Қабырғадағы сурет немесе граффити туралы не білесіз?

Қабырғадағы сурет немесе граффити туралы не білесіз?
Фото: massaget.kz

Бүгінде қала көшелерінен қабырғадағы ашық та қанық түстермен әрленген көз жауын алар суреттер мен жазуларды жиі кездестіреміз. Біреу оған көңіл қойып қараса, енді біреулер мән бермей өте шығады. Ал бұл туралы шын мәнінде не білеміз? Батыстан бастау алған көше туындыларын өнер деп бағалауға бола ма әлде еріккеннің ермегі ме?

Стрит-арт немесе граффитиді өнер ретінде бағалайтындар да, бағаламайтындар да бар. Әркім әрқилы баға береді. Негізінен «граффити мен «стрит арт» деген не?» деп сұрағандарға нақты бір сөзбен жауап беру қиын. Зерттеушілер ойы жеке тұлғаның өз көзқарасын халыққа жеткізудің альтернативтік түрі дегенге тоғысады.

Стрит-арт пен граффитидің тарихын ертеден бастауға болады. Ертеде қабырғаға салынған суреттер мен жазылған жазулар ежелгі Шығыс елдерінде, Грекия мен көне Рим аймағында көптеп кездескен. Ежелгі граффитилер біздің заманымызға дейін 30 мыңжылдықта қалыптасқан деген де ақпараттар бар. Сонау ІІ ғасырдың өзінде антихристиандық «Алексаменос Құдайға табынады» атты граффити сызылған дейді зерттеушілер. Ол уақыттағы граффитилер пиктографиялық және қашалған суреттер күйінде қатты заттар арқылы қашап салынған. «Граффити» сөзінің өзі грек тілінен аударғанда «тырнау, қашау» деген ұғымды білдіреді.

Көбіне стрит-арт пен граффити сөздерін синоним ретінде қолданамыз. Екеуін бөліп қарайтындар да, бір деп есептейтіндер де бар. Бөліп қарайтындар, граффити – әріптік символдардан тұратын өнер түрі десе, стрит-артты сурет өнеріне жақын деп есептейді. Сондай-ақ граффити тілін кез келген адам түсіне бермесе, стрит-арт қарапайым тұрғындарға ұғынықты деген де тұжырым бар. ТМД граффитишілерінің түсінігі бойынша «стрит-арт»  соғыс, аштық, кедейлік сияқты әлеуметтік мәселерді көбірек қамтиды. Ол қандай да бір мәселеге қарсы тұру, билікке деген қарсылығын көрсету мақсатын алға қояды екен.

Стрит-арт пен граффити ұқсас келгенімен, мақсаттары әртүрлі. Стрит-арт адамдарға ой салу мақсатында салынады. Қоғамдық мәселені қозғап, халық көзқарасын танытады. Салынған сурет түсінікті әрі ой саларлық мәнге ие болып келеді. Ал граффити  суретшінің жеке «менінен» көрініс табады. Оған көбіне көшедегі түсініксіз жазулар жатады.

Жаңа стрит-арт пен граффити тарихы 1920 жылдан бастау алады. Сол кезде қоғамға қатысты, билікке деген көзқарасын шығармашылық жолмен жеткізуге ұмтылған жастар тауар вагондары мен ғимарат қабырғаларына түрлі кескіндемелер сала бастайды. Суреттер халық арасына айтарлықтай тез тарап, танымал болып шыға келеді. 1970 жылдардың ортасына қарай граффити Батыста өнер ретінде мойындалып үлгерді. Ал Қазақстанда 1990 жылдардан бастап дамиды. Бүгінде елімізде граффити салумен айналысатын 50-ден астам топ бар екен. Олардың қатарына «Repas», «Тиграхауд», «Номад», «Made», т.б. топтар кіреді. Бұл топ мүшелері өз аттарын жазып кеткен жазуларды көшеден көптеп кездестіреміз.

Расымен үй қабырғасына, көше қиылыстарына, машина тұрақтарына, не жолдың үстіне салынған суреттерге көзіміз үйреніп кетті. Қазір Алматы көшелерінен түсініксіз суреттер мен беймәлім жазуларды жиі кездестіреміз. Олар кейде тіпті көшенің көркін бұзып тұрады. Ал сәтті шыққандары көшеге сән беріп шыға келетіні тағы бар. Сондықтан да бірінші пікірге қарап, граффити  өнер деп, екіншісіне қарап, барып тұрған бұзақылық деп бағалауға болады. Бұл туралы қазақтың белгілі суретшісі Әбілхан Қастеевтің немересі Дәуреннен өз ойын сұраған едік:

- Алматыда граффитимен және сурет салумен кәсіби түрде айналысатын топтар бар. Олардың туындыларын өнер ретінде бағалауға болады. Ал көрнекі жерге көріксіз сурет пен жазуларды жазу – барып тұрған бассыздық. Бұған жол бермеу керек. Ал өз басым қадағалаудан тыс салынған граффити туындыларын қолдамаймын, - деді.

Граффити салу біреулер үшін – «мода», біреулер үшін – ермек, енді біреулеріне – саяси һәм жарнама құралы. Тіпті бұл саланың кәсіби мамандары арнайы жарнамадан миллиондап табыс табады екен. Қай қаланың болсын көшелерінен мұндай жарнама суреттерді байқауға болады.

Стрит-арт пен граффитиді замануи өнер ретінде бағалайтындар, сонымен бірге көше өнері ретінде қарайтындар да бар. Өнер ретінде бағалайтындар граффити суреттері мен жазуларын көше әндері секілді дамып өркендеуге құқылы деп есептейді. Алайда жеке меншігіндегі дүниеге біреу атын жазып, түсініксіз суретін салып кеткенін ешкім де қаламайтыны анық. Мысалы, Нью-Йорк қаласында көше суретшілерімен күресетін мамандандырылған полиция қызмет көрсетеді. Қабырғаға сурет салғыңыз келсе, ақысын төлейсіз. Германияда көше өнерімен айналысатын суретшілерді ұстап, бас бостандығынан айыратын заң да бар екен. Ал бізде бұл тақырып әзірге бас қатыруға жарамай тұр.

Стрит-арт пен граффити тақырыбы төңірегінде сайтымыздың «вконтакте» желісіндегі жеке парақшасында арнайы сауалнама ұйымдастырып та көрдік. Қатысушылардың көпшілігі граффити мен стрит-артты өнер ретінде бағалайтындығын айтып, дауыс берді. Ал фоторепортаж бөлімінде бүгін Алматы қаласындағы ең үздік көше туындыларын назарларыңызға ұсынатын боламыз.

Ал сіз стрит-арт пен граффити туралы не дейсіз? Көше туындысына мән беріп, астарына үңіліп көрдіңіз бе? Өз ойыңызды ортаға сала отырыңыз.  

Ө. Сансызбай