- Негізгі бет
- Маккала
- Чемпиондар лигасы. «Реал»...
Чемпиондар лигасы. «Реал» рекорд жаңарта ма?
Бүгін футболдан Еуропаның басты бәсекелерінің бірі – Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы қарымта екі ойын өтеді. Мадридте «Реал» гельзенкирхендік «Шалькені» қабылдаса, «Базель» «Портуда» қонақта болады. Қос кездесу қорытындысы бойынша жеңімпаз атанған клуб доданың ширек финалына жолдама алады.
«Порту» ширек финалға шыға ма?
«Порту» мен «Базель» бірінші ойынында тең тарқасты. Өзара мықтыны анықтай алмады. Бірақ, бұл текетіресте португалдық клубтың фаворит екені о бастан айтылып келеді. Себебі, «Порту» өз алаңында есесін жібере қоймайтын ұжымдар қатарынан.
Хулен Лопетеги жаттықтыратын «Портудың» ойыны оң қалпында. Әсіресе, қарымта шабуылда қаһарына мінген клубты тоқтату оңай емес. Бірақ, бүгін алаң иелері бірінші нөмірмен ойнайтыны анық. Сонымен қатар, португалдық ұжым бұрыштамадан асырылған допты нәтижеге айналдыруға барын салатын болады.
Сонымен бүгін түнгі 01:45-те басталатын кездесу туралы букмекерлік орталықтар да өз болжамдарын ұсынуда. «Порту» жеңісіне – 1,44 коэффициент, тең ойынға — 4,68 коэффициент, «Базель» жеңісіне – 8,25 коэффициент беріп отыр.
Жанкүйер қауым асыға күткен кездесуді «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар. Ойынға швециялық төреші Юнас Эрикссон қазылық жасайды.
«ВВС» жүйесі «Реалға» керек пе?
«Корольдік клуб» жанкүйерлері клубтың ойын жүйесін өзгертуін өтінуде. Яғни, Бэйл, Бензема және Роналду триосын бір мезетте алаңнан көргісі келмейтін көрінеді. Мұны испандық AS басылымы жүргізген сауалнамадан кейін байқауға болады. Олар клубтың алаңда 4-4-2 ойын жүйесімен ойнағанын мақұлдап отыр. Сауалнамаға қатысушылардың 46,1 %-ы Гарет Бэйлдың, 32,2 %-ы Роналдудың алаңға шықпағанын дұрыс көрген. Ал бұл қатарда Карим Бенземаны триодан шығуға 21,7 % ғана жанкүйер дауыс берген. Бірақ, Карло Анчелоттидың бұл пікірмен санаса қоюуы екіталай.
«Реал» бүгін өз алаңында «Шалькені» тағы жеңер болса, Чемпиондар лигасында 11 рет қатарынан жеңіске жетіп, рекорд орнататын болады. Бұған күмәнмен қарап отырғандар шамалы. Себебі, клуб соңғы ойындарын сүреңсіз өткізуде. ВВС триосы көзге түсе алмауда. Испания чемпионатындағы көш тізгінін каталондық «Барселонаға» ұстатты. Мұның барлығы бүгінгі «Реалдың» ойынына қамшы болары сөзсіз. Оның үстіне, қорғаушы Серхио Рамос қатарға қосылып отыр. Бірақ, ойынға шығуы белгісіз.
Бүгін Роберто ди Маттео жаттықтыратын «Шальке» де шабуылға иек артары сөзсіз. Бірақ, клубтың жарақат алған негізгі құрамдағы ойыншылары жетерлік. Сондықтан да гельзенкирхендік клубтың жеңіске жетуін букмекерлік орталықтар 14 коэффициентпен бағалап отыр. Ал «корольдік клуб» жеңісіне - 1,23, тең ойынға 7,25 коэффициент ұсынуда.
Бүгін түнгі 01:45-те басталатын кездесуге словениялық төреші Дамир Скомина қазылық жасайды. Екі клуб арасындағы бірінші кездесуде «Реал» 0:2 есебімен жеңіске жеткен еді.
Сурет: arabia.eurosport.com
Оқи отырыңыз
Чемпиондар лигасы. Тең есептер тіркелді (видео)
Чемпиондар лигасы. «Бавария» - жеңеді, «ПСЖ» - жеңілмейді
Чемпиондар лигасы. Роналду Мессиден озды
Чемпиондар лигасы. Хави мен Тотти рекорд жаңартты
О. Сансызбай