Граффити – тәуелсіз өнер

Граффити – тәуелсіз өнер
Фото: Radiotochka

Қалай ойлайсыз, әлемде өзіңіздің бар екеніңізді білдіру үшін қандай әрекеттер жасауға болады? Технологияның қарыштап тұрған дәуірінде бұны есептеп айту мүмкін емес. Адам мүмкіндігінде шек жоқ. Соған қарамастан, адамдар  ғимараттардың сыртына  шимай суреттерді салуды тоқтатар емес. Тек біреулер үшін бұл – өнер, ал кейбіреулер бұны «вандализм» ұғымымен астастырады.

Вандализм ұғымы мен граффитиді байланыстыратын не?

Вандализм дегеніміз – мәдени және рухани мұраларға зиянын тигізу және оны жою. Жүрген жеріне қоқыс лақтыру, жасыл алаңды таптау бұның барлығы вандализмдік әрекеттің көрінісі. Әрі бұл іске баратындардың басым көпшілігі – жасөспірімдер. Ғимараттың сыртына салынған сурет сіздің меншікті мүлкіңізге зиянын тигізбей, керісінше, көше сәні мен ескі мұраны ерекше байланыстырып тұр делік. Ендеше бұл вандализм бе? Әрине, қабырғаға жазылған «Мен сені сүйемін» деген олқы әрекеттер вандализм болуы мүмкін, бірақ, сапалы салынған суреттер – өнер.

Граффити түсінігін қалай қабылдайсыз?

Ақындар өлең жазады, әншілер ән айтады, ал кейбіреулер өз бойындағы дарынды еркін түрде жеткізуді қалайды. Граффити – өнердің ең тәуелсіз түрі. Боя, сыз, сурет сал. Граффитиде ереже де, шектеу де жоқ. Қолданатын бояу құрылғыларының өзі сан – алуан.

Граффити тарихы қандай?

Заманауи граффити тарихы 1970 жылдардан бастау алады. Нью-Йорк қаласындағы жаңа бастаманың аяғы жақсы аяқтала қоймады. Жасаған «тентек» әрекеттері үшін бірі түрмеге түссе, бірі айыппұл төледі де, суретшілер бұл әрекетті тоқтатуға мәжбүр болды. Кейін 1985 жылдары граффити суретшілерінің жаңа дәуірі басталды. Содан бері қанша тоқтатуға тырысқан жұмыстардың бәрі сәтсіз ақталды. Граффити тілі әмбебап тіл ретінде қабылданды. Өйткені барлығы түсінеді. Граффити  – өзіңді бейнелеуге мүмкіндік беретін ең қарапайым, ең еркін өнер түрі.

Ал сіз келісесіз бе?

Т. Есқали