Әскери қызметшілер тамақ және киім-кешекпен қалай қамтамасыз етіледі?

Әскери қызметшілер тамақ және киім-кешекпен қалай қамтамасыз етіледі?

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін киім-кешек және тамақтандырумен қамтамасыз ету – мемлекеттің маңызды істің бірі. Осыған орай бүгін ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг өтті. Аталмыш брифингке Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары, генерал-майор Мұхамеджан Таласов, тыл басқармасының бастығы Бауыржан Досмағамбетов және санитарлық эпидемалогиясы басқармасының бастығы Әлібек Манабаев қатысты. Олар Қарулы күштерді тамақ және киім-кешекпен қамтасыз ету, әскерлерді вакцинациялау және т.б әскерилерге қатысты сұрақтарға жауап берді.

Әскерлерді тамақпен қамтамасыз ету қалай жүзеге асырылады?

Алғаш боп сөз алған генерал-майор Мұхамеджан Таласов әскерилерді тамақтандыруға қатысты бұрынғы Кеңес елдері арасынан бірінші болып, 1996 жылы аутсорсингке өткенін, яғни әскерилерді тамақпен қамту коммерциялық ұйымдарға берілгендігін атап өтті. Осыдан бастап әскерилер тамақ дайындау, асхана ісімен тікелей айналыспайды. Уақытын жауынгерлік іске арнайды.

Әскерилерді тамақтандыру дамудың үш кезеңінен өтті. Осы жылдан бастап бас қолбасшының қолдауымен әскерилерді тамақпен қамту 40 пайызға артты. Бүгінде әскерилер тағамы құрамында сиыр еті, тауық еті, ірімшік, шұжық, қаймақ, табиғи шырындар және түрлі дәрумендер бар.

Биылдан бастап Қазақстан тамақтану академиясымен бірлесіп Қазақстан қарулы күштері әскерилер тағамының құрамын күшейтуді жоспарлап отыр. Оған қазақ ұлттық тағамдары – жылқы еті, қой еті, балық тағы басқа әр түрлі тағамдар қосылады. Одан бөлек 2018  жылдан бастап Қазақстан қарулы күштерінде қызмет ететін барлық офицерлер мен келісімшартпен қызмет ететіндер тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Алдағы үш жылдың ішінде барлық сарбаз асханалары күрделі жөндеуден өтіп, заманауи технологиялар қойылады. 

Биылдан бастап әскери асханалардың шығу есігінің жанына тамақты бағалайтын планшеттер орнатамыз. Әскерилер планшет арқылы тамақтың сапасын өздері бағалайды. Бізде “керемет”, “жақсы”, “қанағаттанарлық”, “қанағаттанарлықсыз” деген бағалар болады. Осы арқылы тамақпен қамтамасыз ететін компанияның сапасын біліп отырамыз, - деді  Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары.

Әскерилерді қалай киім-кешекпен қамтамасыз етеді?

Қазақстандағы әскерилерді киіммен қамтамасыз етуге жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі. Қорғаныс министрі алдын ала қажетті киімге сұраныс береді. Одан кейін аталған министрлік байқау жариялап орындаушыларды таңдайды. Әскерилердің киімін отандық компаниялар тігеді.

Әскерилерді заманауи киіммен қамтамасыз ету әлемнің барлық елінде қалыптасқан жалпы практика. Қазіргі кезде еліміз жауынгерлеріне “Болашақ сарбазы” деп аталатын толық жабдықталған киім нысаны енгізіліп жатыр. 

Сарбаздарымыз бірнеше жылдан бері халықаралық оқу-жаттығуларға, халықаралық армия сайыстарына қатысып келеді. 2018 жылдан бастап Ливандағы БҰҰ құрамында бітімкершілік миссиясын жүзеге асырып жатыр. Бұл ретте шетелдіктер біздің әскерилердің киім үлігісіне мән береді. Бұл жағдай еліміздің жауынгерлері туралы түсінік қалыптастырады. Сол үшін Қазақстандағы киім әзірлейтін дизайнерлер ұдайы ізденіс үстінде болып, жауынгерлердің киімінің заман талабына сай және заманауи технология негізінде тігілуін қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы күштерінде негізгі 4 әскери киім бар. Ол: әскери киім, күнделікті киім, жаттығу киімі және арнайы киім. Жыл мезгілдеріне байланысты әскери киім жаздық және қыстық болып бөлінеді. 

Әскерилердің денсаулығы 

Еліміздегі жауынгерлер жыл сайын медициналық бақылауда болады. Қазақстан азаматы Қазақстан қарулы күштерінде қызмет ете бастағаннан бастап олардың денсаулығын әскери дәрігерлер бақылайды. Сарбаздар жыл сайын кезең бойынша медициналық тексеруден өтіп тұрады. Әскери қызметшіні медицинамен қамту үшін барлық жағдай жасалған. Қарулы күштеріміз осы үшін медициналық заманауи құралдармен жабдықталған. Қарулы күштерге тиесілі 15 емхана, 130-дан астам медициналық пункт, рота мен бөлімше жұмыс істейді. Одан бөлек дәрі-дәрмек және басқа медициналық затпен қамту үшін қоймалар жұмыс істейді. 

Коронавирус пандемиясы кезінде әскери дәрігерлер азаматтық дәрігерлерге көмектесті. Былтыр әскери дәрігерлер қолынан 1570 адам коронавирустан емделіп шыққан. Биыл 346 адам емделді. Елімізде 4 әскери ПТР зертханасы жұмыс істейді. 

Генерал-майор Мұхамеджан Таласов жақында ғана әлеуметтік желіде таралған әскерлердің тамағына қатысты видеоға да түсініктеме берді. 

Бұл оқиға 2019 жылы болған. Оқиғаға қатысты бөлімше командирі орнынан алынған, материал-техникалық жұмыс жөніндегі орынбасар жұмыстан босатылған және әскерилерді тамақпен қамтамасыз еткен сол компания айыппұл төлеген. Біз мұндай жағдайларға қатысты уақытында шара қабылдаймыз. 3 жағдайдан кейін азық-түлік жеткізушілерімен келісімшартты үземіз. Мұндай жағдай сирек болады, - деді Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары.

Жауынгерді тамақпен қамтамасыз ету үшін биыл 22 миллиард теңге бөлінген. Орташа есеппен алғанда бір сарбазға күніне 1713 теңге жұмсалады.  

Тамақтану кезінде олқылықтар болады. Оның алдын алу үшін түрлі істер атқарылуда. Мысалы, планшеттер, тамақ істейтін асханаға видеокамера қойылғалы отырмыз. Қазір әскерилерді тамақтандыру жақсы жолға қойылған деп айта аламын, - деді тыл басқармасының бастығы Бауыржан Досмағамбетов.

Т. Раушанұлы