Басты мақсат – заң үстемдігін қамтамасыз ету

Басты мақсат – заң үстемдігін қамтамасыз ету
Фото: kerbulak.com

Қазақстан Республикасы Президенті 2015 жылы 20 мамырда бес институционалдық реформаны жүзеге асыру үшін 100 нақты қадам ұсынды. Оның ішінде заңның үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Себебі бұл тақырыпқа 19 қадамнан тұратын бір реформаны тұтастай арнаған.

Азаматтардың ойында жүрген армандарының бірі – мемлекетімізді нығайтып, болашақ ұрпаққа дамыған елдер қатарына енген, күш-қуаты мол Қазақстанды табыс ету. Мемлекет тек экономикалық немесе әлеуметтік жағынан дамып қана қоймай, құқық қорғау мәселесіне де көп мән беруі керек. Халықтың құқық қорғау органдарына, судьялардың қызметіне сенімін арттыру мақсатында Елбасымыз 100 нақты қадамда сот жүйесі мен оның қызметіне ерекше тоқталып өтті. Қадамдардың орындалу барысында сапалы сот жүйесін қалыптастыру, судьяларға деген халық сенімін арттыру, сот процестерін жеңілдету және әрине, сот жүйесі қызметінде қазіргі заманға сай ақпаратттық технологияларды барынша қолдану көзделген.

Сот төрелігіне қолжетімділікті жеңілдету үшін бес сатылы сот жүйесінен үш сатылыға көшірілді. Соның арқасында сот процестері едәуір қысқарды, бұрынғыдай уақыты созыла бермейді. Сонымен қатар, қазір сот отырыстарында міндетті түрде аудио және бейне жазба жүреді. Барлық сот залдары ақпараттық технологиялармен жабдықталған. Сондықтан, қағазбастылық азайып, хатшылардың жұмысы азайды. Ол тек хатшыға ғана пайдалы емес, сонымен қатар, істегі қандай да бір сәтке көзін жеткізу үшін сот отырысына қатысушы азамат да жазбаны қайта қарауға құқығы бар. Мұндай жазбалар арқылы судьяның да әрекетін бақылауға болады. Осы орайда, судьяларға арналған жаңа әдеп Кодексі қабылданды. "Судья – мемлекет айнасы" деген сөз бар, сондықтан судьялар әдепті тек сот отырысында емес, қызметтен тыс уақытта да өздерін дұрыс ұстауы тиіс. Оның әрекеті мәртебесіне нұсқан келтірмеуі керек.

Жемқорлыққа қарсы күрес – елдің алдында тұрған үлкен мәселе. Оны азайту үшін түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Егер жемқорлықтың орын алуына заң саласы қызметкерлерінің де үлесі болса, халық күмәнданып, өз сенімін жоғалтады. Сондықтан, судьялардың өз істеріне адалдық танытуы маңызды.

Сот жүйесіне қойылатын талаптардың бірі – ашықтық. Президенттің "Ешкімнің де қателік жібермейтініне кепілдік жоқ екені сөзсіз. Бірақ, судьялар жұмысындағы қателіктер барша қоғам үшін қымбатқа түседі. Судьяларға Заң атынан әділеттілік үшін әрекет ету сеніп тапсырылған, бұл оларға екі есе жауапкершілік жүктейді" деген сөзі бар. Алайда, қалай десек те, судья да адам баласы болғандықтан, қателесуі әбден мүмкін. Бірақ оның қателігі қандай да бір азаматтың тағдырын күрт өзгертуі мүмкін. Сондықтан, судьялардың әдепсіз әрекеті туралы, қандай да бір нормаларды бұзу фактілері туралы азаматтар Жаңа Кодекс бойынша тиісті органдарға жүгіне алады. Мінекей, бұл да ашық сот жүйесін құруға жасалған қадамның бірі екені анық.

Елбасымыздың "Әділетті сатылмайтын сот – демократиялық, құқықтық мемлекеттің ең маңызды негізі" деген өте жақсы сөзі бар. Шынымен де, қандай жағдай болмасын адамның құқығын, бостандығын қорғауға келгенде соттың атқарар рөлі үлкен. Алайда, заң бәрінен де жоғары тұратын қоғам қалыптастыру үшін сот жүйесі қызметкерлерімен қатар халықтың және олардың әрекетінің де маңызы зор. Шаршамау, алға ұмтылу, жан-жақты болу, еңбектену – бүгінгі күннің талабы. Сондықтан, үлкен белестерге жету үшін бәріміз бірге күш салуымыз керектігін ұмытпау керек.

А. Жапатова