Әскери қызметкерлердің киім нысанының қалыптасу хронологиясы

Әскери қызметкерлердің киім нысанының қалыптасу хронологиясы
Фото: massaget.kz

Биыл Қазақстан әскери қызметкерлерінің киім үлгілеріне аздаған өзгеріс енетіні мәлім болған еді. Киім қалай дайындалатыны туралы "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін киім-кешекпен және тамақтандырумен қамтамасыз ету" атты онлайн брифингте айтқан болатын. Олай болса өзгеріс қалай жүзеге асады?

Әскери киім үлгілеріне Қорғаныс министрлігі алдын ала сұраныс береді. Одан кейін барып аталған министрлік байқау жариялап орындаушыларды таңдайды. Әскерилердің киімін отандық компаниялар тігеді.

Әскерилерді заманауи киіммен қамтамасыз ету әлемнің барлық елінде қалыптасқан жалпы практика. Қазіргі кезде еліміз жауынгерлеріне "Болашақ сарбазы" деп аталатын толық жабдықталған киім нысаны енгізілмек. Бүгін сіздердің назарларыңызға Қазақстанның әскери киім үлгісінің шығу тарихы жайлы аз-кем баяндаймыз. 

Әскери тәрбие мен тәртіп киім үлгісінен де басталады. Киім үлгісі тұлғаның әскерге тікелей қатысы бар адам екенін нақтылай түсуден бөлек, әскери киім үлгісі тәртіптің, жинақылықтың, Отан қорғаушы атына лайықты азамат екенін, Қорғау күштерінің белді мүшесі екенін дәлелдейтін құрал іспетті. Әскери қызметкерлер тек елде ғана емес, шет мемлекеттерде өтетін іс-шараларда да өздерінің киім үлгісі арқылы көзге түсіп, тәуелсіз мемлекеттің ұландары екенін дәлелдейді.  

Әскери қызметкерлерді керекті-жарақпен, соның ішінде киім әрі тамақпен қамтамасыз ету алғашқы полк (1550 жыл) құрылған сәттен бастап іске аса бастады. Мысалы, садақ атушылар, шабуылшылар, алғы шепте тұратын әскери қызметкерлердің киім үлгісі ортақ болғанымен, түсімен, бас киімімен және етіктері арқылы ерекшеленді.

Батыс Еуропа мәдениетінің кірігуі әрі даму үрдістерінің жүруімен XVII ғасырдың ортасынан бастап әскери қызметкерлердің бір үлгілі киімдері қолданысқа ене бастады. 

І Петр жасаған реформалар арқасында мемлекеттік әскери саласы жылдам дами бастады. Соның ішінде мүліктік қызмет қарқынды ілгеріледі. Әскери бөлімшелерді қаражатпен, заттармен, суық қарумен қамтамасыз ету туралы бұйрық күшіне енді. Бұл оқиға 1700 жылдың 18 ақпанында орын алды. Сол күннен бастап ресми түрде тарихқа мүліктік қызмет түрі енді. 

Екінші дүниежүзілі соғыс қызыл армия мен оны қамтамасыз етіп отырған мүлік жүйесін "тексерістен" өткізді.  Дәл сол уақытқа дейін Қарулы Күштер соншалықты үлкен көлемде материалдық шығын шығарған емес. Шығыны артқан армия сұранысын қамтамасыз ету үшін тауар өндіретін жеңіл өнеркәсіп саласын шұғыл жетілдіру қажеттілігі туындады. Әскери сұраныстың көлемі бірнеше есе артты. 1943 жылы тігін шеберханасындағы әскери тапсырыс саны соғысқа дейінгі көлемнен 3,5 есе, аяқ киім өндірісінде – шамамен 10 есе артқан.

1955 жылдардағы әскери форма

ХХ ғасырдың 60 жылдарының аяғында экономикалық ілгерілеу сарбаздар мен офицерлерге жаңа форма алуға мүмкіндік сыйлады. Дәл сол уақытта атақты гимнастеркаға деген сұраныс күрт төмендеп, ол сатылымнан шықты. Оның орнына сарбаздан мақта матадан жасалған китель кие бастады. Мата сапасы мен түрінің артуы сарбаздар мен офицерлердің күнделікті және салтанатты шеруде киетін формаларына өзгеріс әкелді. Мауытты мақта мен оған лавсан талшығын қосу арқылы жасалған матадан тігілген киім бірнеше жылдар бойына әскери киім үлгісінің негізіне айналды.  

1988 жылдардағы әскери форма

80-жылдардың аяғында Кеңес әскерін мүлікпен қамтамасыз ету қарқынды жетілді. Әрине, жабдықтау жүйесінде жетіспеушіліктер болды. Олар даму үдерісі кезінде жетіліп, қосылып, не алынып отырды. Мысалы, ауған соғысы кезінде әскерге арнайы бронды кеудеше керегі белгілі болды. Соғыс барысында әскер бронды кеудешемен, жаңа әскери формамен қамтамасыз етілді. Сол уақытта әскери жолдорба, пластмассалы фляга, далалық жабдықтау, танкистерге арналған костюм жасалды. 

Кеңес Үкіметінің құлауымен бірге мүліктік қамтамасыз ету саласында да өзгерістер болды. Нарықтық экономикаға өту барысында жоспарлы және орталықтандырылған мүлікті қамтамасыз ету және жеткізу аймақтары ыдырады.  

90-жылдардың басында өткен жүзжылдықтағы мүліктік қамту шектеулі қаражат арқылы қамтамасыз етілді. Мұндай жағдай әскерді қиын жағдайда қалдырды. Дегенмен нормативті-құқықтық база заң талаптары негізінде жұмыс істеді. Жыл сайын әскери киім мен мүлікке бөлінетін қаражат мөлшері арта түсті.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 20 жыл ішіндегі әскери қызметкерлердің жағдайын сараптай келе, жаңа әскери киім керек екені анықталды. Сол мақсатта Қорғаныс Министрінің қадағалуымен жаңа киім формасының үлгісі жасалды. 

Халықаралық "KADEX-2010" көрмесі кезінде киім үлгілері тұңғыш президент, сол уақыттағы Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа таныстырылды. Қорғаныс Министрлігінің жұмысын Елбасы мақұлдағаннан кейін өзге де мемлекеттік органдармен бірлесе отырып әскери киімдердің жаңа үлгісі дайындалды.

"Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары әскери қызметшілерінің әскери киім нысаны және айырым белгілері туралы" атты Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 25 тамыздағы № 144 Жарлығымен жаңа әскери форма қолданысқа енді. 

Жарлық бойынша әскери киімнің негізгі 4 түрі бар: салтанатты киім, күнделікті, далалық және жұмыс киім нысандары. Әскери киім нысандары жазғы, қысқы, сондай-ақ сап үшін және саптан тыс болып бөлінеді және олардың нөмірлері болуы мүмкін. Одан басқа Әскери-теңіз күштеріндегі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің теңіз бөлімдеріндегі әскери қызметшілерде жазғы жеңіл киім нысаны болады.

Форманы жасау барысында өткен жылдардағы әскери киімдер тарихы мен ұлттық ерекшеліктер де назарға алынған. Әскери жабдықтау барысында заманауи әрі ашық түстер пайдаланған. Құрлықтағы әскерді қамтамасыз ету үшін алғаш рет  "қою жусан" түсі таңдалды. Әуе қорғаныс әскері үшін қою көк түс қолданысқа енді.  Ал әскери-теңіз күштерінің формасының түсі аса өзгере қоймайды. 

Погондар мен жеңдегі белгілер дизайндары кемелдендірілді. Салтанатты жабдықтау барысында жоғары офицер киімінің дизайны ретінде лавр жапырағы мен қазақ ою-өрнегі қатар алынды. Осылайша еуроазиаттық үлгі жасалды. Алғаш ретін полковник мундирі ашық сұрғылт түсте болды. Әйел адамдардың формасы ер адамдарға арналған мундирден ерекшеленді. 

Алдағы уақытта Қазақстан әскерінің киім үлгілерінде қандай өзгеріс болады? Мұны ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қорғаныс министрінің орынбасары Мұхамеджан Таласов айта кетті. Киім дизайнерлері мен әзірлеушілер әскери форманы үнемі жетілдіріп отырады, жаңа өндіріс технологияларын қолданады, жаңа үлгілерді жасайтын болады. Бүгінгі таңда әскери форма ыңғайлы, әрі икемді. Ол соңғы үлгідегі материалдардан жасалады.

Заттай мүліктің кей түрі неғұрлым ыңғайлы заттарға ауыстырылды. Мысалы, мерзімді қызметтегі сарбаздар үшін жартылай жүн матадан тігілген қорғаныш түсті костюмі далалық мақта-мата костюміне, сарбаздар шинелі - жылы далалық мақта-мата күртешесіне, ал шұлғаумен киілетін етіктер қонышы биік бәтеңке мен шұлыққа ауыстырылды. Маусым бойынша жазғы және қысқы бәтеңке бар. Қысқы кезеңге арнайы ұзын қонышты қысқы бәтеңке мен жүн шұлық енгізілді. Киім-кешектің басқа заттарына келетін болсақ, түрлі шаруашылық жұмыстарын орындау, сондай-ақ қару-жарақ пен техникаға қызмет көрсету кезінде жұмыс киімі қарастырылған, ол өз кезегінде жазғы және қысқы болып бөлінеді, - деді генерал-майор.

Т. Есқали