Назарбаев Университетінің студенттері жаңа мобильді қосымша әзірлеуде

Назарбаев Университетінің студенттері жаңа мобильді қосымша әзірлеуде
Фото: static.polityka.pl

Болашақта кез келген ғимаратқа интерактивті саяхат жасауға болады. Назарбаев Университетінің студенттері тың жобаны қолға алды.

Ердәулет Әбсаттар мен Олжас Төлеутаев қала инфрақұрылымы туралы толық ақпарат беретін мобильді қосымша әзірлеп жатыр. Яғни гаджетті кез келген кеңсеге қаратсаңыз болғаны, оның аумағынан бастап, қанша қабаттан тұрады, қай жерде не орналасқанын көре аласыз.

Әсіресе бұл құрылғы жолда адасқан адамдарға үлкен көмек. Өйткені ол интерактивті картаның қызметін атқарады. Қосымша сіз тұрған көшеде қандай кітапхана, дәмхана мен дәріхана барын анықтап береді. Өнертапқыштардың айтуынша, бұл жоба келер жылы жарыққа шықпақ.

Ердәулет Әбсаттар, Назарбаев Университетінің 4-курс студенті: 
– Осы қосымша арқылы кез келген адам өзі қалаған кеңсеге саяхат жасайды. Тіпті сіз келе жатқан көшеде қандай мекеме немесе қызмет көрсету орындары бар? Оған жету үшін қанша шақырым жүру керегін де біліп отырасыз. Әзірге Назарбаев Университеті негізінде жасап жатырмыз. Қай блокта қандай кабинет бар, зертханалар қай жерде орналасқанын көрсетіп тұрады. 

Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы