Комикс түрінде жазылған ең алғашқы докторлық диссертация

Комикс түрінде жазылған ең алғашқы докторлық диссертация
Фото: spinweaveandcut.com

2015 жылдың сәуірінде Гарвард университетінің Баспасы "Unflattening" атты комикс жариялады. Бір қызығы, бұл жай ғана комикс емес, докторлық диссертация екен. 2014 жылы комикстің авторы Ник Сюзанис бұл туындысы үшін пәнаралық зерттеулер саласындағы ғылыми дәрежеге ие болды. 

Қазіргі уақытта Колумбия университетінің оқытушылар колледжінің (Teachers College) докторанты Сюзанистің графикалық новелласы сөздік және визуал нарративтердің байланысына арналған. 

Автор өз жұмысында батыс мәдениетінде орныққан вербал (ауызша) дәстүрге қарамастан, визуал образдар мен мәтінді тең дәрежелі "әріптес" ретінде қабылдау керектігін дәлелдейді және соған дәйек ретінде жұмысын коммуникацияның екі формасында жасап шыққан. Сол арқылы Сюзанис бұл форматты дәстүрлі тәсілдерге балама ретінде қолдануға болатынын көрсетті. 

Диссертация жарияланғанда көбі оны Скотт Макклаудтың "Understanding Comics" эссесімен байланыстырған. Алайда екеуінің айырмасы баршылық: Макклаудтың графикалық новелласы комикс жанрының тарихына арналған, ал Сюзанис бұл форматпен эпистемология, семиотика, түйсіну теориясы және визуал зерттеулерді қамтыды.

Massaget.kz