Алматыда БАҚ нарығын дамытуға арналған медиақұрылтай өтті

Алматыда БАҚ нарығын дамытуға арналған медиақұрылтай өтті
Фото: massaget.kz

Елімізде БАҚ нарығын дамыту, жаңа деңгейге көтеру – ең өзекті мәселелердің бірі. Осыған орай Қазақстан баспасөз клубы жыл сайын медиа мамандардың басын қосып келеді. Биылғы тақырып "Өтпелі кезеңдегі медиа нарығына" арналды.

Медиақұрылтай арнайы бөлімдер бойынша жіктеліп, әр бөлімде әр сала бойынша маңызды мәселелер талқыланды. Басты панелдік мәжілісте сөз алғандар ақпараттың ашықтығы, медиа нарықтағы қиындықтар мен алдағы бет бұрар істерге тоқталды. Сондай-ақ жаңа Президентті сайлағаннан кейінгі медиа саласындағы жүйелі мәселелерді, заңнама мәселелерін, медиа-бизнесті басқарудағы беталыстарды және тағы басқа мәселелерді талқылады.

Қалыптасқан дәстүр бойынша бірінші панелдік сессияда қатысушылар медиа саласының дамуындағы басты трендтер мен еліміздің жалпы саяси жүйесі аясындағы ағымдағы өзгерістер жайлы жаңалықтарды сарапшылардың өз аузынан естіді.

"Алаш Медиа Групп" бас директоры Батыр Қазыбаев әлеуметтік жауапкершілікті басты назарға алатындарын, қоғамдағы кез келген оқиғаға бей-жай қарамайтындарын алға тартты. Сондай-ақ Қазнетте қазақ тілді аудиторияның артып келе жатқаны да сөз болды. 

- Қазіргі уақытта аудиторияны алдап ақпарат тарату мүмкін емес. Ойға да сыймайды. Біз үшін әлеуметтік жауапкершілік маңызды. Tengrinews.kz белгілі бір тақырыптардан шектеліп қалмайды. Митингтерге де шығып жазады. Жазуға бола бермейтін тақырыптар азайып келеді. Бұған билік те көндігуі керек. Қазіргі таңда бір дүниені жасырып қалу мүмкін емес.

Ақпараттың бәрін ашық жариялай беруге де болмайды. Барлық есікті ашып тастасақ, елге келер қауіп артуы мүмкін. Бәріміз бейбітшілікті қалаймыз. Сондықтан да "Алаш Медиа Группқа" кіретін ақпарат алаңдары әлеуметтік жауапкершілікті басты орынға қояды, - деді.

Бұл сессияда Internews медиастратегия жөніндегі аймақтық сарапшысы Ержан Сүлейменов, саясаттанушы Айдос Сарым, Ratel.kz бас редакторы Марат Әсіпов, Қазақстан Медиа Альянсы басқарма төрағасы Арманжан Байтасов пен inbusiness.kz ақпараттық агенттігі директоры Мира Халина сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салды. Медианың бүгіні мен ертеңі жайлы ой айтылып, пікірлер талқыға түсті.

Саясаттанушы Айдос Сарым: "Кез келген БАҚ қоғамдық жауапкершілікті мойнына алу керек" деп мәселенің бір ұшын шығарса, Ratel.kz бас редакторы Марат Әсіпов ақпарат берудегі қиындықтарына тоқталды. Inbusiness.kz ақпараттық агенттігі директоры Мира Халина қазақтілді аудиторияның артып, жарнама берушілер де көбейе бастағанын тілге тиек етті. Қазақстан Медиа Альянсы басқарма төрағасы Арманжан Байтасов: "Қоғам өзгеріске ұмтылып жатыр. Ақпарат алу арнасы көбейді. Әсіресt Телеграм каналдан көп мәлімет алуға болады" дейді. Сондай-ақ 2020 жылдан бастап Forbes басылымы қазақ тілінде жарық көретінін де хабарлады.

Internews медиастратегия жөніндегі аймақтық сарапшыcы Ержан Сүлейменов Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінің медиасы бойынша статистика негізінде түзген тың деректерімен бөлісті.

Медиақұрылтайдың екінші сессиясы YouTube желісіне бағытталды. Қазақстанда екі тілдік аудитория (қазақ және орыс), әртүрлі мақсатты аудитория (аналитика және ойын-сауық контенті) бар екендігін ескере отырып, секцияда қазақстандық аудиторияға қандай контент барынша қызық екендігі ортаға салды. (Бұл сессия тақырыбына арнайы мақала арнаймыз).

Алматыдағы медиақұрылтайдың арнайы панелдік пікірталасы қазақ тіліндегі БАҚ-тың даму мәселелеріне арналды. Сөз алған спикерлер көбіне қазіргі басылымдар, сайттар мен телеарналардағы қателерге тоқталды. Қате жазуды тоқтатып, тығырықтан шығар жол іздеді. Бұл сессия тақырыбы бойынша да арнайы мақала арнаймыз.

Медиа нарығының айқындылық мәселесіне жеке сессия арналып, оның барысында қатысушылар digital және телевизияны өлшеуді бір мағынада түсіне бермейтіндігін атап өтті. Телеарна басшылары және сарапшылар сөз алған бұл сессия пікірталасқа толы болды.

Қазақ медиасы жыл санап алға қадам басып келеді. Бұл медиақұрылтай сол қадамның нық болуына бір сеп десек те болады. Себебі БАҚ-қа қатысты мәселелер шаш етектен болмаса да, аз емес...

Н. Үсенова