Чемпиондар лигасы. Тең есептер тіркелді (видео)

Чемпиондар лигасы. Тең есептер тіркелді (видео)

Футболдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалының бірінші күніндегі екі кездесу мәресіне жетті. Париждің «ПСЖ» командасы өз алаңында лондондық «Челсимен» тең ойнаса, мюнхендік «Бавария» мен донецкілік «Шахтер» арасындағы кездесуде есеп ашылмады.

Давид Луис бұрынғы командаластарына өкпесі бардай сыңай танытты

«Парк де Пренс» стадионында өткен ойында тең есеп тіркелді. Бірінші таймда алаң иелерінің қателігін пайдалана білген Жозе Моуринью шәкірттері есеп аша білді. Лондондық клубтың жүйелі шабуылы 36-шы минутта өз нәтижесін берді. Баспен гол соғудың хас шебері Бранислав Иванович өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Есесіне «Челси» екінші таймда өз деңгейінде өнер көрсете алмады. «ПСЖ» ойыншылары бірнеше рет қарсыластардың қорғанысын бұзып өтіп, Тибо Куртуадан айлаларын асыра алмады. Тек 54-ші минутта барып Эдинсон Кавани мергендігімен көзге түсті. Одан кейінгі уақытта да алаң иелері ойынға өз үстемдігін жүргізді. Бірақ, сәттілік жетіспеді. Златан Ибрагимовичтің бірнеше рет баспен бағыттаған соққысы қақпа торынан табылмады. Ал «ақсүйектер» болса, алаң иелері қақпасына бір-ақ дәл соққы жасапты.

Ойында футболшылар бір-біріне қарсы ойын ережесін көп ретте бұзумен болды. Әсіресе, өткен маусымда «Челси» сапында ойнаған Давид Луис бұрынғы әріптестерін бірнеше рет шалып та жықты. Ойын соңында Жозе Моуриньюмен суық қол алысты.

«Челси» ойыншылары мінген автобус кездесу алдында стадион маңындағы бағанмен соғысты

Қос команда арасындағы қарымта кездесу 11 наурыз күні «Стэмфорд Бридж» стадионында өтеді.

Хави Алонсо Чемпиондар лигасындағы 100-ші ойынында алаңнан қуылды

Мюнхендік «Бавария» донецкілік «Шахтерға» қарсы ойында қанша фаворит саналғанмен, жеңіске жете алмады. Львов қаласында өткен ойында есеп ашылмады. Есесіне испаниялық қазы Ундиано Маленко ойыншыларға сарық қағаз көрсетумен көзге түсті. Сонымен қатар, Хосеп Гвардиола шәкірттері қатарынан Хави Алонсо Чемпиондар лигасындағы 100-ші ойынында алаңнан қуылды.

Енді екі команда арасындағы 1/4 финалға жолдама мәселесі «Альянс-Арена» стадионындағы кездесуде шешілетін болады. Ол ойын 11 наурыз күнге жоспарланған. 

Сурет: vk.com

Оқи отырыңыз

Чемпиондар лигасы. «Бавария» - жеңеді, «ПСЖ» - жеңілмейді

Чемпиондар лигасы. Роналду Мессиден озды

Чемпиондар лигасы. Хави мен Тотти рекорд жаңартты

Чемпиондар лигасы. Жозе рекорд жасар күн

Ө. Сансызбай