеттік күзет қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшелерінде, сондай-ақ күштік құрылымдардың кейбір бөлімшелерінде қызмет етеді. Онда Ресей, Түркия және Қытай жоғары оқу орындарына оқығысы келетін үміткерлер де жасақталады.

Ұлттық ұлан – тәуелсіздігіміздің тірегі, егемен еліміздің қорғаны. Ал онда қызмет ету – зор абырой мен құрмет.