100 нақты қадам: Үш сатылы сот жүйесі

100 нақты қадам: Үш сатылы сот жүйесі
Фото: beetify.com

Қазақстан Республикасы Президенті 2015 жылы 20 мамырда бес институттық реформаны жүзеге асыру үшін 100 нақты қадам ұсынды. Оның 16-қадамында азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін бес сатылы сот жүйесінен үш сатылыға көшу көзделген болатын.

Сот жүйесінің бес сатысы:

- Бірінші;
- Апелляциялық;
- Кассациялық;
- Қадағалау;
- Қайта қадағалау жасау.

Осы айтылған бес сатының бірінші, апелляциялық және кассациялық деген үш сатысын қалдыру талқыланды. Яғни, азаматтар сотқа үш рет жүгіне алады.

Бірінші сатыдағы сот – аудандық сот, апелляциялық сот – облыстық сот. Оған қоса, кассациялық сот алқасы (жоғары сот десе болады) бар. Екінші сатыда шешім заңды күшіне енеді, ал кассациялық сот заңды күшіне енген актілерді тексереді.

Мұндай үш сатылы сот жаңадан ойлап табылған жүйе емес, ол халықаралық стандартқа сай, сол жақта бұрыннан қолданылып келеді. Сатылардың көп болуы әрине, сот ісінің созылуына әкеледі. Бұл үш сатылы жүйе Конституцияға және "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы" заңға өзгерістер енгізген соң, 2016 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енді. Сонымен қатар, бұл жүйенің халыққа тигізер тағы бір пайдасы – аудандық сотқа шағым беріп, оның шешімі ұнамаса, ол азамат екінші сатылы аппеляциялық сотқа шағымдана алады. Ал облыстық екінші сатылы сот барлығын тексеріп, анализ жасап, егер дұрыс шешім қабылданбаған деп ойласа, істі кассациялық алқаға жібереді.

Бұл өзгерістердің басты мақсаты – сот сатыларын азайтып, азаматтарды әуреге салмау, сот төрелігіне қолжетімділікті арттыру және сот әділдігін орнату. Сот әділдігін орнату үшін қазір барлық сот мәжілісі залдары дыбыс-бейне тіркеу жүйесімен жабдықталған. Сонымен қатар, заманауи технологиялар дамыған кез болғандықтан, оны сот процесіне де қолдану қарастырылды. Бүгінгі таңда азаматтар электронды түрде арыз жаза алатындығын ескерте кетейік.

100 нақты қадамда сот жүйесі мен судьялардың жұмысына халық сенімін арттыру көзделген. Өздеріңіз байқағандай, сот жүйесіне екінші реформа түгел арналған. Бұл дегеніміз бұл салада көптеген жұмыстар атқарылатындығын көрсетеді.

А. Жапатова